Тараздықтар сенбіліктен тыс қалмайды

Тазалық – қоғам айнасы. Қала тазалығына жауапкершілікпен қарау, ұқыпты ұстау – санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы Тараз қаласында биыл да жалғасуда.

Жуырда акция аясында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары «Жеңіс» саябағын күл-қоқыстан тазартып, тазалыққа өз үлестерін қосты. Сонымен қатар Жібек жолы ауданына қарасты «Бәйтерек» (13) шағынауданында, «Қарахан» кесенесінің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Бұған қоса қала әкімдігінің 2025 жылғы 26 ақпандағы №483 қаулысына сәйкес, 1 наурыз бен 26 сәуір аралығында шаһар аумағында санитарлық тазалық жөнінде екі айлық жарияланған болатын. Қоғамдық істен шет қалмайтын тараздықтар әр апта сайын сенбілікке көпшілік болып атсалысып келеді. Осылайша тазалық шараларына әкімдікке қарасты барлық бөлімдердің қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, медицина саласының мамандары, тәртіп сақшылары, шаһар тұрғындары мен еріктілер қатысуда. Әр мекеме өзіне тиісті аумақты қоқыстан тазаласа, «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жұмысшылары арық-атыздар мен аулалардан шығарылған қоқыс-қалдықтарды қала сыртындағы арнайы орынға тастауда.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment