Тараздық дәрігерлердің ерлігі

Қыркүйек айының ортасында Тараз қалалық көпсалалы ауруханасының күйік бөліміне денесінің 95 пайызын I-II-III А, В дәрежелі күйік шалған Меркі ауданының тұрғыны ауыр жағдайда түскен еді. 2-3 дәрежелі шок алған науқас үйінің моншасында газ-ауа қоспасының жарылуынан абайсызда жалын құшағында қалған.

Зардап шеккен азаматқа әуелі үй жағдайында алғашқы медициналық көмек көрсетпек ниетте жараларды сумен салқындату арқылы ем-шара қолданылған. Алайда жарақаты ауыр жанға одан оң әсер болмаған соң жедел жәрдем шақыртылып, Меркі аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған. Ауданның ақхалаттылары жарақаттың сипатын, жалпы жағдайының ауырлығын ескеріп, науқасты шұғыл түрде Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізу туралы шешім қабылдайды.
Облыс орталығына әкелінген азаматты тараздық дәрігерлер тексеруден өткізіп, №3 реанимация бөлімшесіне жатқызған. Онда реаниматологтар мен комбустиологтардың бірлескен күш-жігерімен шокқа қарсы іс-шаралар өткізіліп, шок жағдайынан шыққан пациентті одан әрі арнайы емдеу үшін бейінді бөлімшеге ауыстырған. Емдеуді бөлімше меңгерушісі Әбілсейт Сыдықов, комбустиолог дәрігері Мұхаммед Искендеров және пластикалық хирург Хасан Пулатов жүргізген.
Күйік бөлімінде ер адам емдеудің барлық кешенін алған. Атап айтқанда, инфузиялық-трансфузиялық, дезинтоксикациялық терапия, энтералды және парентералды ақуыз препараттары, есірткі және есірткіге қарсы анальгетиктер, антибиотиктер, антикоагулянттар күйік науқастарына арналған төсек, арнайы гидрогельді таңғыштар, уақытша тері жабындары, дымқыл-құрғақ жақпа таңғыштар сияқты жаңа технологиялар қолданылып, ем-шаралар арнайы схемасы бойынша кезең-кезеңімен орындалған. №3 реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Әбілсейт Сыдықовтың айтуы бойынша, кешенді терапиядан кейін науқастың жағдайы едәуір жақсарған.
Қазіргі уақытта күйік шалған азамат 45 тәулік өткен соң тұрғылықты мекенжайы бойынша травматологтың бақылауында болуы үшін үйіне шығарылған. Меркілік азамат өзін ажал аузынан арашалап қалған тараздық дәрігерлерге алғысы шексіз екенін айтуда.

Мұратхан Әжмаханұлы

Comments (0)
Add Comment