Тараздық теннисші халықаралық турнирде топ жарды

Бүгінде Жамбыл спортының жұлдызы биік. Жампоздарымыз қай байрақты бәсекеде болмасын жасындай жарқырап, ел мерейін үстем етуде. Міне, сондай таланттың бірі – Данир Қалдыбеков Армения мемлекетінде теннистен түндігін түрген халықаралық турнирде топ жарып, абыройымызды асқақтатты.

Жалпы Данирді ел теннисі спортының ертеңі десек болады. Себебі Зарина Дияс сынды қаракөзіміз болмаса, отандық спортшылар арасында әлемдік кордтарда өнер көрсетіп жүрген жампоздарымыз некен-саяқ. Дүбірлі додаларда ел намысын қорғап жүргендердің дені – легионерлер. Сондықтан Жамбыл теннис мектебінен түлеп ұшқан Данир ел спортшылары үшін үлкен тенниске жол ашып отыр.
Арменияның астанасы Ереванда өткен ITF World Tennis Tournir Junior турнирінде 15 жасар жерлесіміз жекелеген сында қарсылас шақ келтірмеген. Ақтық айналымда украиндық Роман Венгермен күш сынасқан Данир қарсыласын үш сетте тізе бүктірді. Осы жеңісінен кейін жерлесіміз әлемдік рейтингте 1107-орыннан 750-ші орынға бір-ақ көтерілді.
Данир теннис спортымен 5 жасынан бері айналысады. Халықаралық және республикалық додалардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған. Ұлттық құраманың белді мүшесі.
Таудай талабы мен талантының арқасында талайды таңғалдырған жас теннисшімізді толайым табысымен құттықтай отырып, жеңісті жорығы жалғаса берсін деп тілейміз!

Дедек ТӨЛЕН 

Comments (0)
Add Comment