Тараздың үш жылдық даму жоспары жан-жақты талқыланды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңес отырысында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков өткен жылы облыс орталығында атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баян етті. Сондай-ақ, қала әкімі алда тұрған жоспарлы міндеттерді айқындады.   

– Өткен  жылдың қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне оң динамика қалыптасып отыр. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп саласында 520,2 миллиард  теңге, нақты индекс көлемі 109,5 пайызға жетті. Сондай-ақ ауыл шаруашылық саласында 14 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103  пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлеміне келер болсақ,  ол 147,4 миллиард теңгеге, нақты көлем индексі 107,5 пайызды құрады.  Сонымен қатар пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 354,5 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 105,4 пайызға орындалды. Ал құрылыс жұмыстары 62,6 миллиард  теңгеге немесе нақты көлем индексі 89,1 пайызға орындалып отыр. Бұған қоса жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құрап, екі қолға бір күрек тапқан азаматтардың қатары артуда. Тағы бір айта кетерлігі, облыстың  2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында барлығы 125 индикаторға қол жеткізу көзделсе, Тараз қаласы үшін оның ішінде 70 индикатор белгіленген еді.  Осыған орай жоспарларда көзделген индикаторлардың орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп,  жыл қорытындысы бойынша Тараз қаласына бекітілген барлық индикатор толығымен орындалды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы облысты дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, көне шаһарда қолға алынған ілкімді істерге де тоқталды.

 

– Былтыр білім саласы бойынша 3,6 миллиард  теңгеге 5 жоба жоспарланып, «Шөлдала», «Арай», «Барысхан», «Асқаров», «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарында мектептер салынды. Ал денсаулық сақтау бойынша 153 миллион  теңгеге 2 жоба жүзеге асты. Олар – онкологиялық диспансер құрылысы мен  көпбейінді балалар ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу.

Қоғам айнасы саналатын мәдениет саласында 256 миллион теңгеге 3 жоба қолға алынып, Көне қамал кешенінің құрылысы басталса, ежелгі «Төрткүл» керуен-сарайы мен Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ былтыр  20,9 миллиард  теңгеге 71 тұрғын үй бой көтерді.  Оның ішінде, 2022 жылы 25 тұрғын үйдің  құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе,  қалған 46 үй 2023 жылға өтпелі. Ағымдағы жылы қалған тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға қосымша 9,8 миллиард теңге несие күтілуде.

Инфрақұрылымның да игілігін әулиеталықтар сезінуде. Атап айтсақ, 1,3 миллиард теңгеге 38 тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық желілері, 100 миллион теңгеге «Қарасу» (Құмшағал) алқабының ішкі аландық көшелеріне қиыршық тас жол құрылысы, 1,2 миллиард  теңгеге Автовокзал жанындағы №14 шағын ауданды сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, ауыз су, көлік, электр желілері, қоғамдық қауіпсіздік бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес. Мәселен, «Қызылабад», «28 саяжай», «Қарасай», «Шөлдала», «Тектұрмас», «Казарма», «Кұмшағал», «Жиделі»,  «Көлтоған»,  тұрғын алқаптарын ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету және сутартқыш салу жұмыстары жүргізіліп, Каллауыр Әкім көшесінің бойымен Ташкент көшесінен Шостакович көшесіне дейін және Сәтпаев көшесінде су жүйесінің сервистік желілерінің құрылысы қолға алынды. Ал 1,6 миллиард теңгеге Мәмбет батыр  және Ташкент көшелері қайта жаңғыртудан өткізілсе, 1,1 миллиард теңгеге қаладағы 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді шаһар басшысы.

Қала әкімінің айтуынша, даму жоспарын іске асыру нәтижесінде өткен жылы 16 726 адам жұмыспен қамтылған екен. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен 8516, уақытша жұмыс орындарымен 8 210 адам қамтамасыз етілген. Аталған кешенді жоспарды басшылыққа ала отырып, Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған даму картасы әзірленген.

– Өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2025 жылға қарай 567,8 миллиард  теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Көрсеткіш 2025 жылға дейін жалпы құны 16,5 миллиард  теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске қосу есебінен орындалады. Нақтырақ  тоқталар болсақ, биыл  «Alina Group» ЖШС-нің «Тараз қаласындағы Alina Group» ЖШС-нің өндірістік базасын кеңейту және жаңарту,  «Kisc» ЖШС-ның металл құю цехын жаңғырту»  «Дәмді себет» ЖШС-нің ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру жобалары жүзеге асады. Бұған қоса 2024-2025 жылдары  «СП-Тараз PET» ЖШС-нің полиэтилентерефталат рециклинг бойынша зауыт салу, тұрмыстық техника шығаратын өндіріс орнын ашу жоспарлануда.  Сондай-ақ, тамақ және жеңіл өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында қала маңында 50 гектар жер телімі қарастырылуда. Жер телімі анықталғаннан кейін инвесторлардың ұсыныстары бойынша инфрақұрылым жүргізу жоспарланады. Оның ішінде 40 гектар тамақ өнеркәсібіне және 10 гектар стартап шағын инвестициялық жобаларына беруді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда 100-ге жуық жобалардың тізімі дайындалды. Осыларды іске асыру үшін жұмыс тобын құрып, өндірістік аймақта бос жатқан жерлерді зерделеуді бастап кеттік. Қазірдің өзінде 60 гектар жерді құрайтын 19 кәсіпкердің жерлері мақсатсыз пайдаланылуы анықталып отыр. Арендалық жерлердің мерзімдерін негізсіз ұзартқан. Зерделеу нәтижесі өнеркәсіп дамуына оң ықпалын тигізеді деп сенемін. Сондай-ақ, өндірістік алқаптағы жер учаскелеріне жер кадастры қызметі арқылы түгендеу жұмыстары биыл жүргізілетін болады. Тиісті қаражатты бөліп отырмыз, – деді қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы.

Аграрлы аймақтың асыраушы саласын алға бастыру мақсатында  да жүйелі жұмыстар жүргізілмек. Нақтырақ тоқталсақ, бұл салада 2022 жылдың қорытындысымен 14 миллиард  теңгеге өнім өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткішті 18,0 миллиард  теңгеге жеткізу көзделген. Бұл межеге жету үшін 700,0 миллион теңгеге  88 жұмыс орыны ашылмақ. Олардың қатарында  «Пышка» кондитерлік цехі, «Алель-Агро» құс етін өңдеу зауыты,   «Көкжиек-2030»  сүт өндірісін кеңейту жобасы,  «Шалқаров» сүт өңдеу цехы сынды жарқын жобалар бар.

Қазіргі таңда  «Халықтың табысын арттыру» пилоттық жобасы Тараз қаласы тұрғындарының да қызығушылығын тудырып отырғаны сөзсіз. Егер қаражат бөлетін мүмкіндік болса, жоба аясында  «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптарындағы осал топтағы азаматтардың жағдайын жақсарту бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастырылмақ.

Тұрғындарды баспанамен қамтуға да ерекше көңіл бөлініп, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін арттыру көзделген. Бұл межелерге жету үшін бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар 2023-2025 жылдары 12 880 орынды құрайтын жалпы құны 58,1 миллиард  теңгеге 14 мектеп есігін айқара ашса, 2025 жылға дейін №15 ықшамауданда Оқушылар сарайы  пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, 3 жылда 11 балабақша, 13 медициналық нысан, аулалардағы 13 спорт алаңшасы, «Атлах» шайқасы барельефі, «Құмшағал» тұрғын алқабында 180 орындық мәдениет үйі және №14 ықшамауданда  Орталық концерт залы бой көтеретін болады. Халық арасында «За линией» аталып кеткен қаланың оңтүстік беткейімен байланыстыратын аспалы көпір салу да осы үш жылдық жоспарға енгізілген.

Баяндама тыңдалғаннан кейін облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы бірқатар сауалдарын қойып, тиісті мамандардан жауап алды. Аймақ басшысы әсіресе тұрғын үй құрылысы саласына айрықша басымдық берді.

Облыс әкімі  жер кезегіне тұрған тұрғандар тарапынан арыз-шағымдардың көп түсетіндігіне де назар аударып, бұл бағытта «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмеуі қажеттігін қатаң ескертті.

Нұржан Молдиярұлы білім саласындағы жұмыстарға да көңілі толмайтындығын жеткізді. Әсіресе құрылысы басталуы керек мектептердің жобалық-сметалық құжаттары ұзақ уақыт дайындалатындығын сынға алды. Мұндай жағдай білім ғана емес, барлық салада орын алып жатқанын тілген тиек еткен облыс әкімі жайбасарлыққа салған басшылар қатаң жазаланатындығын ескертті.

Өңір басшысы округ инспекторларының жұмысын ширату қажеттігін де тапсырды. Нұржан Молдиярұлының сөзіне сүйенсек, округ әкімдерінің жұмысы тұрмыстық қалдықтарды тазалаумен ғана шектеледі екен. Ол жұмыстың өзі тиянақты орындалмауда. Сондықтан облыс әкімі округ инспекторларының жұмысынан үлкен нәтиже күтетіндігін жеткізді.

Жиын соңында Нұржан Молдиярұлы өзге де салалар бойынша сын-ескертпелерін айтып,  алда атқарылуы тиіс межелі міндеттер бойынша нақты тапсырмаларын берді.

Comments (0)
Add Comment