Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасында болып, нысанды сейсмикалық күшейту мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Ол жұмыстарды «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны 2,1 миллиард теңгені құрайды.
Учаске басшысы Мұрат Есенбаевтың айтуынша, қазіргі таңда су қоймасының тоспасы салынуда. Құрылыс жұмысына 26 техника мен 38 құрылысшы жұмылдырылған. Нысанның құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында басталған. Жалпы су қоймасындағы сейсмикалық күшейту жұмыстары алдағы жылдың қыркүйек айында толығымен аяқталады деп жоспарланған десек, тоспаны осы жылдың соңына дейін тапсыру көзделуде.
Облыс әкімі су қоймасының маңыздылығын еске салып, суды ертерек жинау керектігін айтты
– Басты мақсат – егістік жерлердің ауқымын ұлғайту. Тасөткел су қоймасына 620 миллион текшеметр су жиналады. Үш ауданның егістік алқаптары осы қойма суымен ылғалдандырылады. Алдағы жылдың суару кезеңіне дейін су қоймасына тиісті көлемдегі суды жинап алуымыз керек. Сол үшін құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, суды ерте бастан жинауға күш салуға тиіспіз, – деді Нұржан Нұржігітов.
Қазіргі таңда тоспаның табанынан бастап, су ағар науаға дейінгі биіктікті бетондау жұмыстары жүргізілген. Ендігі жерде құрлысшылар су тоспасының ең жоғарғы бөлігі, қауіпсіздік тоспасының құрылыс жұмысына кірісіп кеткен. Ол қауіпсіздік тоспа су қоймасына сел, басқа да табиғи жағдайда бір миллиард текшеметрге дейін су қабылдап, оның нысанға төндірер қауіпін азайтып, бес су науасы арқылы төменге ағып кетуіне мүмкіндік бермек. Жалпы мұнда барлық қауіпсіздік шаралары назарға алынған.
Мұрат Есенбаев ағымдағы жылдың 25 желтоқсанында бетондау жұмыстарын аяқтайтынын, сол күннен бастап су жинай беруге болатындығын айтты.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мердігер өкілдеріне құрылыс жұмысын сапалы, үздіксіз жүргізіп, жоспарға сай тапсыруды жүктеді.