Таяуда қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің, облыстық тоғызқұмалақ қауымдастығының ұйымдастыруымен №3 мектеп-лицейінде 2011 жылы туған жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан әлем және Азия чемпиондарын тәрбиелеген, облысымыздың спорт ардагері Есенгелді Қазбековтің жүлдесіне арналған турнир өтті.
Шара шымылдығын Есенгелді Қазбековтің өзі құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша ересектер арасындағы 1-орын Нұрбол Әлдибайға бұйырса, 2-орынды Азиз Азыралы еншіледі. Ал 3-орынды Айдана Молдабек пен Әсел Сейтбекова өзара бөлісті. Сондай-ақ 2011 жылдан төмен туған жасөспірімдер жарысында ұлдар арасында №50 орта мектептің намысын қорғаған Ерсайыр Тұраров оқ бойы оза шапса, №3 мектеп-лицейінің оқушысы Баймырза Әлмахан 2-орынға табан тіреді. Ал №50 орта мектеп пен «Келешек Тараз» білім ордасынан келген Мансұр Серікбайұлы мен Даниял Мұхамеджан 3-орынға лайық деп танылды.
Қыздар арасында 1 және 2-орын №3 мектеп-лицейінен келген Ақманар Темірбай мен Ақдидар Әлібекке бұйырса, №50 орта мектептің 2 оқушысы Айша Қонысбай, Мерей Орынбек 3-орынға қол жеткізді.
Жарыстың барлық қатысушыларына бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жұматай Көксубайұлы