Тараздық тәртіп сақшыларының тындырымды тірлігі

Қылмыспен күресте қала тұрғындары да қарап қалмауы қажет

Қоғамдық тыныштық пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау қызметкерлерінен қарапайым халық қай кезде болсын үлкен жауапкершілік күтетіні сөзсіз. Еліміздің кез келген тұрғыны тәртіп сақшыларын өзінің қорғаны, қысылтаяң тұста арқа сүйер тірегі деп білуі керек. Тұтастай алғанда, ел тыныштығының тірегі мен азаматтардың конституциялық құқығының қорғаушысы бола білу – дәл осы полиция қызметкерлерінің тікелей міндеті. Бұл тұрғыдан келгенде, тараздық полицейлер жергілікті тұрғындар алдындағы өз міндетін адал атқарып жүр деуге толық негіз бар. Оның үстіне өткен жылдармен салыстырғанда, шаһардағы қылмыстық ахуал біршама жақсара түскен. Оны жыл басынан бері тіркелген деректерден анық аңғаруға болады.

Қылмыс саны азайған. Алайда…

Жалпы аталған уақыт бедерінде Тараз қаласы Полиция басқармасы криминалды полиция бөлімінің ұйымдастыруымен шаһар көлемінде қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес бойынша бірқатар жедел іздестіру шаралары өткізілген. Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау, ішімдік пен нашақорлықтан сақтандыру, қылмыс пен заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында жүргізілген бұл жұмыстар қылмыс санының азаюына өз септігін тигізген. Қала бойынша жалпы тіркелген қылмыс санының 2021 жылға қарағанда 13,7 пайызға төмендеуі – осының дәлелі. Өткен жылы 1 040 қылмыс орын алса, 9 ай ішінде 898 қылмыс тіркелген. Әлбетте, бұл облыс орталығындағы қылмысқа қарсы күрестің барынша күшейтілгенін білдірсе керек-ті.
Заң бұзушылықтардың қысқарып келе жатқаны қуантады-ақ. Алайда ауыр қылмыстар саны артып келе жатқаны көңілге кірбің түсіріп отыр. Өйткені жыл басынан бері бұл санат бойынша тіркелген деректер 10,7 пайызға жоғарылаған. 2021 жылы 281 ауыр қылмыс тіркелсе, ағымдағы жылы 311 қылмыс анықталған. Аса ауыр санаттағы қылмыстар да 34,8 пайызға өскен. Өткен жылы – 23, биыл 31 дерек есепке алынған.
Бір қуантарлығы, аталған қылмыстардың басым бөлігі ашылған. Атап айтсақ, ауыр қылмыстардың 195-і аяқталса, аса ауыр санаттағы қылмыстарының ашылу көрсеткіші 3 пайызға жоғарылап, 88 пайызға жеткен.

Алаяқтар айылын қашан жияды?

Бүгінде азаматтардың қаражатын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстың ең көп тараған түрінің бірі. Бұл жалғыз біздің елде емес, бүкіл әлемде белең алған өзекті мәселе. Жыл сайын азаматтарды алдаудың сан мың тәсілін табатын алаяқтардың қулығына құрық бойламай тұр. Сол себепті алаяқтық қылмыстардың саны жылдан-жылға көбеюде. Десе де, тараздық тәртіп сақшыларының тиянақты жұмысы өз жемісін беріп, аталған бағыттағы қылмыстар саны азайып келеді. Биылдың өзінде алаяқтық қылмыстардың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 15,3 пайызға төмендеген. Осылайша қылмыс саны 2021 жылғы 248-ден 210-ға бір-ақ түскен. Сондай-ақ ауыр санаттағы алаяқтықтың 105 дерегі анықталып, қылмыстардың 79,4 пайызы ашылған.
– Онлайн-сауданың дамуымен қатар өрістеген интернет-алаяқтықпен күрес те қарқынды жүруде. Аталған салада атқарылған жұмыстар нәтижесінде ғаламтор арқылы жасалатын қылмыс көлемі алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40,4 пайызға азайды. Былтыр 136 интернет-алаяқтық тіркелсе, ағымдағы жылы олардың саны 81-ді құрады. Ал ауыр санаттағы интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша 42 қылмыс тіркелген. Аяқталғаны – 41 іс. Ашылу пайызы 97,6 пайызға жетіп отыр, – дейді Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаров.
Бұл ретте алаяқтардың айылын жимауы арам пиғылдылардың «асқан ақылдылығынан» ғана емес, тұрғындардың оңай олжаға деген «соқыр сенімі» мен қаржылық, құқықтық сауатсыздығынан да болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан әрбір азаматтың қоңырау шалып, «қара аспанды төндіретіндер» мен «азын-аулақ қаражат арқылы миллионер атандырамын» дейтіндерге барынша сақтықпен қарағаны жөн шығар. Әйтпесе адал еңбекпен жиған-тергенін өз еркімен өзгенің қалтасына салып беретіндердің бүгін-ертең азаймайтыны анық.

Ұрлықты кәсіп еткендер көп

Бүгінгі уақытта «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөздің мәнісіне бойлайтындар қалмаған сыңайлы. Тіпті ұрлықты «жеңіл-желпі қылмыс» санау әдетке айналып барады. Осының салдарынан болар, қала аумағында ұрлық-қарлық көбейген. Елімізде тіркелген қылмыстық деректердің басым бөлігі – осы санаттағы заң бұзушылықтар. Әсіресе пәтер тонау және ұялы телефон ұрлығы көп. Алайда құқық қорғау орындары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қылмысқа қарсы күрес жұмыстарын жандандырып, ұрыларға тосқауыл болу амалдарына кіріскен.
– Биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ұрлық дерегі бойынша тіркелген қылмыс саны 304-ті құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда 47-ге азайды. Яғни бөтеннің мүлкін жымқыру 13,4 пайызға азайып отыр. 157 қылмыстық іс аяқталған, 171 қылмыстық істің мерзімі үзілді. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 47,4 пайызды құрады. Ал ауыр санаттағы ұрлық дерегі бойынша 125 қылмыс тіркеліп, ұрлықтың жалпы ашылуы 4,1 пайызға өскен. Осылайша аталған көрсеткіш 59,8 пайызға дейін жоғарылап отыр, – дейді Ардақ Тілегенұлы.
Жоғарыда атап өткеніміздей, пәтер тонау – жиі тіркелетін қылмыстардың бірі. Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, оған пәтер иелерінің қарапайым сақтық шараларына мән бермеуі себеп болатын көрінеді. Сонымен қатар баукеспелердің де «біліктілігі» артып келе жатқаны бұл қылмыстың азаймауына әкеліп соғуда. Қалалық полиция бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың 9 айында аталған санатта 65 дерек тіркелген. Бұдан бөлек, ауыр санаттағы пәтер ұрлығының саны 2021 жылдағыдан 2 есеге төмендеген. Қалта телефонын қолды қылатындардың көбеюіне де жоғарыда аталған жайттар себеп болады екен. Осылайша бейқамдығынан арыла алмай келе жатқан тараздықтар мен қала қонақтарының әккі ұрылардың оңай олжасына айналып кете барады. Мәселен, биыл ұялы телефон ұрлығы бойынша 136 арыз-шағым келіп түссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 134-ті құраған. Сол секілді қалта ұрлығы бойынша 36 қылмыс тіркелген. Ал тіркелген қылмыстардың тек 55,6 пайызы ғана ашылған. Әйтсе де өзгенің құнды дүниесіне көз тігетіндердің жымысқы әрекеттерімен күрес те тоқтаған емес. Бұл мақсатта түрлі бағыттарда жұмыстар жүруде. Әсіресе тұрғындар арасында ақпараттық түсіндірме жүргізуге баса назар аударылып келеді екен.

Қарақшылыққа құрық салынады

Өкінішке орай, облыс орталығында жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыстардың алдын алу әлі де мүмкін болмай отыр. Десе де, адам алдында да, арының алдында да абыройсыз ететін әрекетке барушылардың қатарын сирету бойынша жасалып жатқан жұмыстар жалғасын таба бермек.
Жалпы алғанда, осы жылдың 9 айы ішінде 57 бұзақылық қылмыс тіркеліп, ашылу көрсеткіші 79 пайызды құраған. Сонымен қатар ауыр бұзақылық бойынша 3 дерек белгілі болып, барлық қылмыс ашылған.
Ал тонау қылмыстарының тіркелуі 41,9 пайызға кеміп, жалпы саны 18 деректі құраған. Сонымен қатар ауыр санаттағы тонау бойыша 11 дерек тіркелген. Өткен жылы бұл көрсеткіш 21-ге жеткен еді.
Ұялы телефондарды тонау қылмыстарының тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 46,2 пайызға төмендеп, 14-ті құрап отыр. Ауыр санаттағы ұялы телефондарды тонау бойынша 8 қылмыс тіркеліп, оның 75 пайызы ашылған.
Бұдан бөлек, қарақшылық бойынша 2 қылмыстық іс анықталып, барлық істер бойынша кінәлілер табылған. Өкінішке орай, адам өлтіру дерегі бойынша ағымдағы жылы 5 қылмыс тіркелген. Қазіргі уақытта мойнына өзгенің қанын арқалаған қылмыскерлердің барлығы табылған.
Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Мадимаровтың айтуынша, шаһардағы криминогендік ахуалды оңалту, ұсақ және ірі қылмыстарды болдырмау, алдын алу бойынша жұмыстар ары қарай қарқынын арттырмаса, төмендемек емес. Сонымен қатар тәртіп сақшылары қылмыспен күресте қала тұрғындарын да қапыда қалмауға шақырады. Заңсыздықпен күрес – көптің ісі екенін еске салған полицейлер әр азамат әуелі өзінің құқықтарын біліп, өз мүлкіне тиянақты болса, қылмыс саны еселеп кемитінін айтады.

Мұратхан Әлімхан

Comments (0)
Add Comment