Тараздықтар жаппай сенбілікке шықты

Бұл күні тал егіліп, каналдар қоқыстан тазартылды

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырған болатын. Сонымен қатар аймақ басшыларына жолдарды ретке келтіру міндеті де жүктелді. Президент бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті.

Осыған орай, Тараз қаласында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, жұртшылықпен бірге «Жеңіс» саябағына тал отырғызды. Қала тазалығы баршаға ортақ екенін баса айтқан шаһар басшысы тұрғындарды сенбілікке белсене атсалысуға үндеді.
Жалпы биыл қаланы көгалдандыруға көп көңіл бөлінбек. Айталық, ағымдағы жылы Таразда 40 мың тал егіледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің маңындағы саябақ, Әуежай сквері, Арбат-1, Теміржол бекеті, Саңырақ батыр скверлеріне наурыз-мамыр айларында 4 100 дана жабық тамырлы І санаттағы әртүрлі ағаш отырғызылады. Сонымен қатар №15 «Ұлы дала» ықшамауданындағы саябаққа – 3 500, «Тектұрмас» кешенінің аумағына – 1 000 және «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде шаһардың шеткі алқаптарына 20 000 түп көшет егіледі. Бұдан бөлек, биыл қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл егу көзделуде.
Сондай-ақ осы күні Жамбыл облысында су тасқынының алдын алу мақсатында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жастармен бірге Тараз қаласындағы басты су жүйелерінің бірі «Қарасу» каналын тазалау жұмыстарына қатысты. Бұдан бөлек, шаһардағы «Түйте», «Қарасу-2», «Сеңкібай» каналдары да тазаланды. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыру, өзендердің жағалауларын назарда ұстау, каналдарды механикалық тазалаудан өткізуге қатысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Бұл күні қала бойынша жалпыхалықтық сенбілікке 5 мыңға жуық адам қатысып, 172 тонна қоқыс шығарылды.
Айта кетейік, алдағы күндері Тараз қаласындағы 8 каналды механикалық тазалау жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ «Сеңкібай», «Қапал», «Төрекелді», «Үшбұлақ», «Қарасу-1» және «Қарасу-2» каналдарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment