Тараз қалалық білім
бөлімінің басшысы
Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ерекше мән берілуі керек бірден-бір сала білім саласы болды. Олай дейтініміз, енді ғана дамуға бағыт алған елге нағыз мықты мамандар ауадай қажет еді. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Сондықтан еліміз қазақстандықтардың білімді болуы үшін барлық жағдайдың жасалуына мән берді. Өйткені білім ғана бәсекелестік бәйгесінде қатардан қалмауға зор септігін тигізеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен республикалық педагогтар съезінде: «Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек», – деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Жалпы тәуелсіздік жылдарында елімізде 2 300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен үш ауысыммен оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз», – деген болатын. Бұл бағытта Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда қалада 63 мектеп, 45 балабақша, 1 кешкі мектеп, 4 қосымша білім беру ұйымы және 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті – барлығы 115 оқу ордасы балаларды білім нәрімен сусындатуда. Білім мекемелерінің желісі жыл сайын кеңейіп келеді. Соңғы екі жылда 4 мектеп ашылып, 3 мың оқушы орны берілді. «Барысхан», «Шалғай Қарасу» алқаптары мен А.Асқаров көшесінің соңында 600 және «Ұлы дала» ықшамауданында 1 200 орындық мектептер бой көтерді. Бүгінгі күні 63 мектептің 59-ы типтік, 4-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты жағдайдағы оқу орындары жоқ. Сонымен қатар үш ауысымды және орын тапшылығы бар екі мектептің мәселесі «Жайлы мектеп» жобасы аясында ағымдағы жылы шешіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда аталған жоба шеңберінде «Бәйтерек», «Ұлы дала» ықшамаудандары мен «Шөлдала» алқабында мектеп құрылыстары жүргізілуде. Бұған қоса жекеменшік мекемелердің де саны артып, бүгінгі күні қалада дәл осындай 21 мектеп пен 94 балабақша жұмыс істейді. Ерекше атап өтерлігі, 2023 жылы білім саласына 67 миллиард 633 миллион 361 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Бұл да жетекші салаға деген мемлекеттің жан-жақты қолдауының айқын көрінісі.
Осының арқасында мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Мәселен, былтыр 7 мектеп пен 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу, 22 мектеп пен 13 бөбекжай-бақшаға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 7 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 2 мектептің мемлекеттік сараптамасы дайындалды. Сонымен қоса 9 мектепке модификациялық кабинет, 17 мектепке жаңа сынып жиһаздары мен 41 дана интерактивті панель алынып, асхана жабдықтары жаңартылды. Бұдан бөлек, білім мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 88 мекемеге турникет орнатылса, оқу ордаларының барлығы полиция департаментінің басқару орталығына қосылды. Бүгінгі күні білім мекемелерінің барлығында қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Ағымдағы оқу жылы қала мектептерінде 84 759 бала білім алуда. Соған орай жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен 1-4 сыныптардың 30 369 және аз қамтылған отбасының 10 204 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ жаз мезгілінде мектеп жанындағы лагерьде 10 828 оқушы, қала сыртындағы лагерьлерде 2 803 бала жазғы демалыспен қамтылды. Тамыз айында аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қаржылай көмек берілді. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде қалада шалғайдан қатынап оқитын балғындар баршылық. Дәл осындай 10 мектепте 3 554 балаға тасымал ұйымдастырылған.
Қазіргі таңда шаһарда 146 мектепке дейінгі білім беру ұйымы істесе, оның 58,9 пайызын жекеменшік мекемелер құрап отыр. Бұған қосымша 2023 жылы 45 мекемеге 1 733 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Осылайша 2-6 жас аралығындағы 21 665 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Білім мекемелерінде аталған санаттағы балаларға қажетті жағдайлар жасалған.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау, түзету мақсатында 2 психологиялық-педагогикалық түзету, 3 инклюзивті білім беруді қолдау және 1 ресурстық кабинет қызмет көрсетеді. Түзету кабинеттерінде қажетті жағдайлар жасалып, тиісті арнайы мамандармен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні 501 бала түзету жұмыстарымен қамтылған. Сонымен қатар оңалту-түзету мекемелерінен көмек алуда қалыптасып отырған кезектілікті жою мақсатында 2023-2024 оқу жылында 150 орындық №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу бағытында жұмыстар аяқталуда. Бұлар биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Себебі педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды», – деген еді. Мемлекеттің кең қолдауының арқасында мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері жыл сайын жақсарып, нәтижелері көңіл қуантуда. Атап айтсақ, 2022-2023 оқу жылында интеллектуалдық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының облыстық кезеңінде оқушыларымыз – 253, республикалық, халықаралық кезеңінде 50 жүлделі орын алып, 2022 жылмен салыстырғанда жүлдегерлер үлесі 14,2 пайызға артты. Сондай-ақ қаланың 6 мектебі Қазақстан Республикасы олимпиада мектептері рейтингісіне енгізілді. Оның ішінде Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы мен №40 гимназия республика көлеміндегі «Үздік олимпиада мектептері» тізімінен көрінді. Бұған қоса халықаралық деңгейдегі «Иран олимпиадасы», «Өмірбек Жолдасбеков атындағы ғылыми жоба», «Математика және жобалау» интеллектуалдық жарыстарында 8 өреніміз жүлдегер атанды.
2012 жылдан бастап республика көлемінде өткізіліп келе жатқан «Үздік педагог» атағын беру конкурсына қала мектептерінің педагогтары да жыл сайын қатысып, зор нәтижеге жетуде. Айталық, 2023 жылы республикалық «Үздік педагог-2023» конкурсында екі мұғаліміміз жеңіске жетті. Олар: Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның география пәнінің мұғалімі Рауан Ошақбаев пен математика пәнінің мұғалімі Айнұр Нұралиева. Бүгінге дейін қала мектептеріндегі 11 мұғалім осы атаққа ие болған.
Бұдан бөлек, «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауында №45 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай ІІІ орынды олжаласа, жас математиктер арасындағы Х халықаралық байқауда Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Бауыржан Кеңесов І орынға қол жеткізді. Ал «ІMPACT Olympiad» V халықаралық ашық шығармашылық конкурсында №49 мектеп-гимназияның мұғалімі Айбек Мұратбаев, №5 мектеп-гимназияның ұстазы Думан Убишов III дәрежелі дипломдармен марапатталды. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсында 18 педагог жүлделі орынға ие болды.
Педагогикалық ұжымдардың жұмысы да нәтижесіз емес. Мәселен, соңғы 3 жылда Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 5-бабының 8-7-тармақшасына сәйкес әзірленген «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын 2 мектеп еншіледі. Олар: Төле би атындағы №8 гимназия мен Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің 2021 жылғы 4 мамырдағы №94 қаулысымен бекітілген «Жамбыл облысының білім беру ұйымдарының педагогтарына жергілікті ерекшелік белгісі мен құрметті атағын беру қағидаларын, олардың сипаттамасы мен біржолғы сыйақы төлеу» байқауында Тараз қаласының 4 педагогы марапатталып, төсбелгі және қаржылай сыйақыға қол жеткізді. Жамбыл облысының білім мекемелерінің арасында білім беру мекемелерінің қызметінің тиімділігін бағалау және ынталандыру мақсатында өткізілетін облыстық рейтинг қорытындысы бойынша да Тараз қаласының білім мекемелері жақсы көрсеткішке ие болуда. 2015 жылдан бері №5 гимназия мен №1 мектеп-гимназия үздіктердің қатарында болды.
Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдеді. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына.
Әрине, тәрбиенің алғашқы негізі отбасында қаланады. Бүлдіршін алғашқы адамгершілік қасиеттерді де, еңбек әліппесінің алғашқы беттерін де өз үйінде ашады. Ұлттық педагогикада «Тәрбие отбасынан басталады» деп тегін айтылмаған. Баланың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «Баланы жастан» деп те мәтелдеген. Иә, қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері өзіндік тәрбие мектебі, қалыптасқан дәстүрі болған. Ал сол дәстүр отбасында басталып, оқу ошағының қабырғасында берілетін тәрбиемен ұштасады.
Заман ағымына сай балаларды тәрбиелеудің түрлі жолдары қалыптасуда. Жаһандану дәуірінде бұған мектеп тыс тәлім беретін білім беру ұйымдары зор ықпал етуде. Бүгінгі күні шаһарда мектеп жасындағы 13 898 бала қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелермен қамтылған. Қалалық білім бөліміне қарасты Техникалық шығармашылық орталығы, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы, Балалар көркемөнер мектебі және Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы сынды 4 қосымша білім беру ұйымы қызмет атқарады. Бұдан бөлек, мектепішілік үйірмелерге – 48 364, 579 спорт секциясына 35 020 бала қамтылған.
Мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының желісін кеңейту және қолжетімділігін арттыру мақсатында тағы да бір қосымша білім беру мекемесін ашу көзделіп отыр. Соған орай «Құмшағал» алқабында мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығын ашу үшін ғимарат күрделі жөндеуден өтуде.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл күнделікті бақылаудағы мәселе.
Мектептердегі «Жас Ұлан» ұйымы, Өзін-өзі басқару мектеп парламенті, «Бала өкілі», пікірсайысшылар, «Еріктілер тобы», «Адал ұрпақ», «Қыз Жібек», «Жас сарбаз», «Жас құтқарушылар» секілді патриоттық және шығармашылыққа баулу клубтарының да балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына зор үлес қосып отырғанын атап өткеніміз абзал.
Жоғарыда айтқанымдай, бала тәрбиесіне бірінші кезекте отбасы және ата-анасы да жауапты. Осы орайда білім беру мекемелерінде Әкелер кеңесінің жұмысы жоғары дең-гейге қойылған. Жұмыс жоспарына сәйкес, мектептерде әкелермен кездесу, жиналыс және ашық есік күндері өткізілуде. Сондай-ақ жоғары сыныптарда мамандық таңдау, әскери патриоттық білімдерін көтеру, тарихи-рухани сауаттылығын арттыру мен бұқаралық спортқа деген қызығушылықтарын дамыту мақсатында да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осы ілкімді істердің нәтижесінде, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 12 мектеп оқушысының қылмыстық дерегі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 11 қылмысқа төмендеді.
2023-2024 оқу жылында орта білім беру мекемелерінде оқыту және тәрбиелеу үрдісі «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: ұлттық мүдде, ар-ұят, талап құндылықтары» негізінде жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуге ден қойылған. Орта білім мекемелерінде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағытталған тәрбиелік жобалар, сынып сағаттары, семинарлар, дәріс сабақтары, байқаулар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қабылданған «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» нұсқаулығы бойынша Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары арқылы ата-аналарды ағарту жұмыстарына қамту шаралары да жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні барлық мектепте орталық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп отыр. Бұлардан басқа, Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылып, Даналық мектебінің «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» клубтары мен медиация бөлмелері және қамқоршылық кеңестері де жұмысын бастады.
Мектептерде «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы, «Мектеп парламенті» өзін-өзі басқару ұйымы, Бала құқықтарын қорғау өкілдігі, волонтерлар тобы, «Дебат» пікірсайысшылар, «Адал ұрпақ» еріктілер, «Қыз Жібек» қыздар, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық және «Жас құтқарушылар» клубтары да бала тәрбиесіне белсене атсалысуда. Ағымдағы оқу жылы аталған клуб мүшелерінің саны 21 245 балаға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш – 20 137, 2021 жылы 18 546 оқушы болған. Демек, бұл аталған ұйымға ниет білдірген жасөспірімдердің қатары жыл сайын артып келе жатқанын айғақтайды.
2023-2024 оқу жылы осы бағыттағы жұмыстарға жаңа жобалар енгізілді. Мәселен, Біртұтас тәрбие бағдарламасы мен ӘНХ ұсынымдамалары бойынша білім беру мекемелерінде білім алушылардың құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған «Менің елім және менің құқығым», «Құқық-квест», «Заңға қосқан үлесім», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Заң мамандықтары», еңбекқорлыққа тәрбиелеу үшін «Қолөнер шеберханасы», «Еңбегі адал жас өрен», «Өзің жасап көр» жобалары, «Аспаздық жоба», ар-ұят, намыс, адалдық, жауапкершілік сияқты құндылықтарды жетілдіру үшін «Бейбіт күннің каһармандары», «Өнер мен құндылықтар», «Тарихқа құрмет», «Менің отбасымның өмірлік жолы», «Уақытты басқару және өзін-өзі ұйымдастыру», салауатты өмір салтының маңыздылығын түсінуі және денсаулықты нығайтатын әдеттерге дағдылануы үшін «Күнделікті пайдалы тағам», «Зиянды әдеттен аулақ бол», «Спорт және мен», «Қауіпсіздік және алғашқы көмек», «Психологиялық әл-ауқат және күйзеліске төзімділік», «Ұйқы және оның денсаулыққа әсері», «Экранға тәуелділік: жаман әдет», «Цифрлық гигиена» жобалары мен «Ар-ұят және жауапкершілік», «Біздің қоғамдағы әділеттілік», «Іс-әрекеттегі мейірімділік», «Мейірімділік құндылығы», «Күнделікті өмірдегі адалдық», «Этикалық құндылықтарды дамыту», «Отаншылдық және оның мәні», «Біздің қоғамдағы азаматтық жауапкершілігіміз» тәрбиелік іс-шаралары мен «Бірге болайық» атты ата-анаға мессендж акциясы іске асырылуда. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен де табысты серіктестік орнатылған.
Бұл бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың біршамасы ғана. Алдағы жоспарымыз жұмыр, бағытымыз айқын. Бастысы, білім саласын дамыту бойынша қолға алынған ілкімді істер әрі қарай да үздіксіз жалғаса береді.