Тараздықтардың қауіпсіздігін «Сергек» жүйесі қадағалайды

Таразда 2023 жылғы 16 қаңтардан бастап тест режимнiң аяқталуына байланысты «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі іске қосылды. Аппараттық-бағдарламалық жүйе қаланың 48 жеріне орнатылған. Олар жылдамдықты шектен асыру, бағдаршамның тыйым салынған түсіне жүру секілді ереже бұзуды тіркейді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жиынға Жамбыл облысы Полиция департаменті Ақпарат және байланыс басқармасының бастығы Еркін Сақыбаев, Жамбыл облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Алишев және «Сергек» жобасының басшысы Нұрсұлтан Тұрғанбаев қатысып, жүйенің жұмысы жайлы толыққанды ақпарат берді.

Еркін Игілікұлының айтуы бойынша, жоба аясында Тараз қаласында 48 аппараттық-бағдарламалық кешен  қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олардың 35-і желілік учаскелерде, ал 13-і көше қиылыстарында орнатылған. Бұдан бөлек, 1 250 жалпы бейнебақылау камерасы қойылған.

– «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендерінің жұмысы ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары мен жолдардағы өлім-жітімді азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, бұл көлік құралдарының жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауына әсер етудің тиімді құралы болып отыр. Жүйе іске қосылған өңірлерде автокөлік жүргізушілерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары салдарынан өлім-жітім мен зардап шегу көрсеткіштері 30-50 пайызға төмендегенін өзге қалалардағы тәжірибе көрсетіп отыр. Сонымен қатар жылдамдық режимдерін бұзу фактілері де азайған, – дейді Ақпарат және байланыс басқармасының бастығы.

Жүйе жылдамдық режимінен асып кету, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жол белгілерiн сақтамау және тоқтау сызығын басу, қиылыстың алдында дұрыс орын ауыстырмау, тыйым салынған жерде тоқтау жән тұрақтау секілді жол ережелерінің бұзылуларын тіркейді екен.

Нұрсұлтан Қонысбекұлының берген мәліметіне сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу автоматтық режимде жүргізіліп, полиция қызметкері тексергеннен кейін құқық бұзушыға жіберіледі екен. Сонымен қатар барлық ереже бұзу жағдайлары ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде автоматты түрде есепке алынатын көрінеді.

– Хаттамаларды электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен erap-public.kgp.kz және egov.kz сайттарынан, сондай-ақ Каспий банкінің мобильдік қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінде жүктеуге болады. Аппараттық-бағдарламалық кешендерде тіркелген құқық бұзушылықтармен келіспеген жағдайда Жамбыл облысының Полиция департаментіне хабарласуға немесе нұсқамада көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалуға болады, – дейді спикер.

Өз кезегінде «Сергек» жобасының басшысы Н. Тұрғанбаев «Сергек» өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдеп келе жатқанын айтып, оған дәлел ретінде еліміздің өзге қалаларындағы тіркелген статистиканы мысалға келтірді. Мәселен, Астанада жоба іске қосылған бірінші жылдың өзінде жылы жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны 43 пайызға, ал Алматыда 2019-2022 жылдары қайтыс болғандар саны екі есеге дерлік азайыпты. Республикалық маңызы бар үшінші қала Шымкентте 2020-2022 жылдары апаттан көз жұмғандар саны 57-ден 38-ге дейін төмендеген.

– Жүйені орнатудағы басты мақсат – Тараз қаласындағы қауіпсіздікті күшейту. Бұған қоса, қазір қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттыру қала тұрғындарын түртетін өткір мәселе болып тұр. Сол себепті қоғамдық орындарда, қаланың қылмысқа бейім аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында «Сергек» кешені орнатылған. Бейнебақылау камералары жолдың жүріс бөлігін ғана емес, оның маңайындағы аумақтарды да түсіреді. Камералардан алынған барлық ақпарат ситуациялық орталыққа жіберіледі. Яғни, жүйенің көмегімен қалаларда көлік ұрлау, ұрлық және кісі өлтіру сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтарды да ашуға мүмкіндік бермек, – дейді жоба басшысы.

Comments (0)
Add Comment