Бүгінде Тараз қаласында құтқарушылар арасында өрт, су тасқыны, қандай да бір төтенше жағдай орын алғанда іс- әрекет жасауға үйрететін іс-шаралар қолға алынуда.
Осыған орай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Құжаттамалық қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту тобының ұйымдастыруымен Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында Құтқарушы күніне – 30 жыл және Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуы қарсаңында, сондай-ақ Қазақстан халқы тілдері күні шеңберінде зияткерлік байқау өтті.
Департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдаразаковтың төрағалық етуімен ұйымдастырылған, азаматтық қорғау қызметкерлерінің логика мен физикалық қабілеттері сыналатын байқау жалпы 3 кезең бойынша өтті. Байқауға Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінен төрт азаматтық қорғау қызметкері қатысты.
Байқаудың бірінші кезеңінде өрт сөндіруші-құтқарушылар оқу мұнарасының 4-қабатына шабуылдық сатымен көтеріліп, әр қабатқа шыққан сайын қызметке және мемлекеттік тілге қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал екінші кезеңде олар қабырғада ілініп тұрған арнайы суретті естерінде сақтап, кедергілері бар жолақпен жүгіріп өтіп, одан әрі сол суреттің бейнесін пазлдар арқылы құрастырып, есте сақтау қабілеттері мен ептіліктерін танытты. Жарыстың үшінші кезеңінде сайыскерлер бөшкенің үстіне орналастырылған ойнамалы әткеншек үстінде тұрып, өрт сөндірушінің өрт кезінде қолданатын сүйменімен (багор) қораптардан ғимарат құрастырды.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, байқау барысында өздерінің білімдері мен шеберліктерін дәлелдеуге тырысқан сайыскерлердің арасынан көп ұзамай үздіктер де анықталды. Атап айтқанда, жүлделі үшінші орынды Тараз қаласы №20 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Сағи Маликов иеленсе, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Ернар Сатылғанов екінші орыннан көрінді. Ал Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Дәулет Бектұрсынов жүлделі бірінші орынға қол жеткізіп, байқау жеңімпазы атанып, арнайы жолдаманы иеленді. №3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау старшинасы Жамбыл Акпаров «Тіл шебері» номинациясын иеленді.
Сондай-ақ сайыскерлер «Ең үздік логикалық ойлау», «Ең шапшаң қатысушы», «Нақты орындаушы», «Қауіпсіздік үлгісі» секілді түрлі номинациялармен марапатталып, байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдармен, алғыс хаттар табысталды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ