«Тарих пен тағдыр тұлғасы» атты тағылымды кеш

Қазақ әдебиетінің заңғар биігі, тарихи роман жанрын жаңа белеске көтерген көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тарих пен тағдыр тұлғасы» атты әдеби кеш – руханиятқа тағзым, тұлға мұрасына құрмет болған мазмұнды шаралардың бірі болды. Кештің басты мақсаты – жазушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыру, ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғырту еді

Тағылымды басқосу Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 мектептің оқушыларына және әдебиетсүйер қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Кеш барысында Қабдеш Жұмаділовтің дәстүрлі емес кітап көрмесі ұйымдастырылып, жазушының нақыл сөздері ұсынылып, мазмұнды бейнеролик көрсетілді. Бұл көріністер қаламгер болмысының тереңдігін, оның шығармашылық әлемінің кеңдігін айқын танытты. Ұйымдастырушылар сөзінде Қабдеш Жұмаділовтің ұлт тағдыры мен ел тарихын көркем тілмен кестелеген суреткер екені ерекше атап өтті. Ол – тағдырлы кезеңдерді, көшпелі жұрттың мұңын, ел мен жерге деген сағынышты көркем шындықпен өрнектеген жазушы. Қаламгердің шығармалары арқылы қазақ халқының қилы кезеңдердегі өмірі, еркіндікке ұмтылған рухы, елдік мұраты терең бейнеленгені айтылды. Жазушының тіл байлығы, ой салмағы, кейіпкерлерінің өміршеңдігі – оның шығармаларын мәңгілік құндылыққа айналдырды. Кеш барысында жазушының «Дарабоз» тарихи романына кеңінен тоқталып, бұл туындылардың ұлт тарихын көркем түрде тірілткен құнды мұра екені сөз болды. Әсіресе «Дарабоз» романы арқылы Қабанбай батыр тұлғасының сомдалуы, батырлық рухтың асқақ бейнесі жас ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді. Қатысушылар көркем сөз оқу арқылы шығармалардың рухын сезініп, әдеби талдау жасады.

Әдеби кештің маңызды бөлімдерінің бірі – сұрақ-жауап кезеңі болды. Оқушылар жазушы шығармашылығы жайлы ой бөлісіп, тарихи туындылардың тәрбиелік мәнін атап өтті. Сонымен қатар «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты библиографиялық шолу ұсынылып, қаламгер еңбектерінің рухани құндылығы насихатталды

Қабдеш Жұмаділовтің әдеби мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы екені, оның шығармалары ел жадында мәңгі сақталатыны ерекше тебіреніспен жеткізілді. Расында, қаламгер қалдырған әрбір жол – халық тағдырының айнасы, тарих пен тағдырды тоғыстырған көркем шежіре. Бұл кеш – өткенге тағзым етіп қана қоймай, келешек ұрпақтың рухани әлемін байытқан, әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттырған тағылымды шара ретінде есте қалды. Қабдеш Жұмаділов мұрасы – ұлтпен бірге жасайтын мәңгілік мұра екені тағы бір мәрте дәлелденді.

 

Comments (0)
Add Comment