Таразды танытатын туынды

Қазақтың кино қоржыны тағы бір көркем картинамен толықты. Туынды «Зере» деп аталады. Күні кеше ғана түсірілім жұмыстарын аяқтаған актерлік топ тараздық көрермендермен кездесіп, жаңа өнімді өмірге әкелу барысында кездескен қиындықтары мен қызықтары туралы әңгімелеп берді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Cуретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Фильм – тараздық жас режиссер, «Taraz Film School» киномектебінің негізін қалаушы Дәурен Қамшыбаевтың тұңғыш көркем картинасы. Режиссер ретіндегі алғашқы қадамы туралы баяндаған ол фильмнің сценарийін жазуға екі жыл уақыт кеткенін айтады.

– Бұл – «Taraz Film School» түлектерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Кез келген кино сценарийден басталады. Осы картинаға арқау болған оқиға туралы естігенде, бірден бұл хикая дебютті картинам болуы тиіс деген шешімге келдім. Көп ұзамай Сабина Түсіпова есімді кинодраматургпен жұмысқа кірісіп кеттік. Біз үшін бұл жұмыста қазақи рефлексияны көрсетудің маңызы жоғары болды. Барлық таптаурын дүниелерден бас тарттық.

Сценарийдің алғашқы драфты түсірілімге жарты жыл қалғанда жазылып, аяқталды. Алты айдың ішінде өңдедік, өзгерістер енгіздік. Ұзақ уақыт фильмнің локациясын іздеуге кетті.

«Звуки земли» деректі фильмінің түсірілімі кезінде Жамбыл облысының барлық аудандарын, табиғаты ерекше жерлерді аралаудың сәті түсті. Мойынқұм ауданына келгенде, әдетте, құмды жер деп ойлап келген аймақтың шын мәнісінде адам таң қаларлық ерекшелікке ие екеніне көзім жетті. Осылайша, Мыңарал деп аталатын өзгеше орынға тоқтадық, – дейді режиссер.

Аталған кездесуге түсірілім тобынан бөлек, фильмде басты рөлдерді сомдаған жас актриса Адина Бажан, түрлі жобаларда жарқ етіп көрініп жүрген Санұржан Сүлейменов, тәжірибелі театр және кино актрисасы Ольга Ландина, АҚШ-тағы Нью-Йорк киноакадемиясының түлегі, актер Елжас Рахимов арнайы келді.

Жобаға актерлік құрамды жасақтау кезінде режиссер, ең алдымен, олардың шеберлік деңгейіне, сондай-ақ түсірілім алаңына екі апта бұрын келіп, дайындыққа кірісу мүмкіндігіне мән берген. Сонымен қатар актерлер арасындағы өзара үйлесімділікті де ұмытпапты. Бұл турасында бүгінде есімі көрермендерге «Районы», «Шестой пост» фильмдері арқылы жақсы таныс Санұржан Сүлейменов әңгімелеп берді.

– Дәурен маған сценарий жібергенде, мен Лос-Анджелестің түнгі көшелерінде ой үстінде серуендеп жүргенмін. Жүрегім бірдеңе сезгендей алабұртып тұрды. Сол сәтте телефоныма түскен қоңыраудан елең еттім. Дәурен ұсынған сценарийді бірнеше қайтара оқып шықтым. Бірден келісімімді бердім. Ол коронавирустың өршіп тұрған уақыты болатын. Соған қарамастан, бірнеше рейс ауыстырып, Алматыға 48 сағатта әбден шаршап жеттім. Мен үшін бұл жобаның жаңалығы – таңдалған локация болды.

Өмірімде алғаш рет Қазақстанда табиғаты соншалық сұлу жер бар екенін білдім. Өзімнің кейіпкерімді зерттеу үшін, рөлге ену үшін аралдың мына басынан ана басына барып, үлкен тебіреніс пен толғаныста болдым. Бүгінде әлемдік кинематография өкілдерін қандай да бір сюжетпен таңдандыру өте қиын. Ал бұл фильмнің ерекшелігі – ұлттық болмысымызды боямасыз жеткізуінде болып отыр.

Кез келген өнердің өзегі шынайылық екенін ескерсек, туынды өз миссиясын орындайды деп сенемін. Оның үстіне арамызда өте тәжірибелі актрисалар болды. Өзара тәжірибе алмастық. Ауа райының қолайсыздығының өзі түсірілімге ерекше мазмұн берді, – деді актер.

Карантин шектеулері алынған соң, еліміздегі кинотеатрлардың прокатына шығатын туындыда М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театрының талантты актрисасы Ольга Ландинаның образын тамашалайтын боламыз. Оның айтуынша, тоқсан пайызы тек жастардан тұратын түсірілім тобымен кинотуынды жасаудың өз қызықтары болған.

– Жастардың осындай өте терең мәнге әрі өзіндік философияға ие өнімнің басы-қасында болуы олардың бойына үлкен сенімділік ұялатады. Түсірілім барысында ауа райының күрт өзгеруі, 40 градустық ыстық, пандемия, маса, шаяндар сынды қауіп-қатердің барлығы ұйымшылдықтың арқасында білінбей кетті. Біз тіпті бір айдың ішінде бірде-бір рет кикілжіңге де келмеппіз.

Кәдімгі өнерге бас ұрған үлкен жанұяға айналдық. Локацияға түсірілімге екі апта қалғанда ертерек келгеніміздің пайдасы мол болды, климатқа үйреністік әрі жазды мағыналы өткіздік. Мұның бәрі – өнерге деген жанкештіліктің арқасы. «Зере» Қамшыбаевтың дебюттік жұмысы болғанымен де, сондай салмақты әрі кино әлемінде өзіндік бояуға ие жаңа дүниеге айналатынын болжай аламын.

Біз мұны түсірілім барысында сезіне алдық. Айналдырған бір айдың ішінде әр актер осыған дейін өзіне таңсық болған жаңа әлемнің, жаңа сезімдердің есігін қақты. Әркімнің бұл фильммен байланысты тағдыры өмір тарихтарына жазылды, – деді Ольга Александрқызы.

Ал түсірілім тобындағы ең жас актриса, басты рөлдерді сомдаушылардың бірі Адина Бажан осы жоба үшін жастардың сүйіп көретін «Бір тоқсан» сериалындағы рөлінен бас тартқан.

– Менің жас актриса ретінде енді басталып келе жатқан өнер жолымда естен кетпейтін тәжірибе осы локацияда өтті. Кейіпкеріме келетін болсақ, табиғатымнан өзім тұйық адаммын. Сәйкесінше, кинода көп сөйлемейтін қыздың образын сомдаймын. Сөйте тұра, бұл фильмдегі басты рөлдердің біріне жатады. Кино прокатқа әлі шықпайтындықтан, әзірге бар құпияны аша алмаймын, – деп әсерімен бөлісті ол.

Иә, режиссердің айтуынша, жаңа туынды көрерменге әлі ұсынылмайды. Сондықтан режиссер әзірге фильмнің сценарийі, бюджеті, продюсерлері туралы ақпарат бермеуді жөн көрді. Мұның бәрі фильмнің тұсаукесерінде белгілі болмақ. Өз кезегінде «Зереде» ойнаған тағы бір актер Елжас Рахимов бұл, ең бірінші кезекте, «Taraz Film School» шәкірттерінің талантын аша түскен жоба екенін қайталады.

– Актер үшін қай киноакадемияда оқығаның маңызды емес. Маңыздысы – көкірегіңдегі шынайы, таза өнерге деген өлмес махаббат. Дәурен замандасымның өз туған қаласында осындай мектеп ашуы – үлкен табандылықтың жемісі. Біздің Қазақстандағы талапты жастардың шетелге баруға мүмкіндігі бола бермейді.

Міне, бүгін осы мектептің балалары өздерінің ешкімнен кем еместігін танытып, бүтін бір жобаны өмірге әкелді. Біздің таланттарды әлі бүкіл әлем танитын болады. Ал «Зере» сөзсіз түрлі сиқырға, ерек аураға, өзгеше демге, тылсым атмосфераға ие туынды. Оған алдағы уақытта көз жеткізетін боласыздар, – деді актер.

Айта кеткен жөн, аталған фильмнің түсірілімі барысында жергілікті туризмді жандандыру бағытында жаңа идеялар өмірге келді. Әлеуметтік желілерде Мойынқұм ауданындағы Тайсойған аралының өзгеше сұлулыққа, туристерді таңдандыратын бөлек көрініске ие екені жазылды, тіпті ұсыныстар да айтылды. Келешекте бұл аймақ жергілікті бюджетке миллиондар әкелетін орынға айналса таңданбаймыз.

Ал «Зере» өз кезегінде көрермендерін еріксіз баурайтын отандық кинотуындылар қатарын толықтыратынына сенімдіміз. Себебі расымен де фильмнің актерлік құрамы, локациясы, түсірілімнен кейінгі әсер тым ғажап. Кездесу барысында осыны сезіне алдық.

Comments (0)
Add Comment