Тарихын білмеу – тамырсыздық

Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Ақыртас» сарай кешенінің аумағында Жамбыл облысының туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Тараз – өткен мен болашақтың түйіскен қаласы» атты жастар туристік форумы өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тарихи мекендерді дәріптеп, жастардың бойында жаңа көзқарас қалыптастыру мақсатында өткен форумға бас-аяғы 800 студент қатысты. Ал 400 студент таң қылаң бере Тараз қаласынан 40 шақырым жердегі Ақыртас қалашығымен танысып қайтты. Саяхат барысында алғашқы болып сөз алған облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова жастарға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

– Бұл шара Жастар жылының аясында өтіп отыр. Туризмді дамытудың жаңа бағдарламасын іске асыруда тәжірибе алмасу өте құнды. Біздің облыстың туристік әлеуетін басқа өңірден келген жастарға таныстыру – ең басты мәселе. Мұнда алдымен заманауи көзқарас қажет деп ойлаймын. Қиындыққа тап болған жағдайда жалғыздан-жалғыз қалай күресу керек? Тілсіз жаудан қалай қорғану қажет? Оқыстан төтенше жағдай орын алса не істеуге болатынын үйрететін заманауи квесттер мен шеберлік сыныптарын өткіземіз. Сондай-ақ туризм тақырыбы бойынша ең үздік поэмаға және ежелгі қаланың маңындағы ең үздік селфилерге конкурс жарияланады. Бұл шараға біздің облыстың барлық аудандары, сондай-ақ Тараз қаласының барлық жоғары оқу орындарынан қатысады. Бүгінгі таңда жастар экологиялық туризмге оң көзбен қарайды.

Бұл – көңіл қуантарлық жайт. Себебі мұндай шаралар – Отанын құрметтеп, табиғатты аялаудың бастамасы, – деді Қарлығаш Әмірқызы.

Экскурсияда Алматы, Шығыс Қазақстан, Шымкент шаһары мен Түркістан облысынан келген жастарға тасын түртсең, тарихы сөйлейтін көне шаһардың маңындағы өрісті өлкелер жайлы кеңінен сыр шертіліп, шеберлік сыныптары, концерттік және ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылды. Тараз қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан Ақыртастың зерттелу тарихы 130 жылдан астам уақыт жалғасып келе жатса да, күні бүгінге дейін ғалымдардың ішінде Ақыртастың салынуы жайлы тарихи ортақ пікір, дерек жоқтың қасы екен. Ақыртас негізі аңызға айналған қала болып есептеледі. Археологиялық қазбалар қазіргі уақытқа дейін де жалғасып келе жатыр. Тарихи кешен қашанда мұнда келушілердің құштарлығын оятып, өзінің жұмбақ сырымен тереңдей түсуге қызықтырып тұрады.

Ақыртастың әр тасына үңіле сыр іздеп, аңызына құлақ түрген жастар, әсіресе, жаудан қорғану үшін салынған қамалды қорғаныс төбенің ең биік тұсындағы қарауыл мұнарасына қызықты. Мұнда жасөспірімдерге биікке өрмелеу сабақтары жүргізіліп, өздерінің қол қуаты мен шама-шарқын байқауға тырысқандар күшін тексеруге ұмтылып жатты. Осынау аумағы аңызға толы тарихи кешенді кеңінен таныту мақсатында шытырманға толы қызықты ойын ұйымдастырылып, жұмбақтар жасырылып, сурет пен өлең шумақтары арқылы қазынаны қайдан іздеп табуға болатыны жайлы бағыт-бағдар беріліп отырды.

– Туризм факультетінің 3-курс студентімін. Біз мұнда өз колледжіміздің атынан қатысып отырмыз. Жамбыл облысының жұмбаққа толы табиғаты бізге қатты ұнады. Біз үшін бұл объектіні аралап, тарихына қанығу өте қызықты болды. Табиғат аясында жұмбақ өлкеге жасаған саяхатымыз өте сәтті өтті. Туған жерді сүйіп, туған өлкені кеңінен тану мақсатында мұндай экскурсиялардың бізге берері мол, – деді Текелі қаласынан келген Милана Зыбинская.
Саяхат барысында жастар «Күнделікті дағды, туризмнің тактикасы мен техникасы, өмір сүру сабақтары» атты шеберлік сабақтарын алып, сонымен қатар «Қазақ ауылы» деп танытқан киіз үйде флешмоб биледі. Ал күн ұясына батып, қас қарайған шақта оттан алау жағып, «Тараз – жас туристің көзқарасымен» атты байқау өтті. Мұнда жастар өз шығармашылығынан өлең оқып, ән де салды. Соңыра ерекше көзге түсіп, белсенділік танытқан жастарға сый-құрмет көрсетіліп, Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.

Ашық аспан аясындағы «Ежелгі Тараз» ескерткіші аумағында ұйымдастырушылар ең үздік селфиге сайыс жариялады. Бұл жарыстың нәтижесі бойынша селфи жасаушылар өз еңбегін «Instagram» парақшасы арқылы бөлісіп, селфиіне ең көп лүпіл жинаған адам жеңімпаз деп саналатын болды. Сайыстың мақсатына қаныққан қатысушылар «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығы, «Қарахан», «Айша бибі», «Бабаджа хатун» сынды кесенелермен танысып, «Төрткүл» керуен-сарайында 50 тал-дарақ отырғызды. Тараз топырағының тарихи нысандарын аралап, тереңінен сырына қаныққан жастар «Тектұрмас» кесенесіне аялдап, саяхаттың ең соңғы нүктесін осында қойып, байқау жеңімпаздарын марапаттады.

Comments (0)
Add Comment