Тараздан Жаңатас пен Қаратауға пойыз қатынайды

Жуырда әлеуметтік маңызы бар «Тараз-Жаңатас» бағытындағы жолаушылар пойызы өз жұмысын бастады. Пойыз маусымдық негізде, яғни 3 ай қыс мезгілінде қатынайды. Отарба аталған бағытта 10 бекетке тоқтайды. Атап айтсақ, олар – Бурыл, Шайқорық, Аса, Жұма, Тамды, Қаратау, Ақтаутас, Табақбұлақ, Шабақты және Жаңатас.

Бағыт күнделікті негізде қызмет көрсетеді. Жол жүру ұзақтығы 5 сағат 7 минутты құрайды. Билет құны – 1 254 теңге. Пойыздың жүру уақыты Тараз теміржол вокзалынан «Тараз-Жаңатас» бағытында – сағат 16:40-та, ал «Жаңатас-Тараз» бағытында – сағат 04:00-де.
Өңір халқының әлеуметтік сұранысына жауап беріп, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту – көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Әсіресе, қыс мезгілінде жол қатынасының қиындай түсетіні белгілі. Осындай кезеңде тұрғындардың қауіпсіз әрі қолжетімді түрде қатынауын қамтамасыз ету ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Сол себепті облыс жұртшылығы көптен күткен «Тараз–Жаңатас» бағытындағы жолаушылар пойызының іске қосылуы өңір үшін ғана емес, шалғай ауылдарда тұратын азаматтар үшін де қуанышты жаңалық екені белгілі. Бұл жаңа бағыт елді мекендер арасындағы байланыс пен қарым-қатынасты нығайтып, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауда маңызды рөл атқарады.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment