«Таразстрой-2004» ЖШС-нің тараздықтарға тартуы

Көне шаһар – Тараздың көркіне сән қосу мақсатында бүгінде түрлі нысандар бой көтеріп келеді. Олардың барлығы шаһардың шырайын ашып қана қоймай, тұрғындар мен туристерге де ерекше әсер сыйлауда.

Облыс орталығын көркейту бағытындағы жұмыстар бір сәтке де тоқтаған емес. Әсіресе бұған жергілікті кәсіпкерлер де сүбелі үлес қосуда. Жуырда Тараздағы Орталық алаң маңына, нақтырақ айтсақ, Абай мен Төле би көшелерінің қиылысына қойылған көрнекі сағат – жоғарыдағы сөзіміздің бір айғағы. Бұл – «Таразстрой-2004» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен тараздықтарға жасаған тартуы.
Қазір әлеуметтік желілерде осыған байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Осы ретте көрнекі сағат қойылған орын кездейсоқ таңдалмағанын да айта кетуіміз қажет. Айталық, Кеңес Одағы тұсында дәл сол аумақтағы (Абай мен Төле би көшелерінің бойында) «Главпочта» мекемесінің алдында да үлкен сағат стелласы орналасқан екен. Ол кезде аталмыш мекеме қоныс тепкен жер қаланың негізгі нүктесі саналып, өзге аймақтармен арадағы қашықтық тура сол маңнан бастап есептелген. Ал жолаушылар мен хат тасушылар арақашықтық пен уақытқа ерекше басымдық бергендіктен «Главпочта» мекемесінің алдына көрнекі сағаттың қойылу сыры да өздігінен айқындалып шыға келеді. Сондықтан мұның символикалық мәні тереңде жатыр. Сондай-ақ бұл тарихтың бір тармағын жаңғырту десек те, артық емес.

Жалпы, бұл «Таразстрой – 2004» ЖШС-нің алғашқы демеушілігі емес. Олар бұған дейін тұрғындар көп жүретін Абай даңғылы, №123 үйдің маңын абаттандырып, ойын алаңшаларын салып берген еді. Бұдан бөлек, биыл «СтройМонтажGroup» ЖШС тарапынан «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы аумағындағы 30 жыл бойы тоқтап тұрған субұрқақ қалпына келтіріліп, іске қосылды.

Жаңғырту жұмыстарының аясында әуе айлағы аумағындағы 3 субұрқақ жөнделіп, орындықтар мен түнгі жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ 1 670 шаршы метр жерге асфальт төселіп, 500 шаршы метр аумақ жасыл желекпен көмкерілді.

Мұндай игі істердің барлығы қаланы өркендетіп, тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін қолға алынып отырғаны белгілі. Бұған атымтай жомарт азаматтардың белсене атсалысуы өте құптарлық әрі көңілге қуаныш ұялатады.
Ендеше, әрбір кәсіпкердің қалаға жанашырлық танытып, демеушілік көрсетуі үлкен азаматтық іс деп білеміз.

Comments (0)
Add Comment