Бүгінде жастардың әскери борышын өтеуден жалтаратыны туралы әңгіме көп. Әйтсе де бәріне бірдей күйе жағуға болмайды. Өйткені түрлі себеппен әскерге шақыруды кейінге қалдыратындар немесе мүлдем шақырылмайтындар да бар. Қазіргі таңда әскерден жалтарғандарды қандай жаза күтіп тұр? Әскерге баруды қалай кейінге шегеруге болады? Әскерге кімдер бармайды? Көктемнің алғашқы күнінен басталған әскери қызметке шақыру науқаны қалай жүріп жатыр? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Тараз қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Ербол Мұратұлымен сұхбаттасқан едік.
– Отанымыздың тірегі – Қарулы Күштер екені даусыз. Оның дамуына тек әскерилер ғана емес, Ата заңда атап көрсетілгендей, еліміздің әрбір азаматы жауапты. Мерзімді әскери қызметті өткеру тек қана қару қолдану, күрделі әскери техниканы меңгеру дағдыларын игеруге ғана мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар денені шынықтырып, азаматтардың рухани тұрғыда нығая түсуіне ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларының» №620 Қаулысын басшылыққа ала отырып, 2025 жылдың 10 қаңтары мен 28 ақпаны аралығында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Тараз қаласында еліміздің Қарулы Күштеріне және басқа да әскерлері мен әскери құрамаларына ер азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру өткен жылдардағыдай 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейін жалғасады.
Орайы келгенде айта кетейін, биыл Тараз қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасына алдын ала берілген көктемгі шақыру науқанына 400-ге жуық ер азамат әскер қатарына шақырылады деп жоспарлануда.
– Әскери қызметке шақырылғандар барлық күш құрылымдарына бір мезгілде жіберіле ме?
– Жоқ, бір мезетте жіберілмейді. Еліміздің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, барлық күш құрылымдарына кезең-кезеңімен жіберіледі. Атап айтқанда, ең әуелі Қазақстан Республикасы Шекара қызметі, кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, ең соңында, яғни маусым айларында Ұлттық Ұлан әскеріне жолданады.
– Әскер жасындағы жігіттерді әскери қызметке іріктеу кезінде қойылатын қандай да бір талаптар бар ма?
– Әрине, әскерге шақырылушыға қойылатын ең басты талаптардың бірі – моральдық, психологиялық тұрғыда тұрақты болу. Бұл ретте азаматтарды әскерге алудың өз реті бар екенін айта кеткен жөн. Әуелі зерделенген әскерге шақырылушыларға шақыру қағазы және СМС хабарлама жіберіледі. Шақырту қағазын алғаннан соң олар қорғаныс істері жөніндегі басқармаға келеді. Мұнда әскерге шақырылушымен сұхбат жүргізіліп, заңды түрде кейінге қалдырылуына негіз болмаған жағдайда медициналық куәландырудан өтеді. Жарамдылық дәрежесін тексереді, қандай да бір денсаулығына шағымы болса, медициналық орталыққа әскери-дәрігерлік сараптама өту үшін жолдама беріледі. Сараптаманың нәтижесі бойынша шақыру комиссиясы шешім шығарады. Осы шешімге байланысты командаға тағайындалып, әскери құрылымдарға жіберіледі. Дегенмен, жоғарыда көрсетілген заңға сәйкес, некеде тұрған, бір және одан да көп баласы бар азаматтарға кейінге қалдыру жағы қарастырылған.
– Мемлекет тарапынан Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтарға қандай мүмкіндіктер, жеңілдіктер, ынталандыру шаралары қарастырылған?
– Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтеп жүрген азаматтар жоғарғы әскери оқу орындарына түсуі қарастырылған. Мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін әскерге шақырушыларға білім алу жеңілдігіне қол жеткізу, қорғаныс министрлігінің комиссиясы мерзімді әскери қызмет өткеру көрсеткіштерінің негізінде тегін жоғарғы оқу орындарына түсуге, жоғарғы оқу орындарын және білім бағдарламасын таңдауға, мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде жоғарғы оқу орындарына ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей түсуге мүмкіндігі бар.
– Әскер жасындағы жігіттер әскерге баратын уақытының келгенін қалай біледі? Жұмысқа қабылданғандарға қалай хабарланады?
– Жоғарыда айтылған заңдылықтар негізінде 17 жасқа толатын азаматтар әскерге шақыру учаскелеріне тіркеледі. Азаматтар әскерге шақыру учаскесіне тіркеу кезінде әскери қызметке жарамдылық дәрежесін белгілеу үшін медициналық комиссиядан өтіп, жарамдылық немесе жарамсыздық дәрежесі анықталады. Мерзімді әскери қызметке шақыру 18-27 жас аралығында Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға шақырылады. Жұмысқа қабылдаған мекемеге әскерге шақырылушылардың тізіміне сұраныс жіберіледі. Берілген тізімдегі әскерге шақырылуға жататын азаматтардың мекенжайы және жұмыс орны бойынша шақыру қағазы немесе электронды түрде СМС хабарлама жіберіледі.
Дегенмен, шақыру қағазынан жалтарып, СМС хабарламаларды елемейтін, әскерге шақырылушы өз еркімен келмейтін жағдайлар болып жатады. Осындай жағдайда «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 30-бабында көрсетілгендей, шақыру қағазын азаматқа жеке өзі жеткізу мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі. Аталған Заңның негізінде шақыру қағазы тапсырылған әскери шақырылушыларды іздестіріп, Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына жеткізіледі.
– Әскер жасындағы бозбалаларға Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға шақыруды кейінге қалдыруға мүмкіндіктер қаралған ба?
– Мемлекет азаматтарға әскерге «қалайда баруың керек» деп міндеттеп отырған жоқ. Егер шынымен денсаулығы болмаса, білім алса, темірдей қатты әскери тәртіп те борышкердің мүмкіндіктерін ескереді. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 35, 36-баптарына сәйкес, «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру», «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» қызметтері қалалық әскерге шақыру комиссияның шешімі бойынша беріледі. Оның ішінде отбасы жағдайына байланысты, яғни күтімді қажет ететін жандарға қамқор болатын Қазақстан аумағында отбасы мүшелері немесе жақын туыстары жоқ болған жағдайда, бөгденің көмегі мен күтіміне мұқтаж отбасы мүшелеріне, әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған кезде қарастырылады. Сонымен қатар егер оның асырауында зейнеткер немесе І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар әкесі, анасы, жұбайы, сондай-ақ атасы мен әжесі болған жағдайда, ата-анасы болмаған кезде І немесе ІІ топтағы мүгедек немесе 18 жасқа толмаған аға-інілері, апа-сіңлілері (қарындастары) болса, әскерге шақырылушыдан басқа І немесе ІІ топтағы мүгедек жан немесе 18 жасқа толмаған бір және одан да көп баласы бар және оларды жұбайынсыз тәрбиелеп отырған жағдайда, асырауында жасы бойынша еңбекке қабілетсіз немесе І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар бір және одан да көп туыстары (әкесі, анасы, аға-інісі, апа-сіңлісі) бар және оларды жұбайсыз асырап отырған жағдайда, асырауында І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адам және әскерге шақырылушыдан басқа 18 жасқа дейінгі бір және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған жағдайда, мүгедектігі бар және әскерге шақырылушы жалғыз ер бала болатын отбасы мүшелерінің бірі, сонымен қатар олардың асырауында болған азаматтарға кейінге қалдыру ұсынылады.
Сонымен бірге анасы жоқ бала (балалар), ата-анасы қайтыс болса, ата-ана құқығынан немесе соттың бас бостандығынан айыруға байланысты олар кемінде екі жыл тәрбиелеуде және бағып-күтуде болған адамдарға жоғарыдағы мүмкіндік қарастырылған.
Сондай-ақ білім алуды жалғастыру үшін Отан алдындағы борышын өтеуді кейінге қалдыруға болады. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында жалпы орта білім алатын азаматтарға оқу кезінде, тиісті білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, басқа мемлекеттердің рухани (діни) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі білім алатын азаматтарға оқуы туралы растайтын құжаттарды ұсынған кезде білім алуды аяқтағанға дейін және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алатын азаматтарға беріледі. Дегенмен, ескеретін бір жайт, білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру қашықтан оқитын азаматтарға берілмейді.
Ал денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға шақыру комиссиясының шешімімен бір жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте басқа да себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға болады. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында әдістемелік кабинеттерде жұмыс істейтін педагогтар босатылады. Сонымен қатар тиісті білімі бар, мамандығы бойынша ауылдық жерде тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттарына, анықтау, алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан немесе соттар қылмыстық істерін қарап жатқан адамдарға тиісінше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкімі күшіне енгенге дейін, азаматтық авиация ұйымдарында жұмыс істейтін азаматтық әуе кемелері ұшу экипаждарының мүшелеріне, азаматтық авиацияның тиісті білімі бар инженерлеріне, механиктері мен техниктеріне, су көлігі ұйымдарында жұмыс істейтін тиісті білімі бар кеме экипаждарының мүшелеріне және құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіптік даярлықтан өтетін адамдарға беріледі.
Ескерте кететін жайт, «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру» және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» қызметтері тегін көрсетіледі. Қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті берушіге www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтінішті құжаттармен қоса жолдайды. Қызмет көрсетілу 6 жұмыс күнінің ішінде көрсетіледі. Қызметтің көрсетілу нысаны толығымен автоматтандырылған, яғни электрондық түрде. Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы барлық қажетті құжаттарды берген кезде көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетінде» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні көрсетіле отырып, мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы белгі көрсетіледі.
– Қандай жағдайда азаматтар әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан босатылады?
– Бұл шақыруды кейінге қалдырудан мүлдем бөлек әңгіме. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 36-бабына сәйкес, бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған, жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған, туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде, қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан немесе І немесе ІІ топтағы мүгедек болып қалған, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткергендер босатылады. Сондай-ақ еліміздің арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер, ғылыми дәрежесi бар азаматтар, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда «Жастардың әскерге баруға ынтасы ойдағыдай емес» дегенді жиі естиміз. Әскерге барудан жалтарған азаматтарға қандай шара қолданылады?
– Иә, әскерге шақыру жылдағы тәртіппен жүргізіліп келеді. Бірақ соған қарамастан борышын өтеуден қашу көпшілік үшін жаға ұстататын жаңалық болмай қалды. Алайда қазір тәртіп өзгерді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскерге шақырылудан жалтарған азаматтарға 1 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 400 сағатқа дейінгі мерзімді қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімді бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу – әрбір азамат міндетті. Бір қуанарлығы, қазіргі таңда 18 бен 27 жас аралығындағы тараздық ер азаматтардың 70 пайызы Отан алдындағы борышын өтеуге ынталы. Шаһарда мектеп оқушыларын әскери мамандыққа қызықтыру бағытында әскери оқу орындарының түлектері мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, кездесу кештерін ұйымдастыруда.
– Бүгінде қоғамда сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғаны жасырын емес. Соңғы сауалды осы сұрақпен түйіндесек…
– Қазақстан республикасы Қарулы Күштерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша іс-шаралар қатаң жүргізіледі. Әскери қызметке жарамды азаматтарға әскерге шақыру кезеңінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамыз. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар» аталатын 15-тарауындағы 366-бап «Пара алу», 367-бап «Пара беру», 368-бап «Парақорлыққа делдал болу» және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676-бап «Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi» бойынша әкімшілік қылмыстық жауапкершілік тартылады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жұматай КӨКСУБАЙ