Тарихи Таразбен бауырлас қалалар

Тәуелсіздік жылдары еліміздің қалалары алыс-жақын мемлекеттердің бірқатар шаһарымен өзара ынтымақтастық орнатып, бауырлас қалалар мәртебесіне қол жеткізді. Бұл өз кезегінде рухани һәм мәдени байланысты берік етіп, экономикалық тұрғыдан да жаңа жетістіктерге жол ашты. Осы тұста Қала күніне орай көне Тараз шаһары бауырластығын бекіткен қалаларға тоқталып өтуді жөн көрдік.

Жалпы, бауырлас қалалар дегеніміз – географиялық және саяси басқару жағынан бір-біріне тіке қатысы жоқ болса да, тұрғындар мен мәдениетінде, тарихында, дамуында көптеген ұқсастықтары бар қалалар арасындағы өзара әріптестік байланыс. Қалалардың бауырласу дәстүрін 1942 жылы ағылшындар бастаған. Екінші дүниежүзілік соғыста қатты зардап шеккен Сталинград халқына жанашырлық білдірмек болған Ковентри қаласының тұрғындары телеграмма жолдап, одақтастардың қайсарлығы мен ерлігін құрметтеп, достық қолын созды. Сөйтіп, қалалар ынтымақ пен тұрғындарының игілігі үшін достық байланыс орнатты.
Бауырлас қалалар туралы келісімдер экономикалық пайда көздеуді мақсат етпейді. Негізгі әріптестік көбіне білім, мәдениет, әлеуметтік және спорт салаларында дамиды. Оған елордамыз Астана қаласы Түркия Республикасының Анкара, Ыстамбұл, Измир, Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Қытай Халық Республикасының Бейжің шаһарларымен бауырлас атануы дәлел. Сонымен қатар бұл қатарда Оңтүстік Кореяның Сеул, Өзбекстан Республикасының Ташкент, Қырғызстан Республикасының Бішкек, Иордания корольдігінің Амман, Америка Құрама Штаттарының Питтсбург және өзге де мемлекеттердің қалалары бар.
2000 жылдық тарихы бар Тараз шаһарының тамыры тым тереңде. Көне шаһар осы күнге дейін әлемнің бірқатар қалаларымен бауырластық орнатып, халықаралық достықты нығайтуға үлес қосып келеді. Әулиеата жеріне АҚШ-тың Фресно, Манси және Сиэтл, Италияның Тревизо, Моңғолияның Ховда, Венгрияның Кечкемет, Қытайдың Сиань, Ресейдің Краснояр мен Челябі, Өзбекстанның Самарқан және Қырғызстан мемлекетінің Талас және Ош қалалары бауырлас. Осы орайда біз көне шаһармен байланысын бекіткен қалалардың тарихына да үңілдік.
Тараздың алғашқы бауырласы – АҚШ-тағы Фресно қаласы болды. 1991 жылы «Бауырлас қалалар» атты үкіметаралық бағдарлама аясында Таразға бұл қаладан делегация келді. Құрамында халықаралық «Киванис» клубының мүшелері бар еді. Олардың тәжірибесі тараздықтардың қызығушылығын тудырып, сол жылдың қыркүйегінде Қазақстанда алғашқы «Киванис» клубы ресми тіркелді. Мұндай ұйымдар іскерлік пен достық байланыстар арқылы серіктестіктің дамуына серпін берді. Шетелдік қалалармен бауырластық орнату тәжірибе, мамандар және студенттермен өзара алмасуға жол ашты. Ең белсенді ынтымақтастық ауыл шаруашылығы, білім, экономика және экология салаларында жүзеге асып келеді.
Сол секілді Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясындағы Сиань қаласы Таразбен туыстас қала болып есептеледі. Сяньян – ауыл шаруашылығы дамыған ауданының маңызды сауда орталығы. Тұрғындар саны 5 млн адамнан асады. Оның көлік торабы, әуежайы, дамыған машина жасау, сондай-ақ тоқыма, тігін, фармацевтикалық, тамақ өнеркәсібі бар. Мұнда электроника және құрылыс материалдары шығарылып, дәстүрлі қолөнер гүлденіп отыр.
2015 жылы сол кездегі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған бір топ делегация Сиань қаласында болған еді. Мұнда он сегізінші сауда-инвестициялық көрме мен «Жібек жолы» жәрмеңкесі өтті. Сол сапарда Жамбыл облысы әкімдігі мен Шэньси провинциясының халықтық үкіметі арасында ауыл шаруашылығы, медициналық, туристік және басқа салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту келісілді.
Осы жылы Ұлы Жібек жолындағы байырғы дәстүрді жаңғыртып, Сиянь қаласынан шыққан керуен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Тараз шаһарына табан тіреді. «Қытай-Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шәй мәдениеті» атты керуен тарихи-танымдық бауырластықты дамыту мақсатында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің идеясымен, Сиянь қаласы әкімшілігінің, Қазақстандағы дүнген қауымдастығының және «Jing Sheng Yu» шай компаниясының бастамасымен ұйымдастырылған. Ал керуен 2014 жылдың 19 қыркүйегінде жолға шыққан. 63 адам, 22 түйе, 4 ат арба және он бестей жеңіл жүк көліктерінен құралған керуен қиын да күрделі жолдардан өтіп, жалпы ұзындығы алты мың шақырымнан асатын ұзақ жолды артқа тастаған.
Ал Италияның Тревизо шаһары Венето әкімшілік аймағына қарасты Тревизо аймағында орналасқан. Тревизо шаһары дегенде ел есіне алдымен әйгілі «Бенеттон Групп» компаниясы түседі. Компанияның негізін қалаған Бенеттондар отбасы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында кедей отбасыларының бірі болған. Отбасы мүшесі Лучиано 14 жасында мектептегі оқуын тастап, алдымен Тревизо шаһарының теміржол бекетінде газет сатады. Лучиано кейіннен әртүрлі шаруалармен айналысып жүріп, киім тігетін орын ашады. Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында Бенеттондар отбасы үлкен нәтижеге қол жеткізді. Бүгінгі таңда «Бенеттон Групп» компаниясының бөлімшесі өзге мемлекеттермен қатар, Қазақстан жерінде де тірлігін дөңгелетуде.
Тағы бір бауырлас қала – Кечкемет. Бұл шаһар Венгрияның орталығындағы Оңтүстік Альфельд ауданында орналасқан. Тарихтан белгілі, қала орнындағы көне қонысты ХІІІ ғасырда моңғолдар қиратады. Алайда қала сауда жолында орналасқандықтан, жылдам қарқын алып дамиды. Ал 1348 жылы І Ұлы Людовик Кечкеметке қала дәрежесін берген соң, XVІ-XVІІ ғасырларда бүкіл Орталық Венгрия секілді Кечкемет те Осман империясының қол астына өтеді. XVІІІ ғасырда қала маңында мал шаруашылығы жақсы дамыса, ХІХ ғасырда қала тұрғындары оның орнына жүзім бағын баптаумен айналысады. Сөйтіп Кечкемет қаласы сауда орталығына айналды.
Ал қазақ тарихында Ресей Федерациясындағы Троицк қаласының орны бөлек. Бұл қала Челябі облысына қарайды. Географиялық жағдай бойынша бұл шаһар Үй өзені мен Увелька өзенінің тоғысқан жерінде орналасқан. Мұнда мал дәрігерлік интернаты, машина жасау, станок шығару, газ тазарту қондырғыларын жасау заттары, тері өңдеу, аяқ киім фабрикалары мен сүт комбинаторлары бар. Негізі Троицкінің алғашқы іргетасы 1743 жылы бекініс ретінде қаланған. Ал 1750 жылы мұнда Орталық Азия және Шығыс Түркістанмен сауда жүргізу мақсатында жәрмеңке ашылған. Ол жерге Орта және Кіші жүз қазақтары жылқы айдап әкеліп, Қамбар ата түлегін өзге тауарларға айырбастап отырған деген де деректер бар. Ташкент пен Бұхарадан келген көпестер де осында жиі келетін болған. Ал ХІХ ғасырдан бастап Троицк қаласы қазақ ұлтының мәдени өмірінде елеулі рөл атқара бастады. Мұнда татар зиялыларының қолдауымен «Расулия», «Уазифа» атты медреселер ашылды, бұл жерде қазақ балалары білім алды. Ал ХХ ғасырдың басында аталмыш медреселер жәдиттік оқу тәсіліне көшкен. 1907 жылы «Қазақ» газетінің, 1911-1915 жылы «Айқап» журналының жарық көруі – ұлтымыздың ұлы тарихындағы айрықша оқиға. Ұлт ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Троицкіде білім алуы да мәдени құбылыс.
Сондай-ақ Тараз қаласымен бауырлас қалалардың бірі – Самарқан. Әйгілі шаһар Өзбекстан Республикасындағы ежелгі қала, өзі аттас облыс орталығы. Зеравшан өзенінің аңғарында орналасқан. Біздің заманымыздан бұрынғы ІV ғасырда Марканд деген атпен белгілі болған. Ал біздің заманымыздан бұрынғы 330 жылдары әйгілі Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) жаулап алып, өз мемлекетінің құрамына кіргізген. Ал көне замандарда Кушан патшалығының ірі сауда орталығы болған. ІV ғасырдан VІ ғасырға дейін Түрік қағанатының құрамына енген Соғды мемлекетінің астанасы болды. Самарқанды VІІІ ғасырдың басында арабтар, ІХ ғасырда Самани әулеті, ХІ ғасырда Қарахан әулеті, одан кейін түрік салжұқтары, ал ХІІ ғасырдың орта шенінде қидандар басып алған. Самарқанның тарихы аса бай. Кезінде Самарқан Әмір Темір мемлекетінің астанасы да болған. Шайбани мемлекетінің, Бұхар хандығының құрамында болған сәттері де тарих. Самарқанда Жалаңтөс Баһадүр салдырған «Ширдор» медресесі өзінің тарихилығымен, көркемдігімен ерекшеленеді.
2017 жылы көрші жатқан Қырғыз Республикасының Ош қаласы Тараз қаласының рет саны бойынша оныншы бауырлас қаласы атанды. Бүгінде Тараз көршілес жатқан шаһармен әлеуметтік-экономикалық даму даңғылын айқындап алған. Ол қалалардың тарихында өзінің қолтаңбасын айшықтап үлгерді.
Ал 2023 жылғы 4 қарашада Грекияда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков және Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиос Георгиопулус екі шаһар арасында бауырластық қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойды. Олимпия – Ежелгі заманда Олимпиада ойындарының ережелері жазылған Ифита дискі сақталатын, ал қазіргі уақытта әр 2 жыл сайын Олимпиада алауын тұтату салтанаты өтетін Гера ғибадатханасы орналасқан мекен.
Грек халқы үшін қасиетті жерде өткен шараға Қазақстанның Грекиядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Қазақстан-Грекия Іскерлік кеңесінің Тең төрағалары – Жақсыбек Құлекеев және Томас Ламнидис, Халықаралық Олимпиада академиясының президенті Исидорос Кувелос және Қазақстанның Криттегі Құрметті консулы Спиридон Занниас қатысты.
Басқосуда Бақытжан Әмірбекұлы жаңа серіктес қаламен ынтымақтастық орнату екі шаһардың өзара дамуы үшін қолайлы екенін, мәдениет, спорт, туризм, ғылым және білім беру саласында тәжірибе алмасуды жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтсе, Георгиос Георгиопулус өз кезегінде 2000 жылдан астам тарихы бар Ежелгі Олимпия Шығыс пен Батыстың халықтары мен мәдениеттерінің түйісетін жері екенін айтып, көне Таразбен достық, бауырластық қатынас орнатқанына қуанышты екенін жеткізді.
* * *
Келер жылы алғашқы санының жарық көргеніне 30 жыл толғалы отырған «Jambyl-Taraz» газетінде тарихы терең шаһарымыздың өзге елдермен, ондағы қалалармен байланысы туралы талай жазылды. Архивтерде сақталған сарғайған газеттер өткен ғасырдың аяғы мен жаңа ғасырдың басында Тараздың шетелдермен хат алмасып, бауырластық туралы меморандумға қол қойып, тіпті тараптар бір-бірінің делегаттарын қонақ етіп күткенін айғақтайды.
Мәселен, Тараз өзінің 2000 жылдық мерейтойын ұлан-асыр тойлап жатқанда Өзбекстанның Ферғана облысы, Марғилан қаласы да 2000 жылдығын тойлапты. Сол уақытта екі қаланың әкімдері өзара хат алмасып, жылы лебіздерін білдірген. Соның ішінде Марғилан қаласының әкімі Н.Рахматуллаев сол кездегі әкім Ілияс Тортаевқа алдағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екенін және екі мың жылдық тарихы қатар келген қаламен мәдени-рухани байланыс орнататындығын жеткізіпті.
Ал 2007 жылдың сәуірінде шаһар басшысы І.Тортаев Моңғолия мемлекеті, Ховда аймағының губернаторы Г.Нямдаваамен, осы жылдың қаңтар айында Қытай Халық Республикасы, Хубэй провинциясының Сянфан қаласының мэрі Ли Дэбинмен, 2008 жылы Германияның Нойербург қаласының басшылығы Хермез Виллимен хат алмасып, бауырластықты нығайту мақсатында меморандумдарға қол қойып, делегаттармен байланысып отырған.
Міне, осылайша 2000 жылдан аса тарихы бар Тараз қаласы он үш шаһармен бауырлас атанып отыр. Бұл, сөз жоқ, еліміздің мәдениеті мен рухани жаңғыруына жаңа леп әкеліп жатқаны анық.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment