Ташкент қаласында өткен волейболдан қыздар арасындағы халықаралық турнирде Байгелді Кейкиев атындағы орта мектебінің командасы жүлделі ІІ орынға ие болып, үлкен абыроймен елге оралды. Бұл – қажырлы еңбек пен жүйелі дайындықтың жемісі.
Жарыс барысында қыздарымыз ұйымшылдық пен шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Әр ойында намысты қолдан бермей, табандылық танытып, қарсыластарымен тең дәрежеде бақ сынады. Команданы жарысқа дайындаған жаттықтырушы Руслан Байгелді шәкірттеріне кәсіби бағыт-бағдар беріп, жеңіске жетелеуде зор еңбек сіңірді.
Жеңімпаздарды туған жерге оралғанда мектеп ұжымы ерекше қуанышпен қарсы алды. Мектеп басшысы Гүлшат Телеуова Тешебайқызы бастаған ұстаздар қауымы мен оқушылар спортшы қыздарды гүл шоқтарымен және арнайы сыйлықтармен күтіп алып, құрмет көрсетті. Бұл – жас спортшыларға деген қолдау мен сенімнің айқын белгісі.
Осындай жетістікке жеткен аруларымызды, жаттықтырушы Руслан Байгелдіні және мектеп ұжымын шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, жеңістеріңіз еселене берсін!
Айгерім АТАНТАЕВА,
Байгелді Кейкиев атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі