Тарихи әділдік қалпына келуі керек

    Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде құрылған Жамбыл өңіріндегі жұмысшы тобының зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанына 2 жылдай уақыт болды. Осы кезеңде тарихшылар көптеген тың деректерді тауып, бірқатар архивтік мәліметтерге қанығып, өзіндік тұжырымға да келді. Енді осыған ғылыми негіз жасалуы керек. Осы мақсатта Дулати университеті «Түркістан өлкесінде жүргізілген саяси қуғын-сүргін: Тарих және тың көзқарас» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Негізі мұндай маңызды міндеттің Дулати университетінің тарихшыларына жүктелуі бекер емес. Біріншіден, жұмысшы топтардың ісін үйлестіру – облыстағы жетекші университтерге міндеттелген. Екіншіден, бұл білім ордасының тарихшы мамандарды даярлаудағы тарихы да, тәжірибесі де қалыптасқан.
Қалай айтсақ та, төл тарихымыздағы ақтаңдақтарды аршып алу үшін ғалымдарға тың серпін қажет. Бұрынғы дерек пен дәйекті алға тартып, «былай болғанды» қайталап жатуды уақыт көтермейді. Міне сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 жыл бұрын қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. Дулати университетінде өткен ғылыми конференция осы ауқымды міндеттердің іс жүзіндегі нақты көрінісі болды.
Халықаралық мәртебеге ие бұл жиынға Қырғыз елінің, Тәжікстан, Өзбекстанның саяси қуғын-сүргін кезеңіне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген ғалымдар мен еліміздің өзге де аймақтарынан жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысты.
Негізгі үш бағытта – «Кеңес билігі тұсындағы Түркістан өлкесінде (Қазақ, Өзбек, Қырғыз, Түрікмен, Тәжік Республикаларында) жүзеге асырылған жаппай саяси репрессиялар», «Қазақстан және оның оңтүстік өңірінде жүргізілген саяси қуғын-сүргін, ашаршылық қасіреті және халықтарды депортациялау», «Кеңестік билік және Алаш қозғалысы: идеологиялық текетірес және жазалаулар» тақырыптары бойынша тың тұжырым жасауды көздеген конференция көздеген үдеден шықты деп айтуға толық негіз бар. Себебі бұрынғы Түркістан өлкесіне қарасты елдердің ғалымдары өз тұжырымдарымен бөлісті. Ал бұл саяси қуғын-сүргін шараларын жаңаша көзқараста зерделеу үшін аса қажет қадам.
Конференцияда кеңес дәуірінде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Украинада жүргізілген саяси қуғын-сүргін, ауыл-шаруа- шылығын ұжымдастыру мәселелері мен оның зардаптары, ашаршылық пен халықтарды депортациялау салдары туралы зерттеу жұмыстары талқыланды. Сол кезеңдегі Алаш қайраткерлерінің қызметіне қатысты біршама баяндамалар тыңдалды.
Конференцияға онлайн режимде қатысқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Хангелді Әбжанов «Қазақстандағы қуғын-сүргін және кеңестік тарихты зерттеу ұстанымдары» тақырыбында баяндама жасады.
Ал тарих ғылымдарының докторы, пофессор Кахроман Раджабов кеңестік өкіметтің Өзбекстандағы жүргізген репрессия саясатына тоқталды. Тарих ғылымдарының кандидаты, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің доценті Жұмагұл Байдилдеев «Кыргыстандагы 1937-1938 жылдардагы саясий куугунтуктоолор жана анын кесепеттери» тақырыбына кеңірек тоқталды.
Жалпы ғалымдар басқосуында тың деректер мен жаңа көзқарастарды алға тартқан бас-аяғы 8 баяндама жасалды. Соның ішінде көршілес үш елдің тарихшылары қозғаған тақырыпты атап көрсетуіміздің өзіндік мәні бар. Себебі, осы конференцияның тақырыбының өзі тұтас Түркістан өлкесін қамтиды. Ал кезінде сол өлкеге қарасты мемлекеттердің тарихшылары тізе қосып, бұл тақырыпты бірлесе зерттемесе, біржақты тың тұжырым жасау мүмкін емес.
Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының директоры Сейдахан Бақторазов конференцияны ұйымдастыру кезінде осы мәселелерге баса мән берілгенін айтты.
– Бүгінгі конференция – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр- масына сай қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін құрылған Мемлекеттік комиссияның Жамбыл өңіріндегі жұмысшы тобының жүргізген жұмыстарының жалғасы. Облыстағы жұмысшы топтың төрағасы – Дулати университетінің басқарма мүшесі, зерттеулер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Данияр Нұрмұханбет, өзім орынбасарымын. Жұмысшы топтың жүргізген жұмысына тұжырым жасау үшін ғылыми конференция өткіздік. Атауын «Түркістан өлкесінде жүргізілген саяси қуғын-сүргін: Тарих және тың көзқарас» атауымыздың өзінде тарихи мән бар. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Жамбыл жері Түркістан генерал-губернаторлығының құрамындағы Сырдария облысының Әулиеата уъезі болып аталды. Ал кейін Түркістан АКСР-нің құрамына енді. Ал енді Жамбыл өңірінің тарихын толық ашуымыз үшін біз сол кездегі Түркістан өлкесінің тарихын толық қамтуымыз керек, – дейді Сейдахан Бақторазов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы.

 

Лаура Абайқызы

Comments (0)
Add Comment