Тараздық түлектер бас қосты

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде түлектер кездесуі өтті.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суретті түсірген А.ҚАРТАБАЙ

«Жомарт түлек – Тараз» деген атпен ұйымдастырылған келелі кездесудің негізгі мақсаты – түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттаумен қатар өңір тумаларын сан саладағы әлеуметтік маңызы бар жобаларға тарту. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған жобаны қала деңгейінде өткізудің де жөні бөлек болды. Себебі бүгінде Тараздан шыққан елге танымал түлектер баршылық. Бастама аясында «Тараз түлектері» орталығы ашылып, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінен «Тараз түлектері» айдарында материалдар жарияланбақ. Сондай-ақ «Белсенді түлек» тақырыбында бейнероликтер әзірленген. Жиында еліміздің, өңірдің 30 жылда жеткен жетістіктері де кеңінен насихатталды. Сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал түлектер Тараз туралы, білім алған мектебі жайында пікір бөлісті.

Кездесуде қала әкімі Ержан Жылқыбаев игі шараның маңызына кеңірек тоқталды.

– Облыс әкімінің бастамасымен өңірде тұңғыш рет түлектер кездесуі ұйымдастырылған. Сонда аймақтан шыққан біраз түлектер елге келіп, өзінің туған жерінің көркеюіне демеушілік ететінін айтқан. Бүгінгі форум соның жалғасы десек те болатындай. Тәуелсіздік жылдарынан кейін қалалық мектептерде 70 мыңнан астам түлек шығыпты. Жоба аясында ашылған jambyl-tylek.kz сайтына 14 мыңнан астам түлек тіркеліп, өзі білім алған мектеппен кері байланыс орнатып отыр. Меценат түлектердің бастамасымен құны 5 млрд 400 миллион теңгені құрайтын Оқушылар сарайы, «Анаға тағзым» және үстел теннисі орталығы, Өнер үйін салу секілді ірі жобалар қолға алынды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыста халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартуға бағытталған «30 игі іс» жобасы жүзеге асырылуда. Таразды көркейтуге бағытталған 40-тан астам жоба қолға алынды. 64 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілмек. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша меценаттардың демеушілігімен мұқтаж жандарға пайдалануға 15 үй беріледі, – деген Ержан Жұматұлы Тараз қаласының 30 жылдық белесінде жеткен жетістіктер жайында да кеңірек айтты.

Жиында сөз алған танымал түлектер Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдас-тырылған қанатқақты жобаның жастарға үлгі боларлық тұсы басым екенін айтып, қаланы көркейту бағытында жұмыстарға атсалысуға шақырды.

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова, Төле би атындағы мектеп-гимназиясының 2010 жылғы түлегі, БАӘ Қазақстан Елшілігінде қызмет ететін Еркебұлан Ибрагимов, әнші Әлішер Каримов, Францияның Вильжюиф қаласы Густав Русси институтының докторанты Карина Матаевалар кездесуге онлайн режимде қатысып, құттықтау сөздерін жолдады.

Бокстан Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев, ақын Ғайни Әлімбекқызы, блогер Елдос Қадырханов, әзіл-сықақшы Арман Жаналиев түлектерді өзі білім алған мектебіне демеушілік етіп, өңірдің дамуына мейлінше қолдау көрсетуге шақырды.

Жалпы жиынға 500-ден аса оқушы онлайн режимде қосылды. Қала басшысы Ержан Жұматұлы осы бағыттағы тәрбиелік маңызы жоғары кездесулер алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын айтты.

Comments (0)
Add Comment