Таразда жыл ішінде толайым тірлік атқарылды

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиында әуелі аймақ басшысы өңірде атқарылған оң істерді тілге тиек етті.

– Жалпы, облыс тұрғындарын инфрақұрылым мәселесі жиі толғандырып келеді. Қазір өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен шағынаудандар салынуда. Айталық, биыл 635,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 3 709 пәтерлі 78 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алынды. Одан бөлек, «Әулиеата жастары» жобасы аясында 140 жас баспанамен қамтылады.
Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы бұл салаға 25,5 млрд теңге бөлініп, құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 710 шақырым жол қамтылды. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99 пайызға жетті, – деген Ербол Шырақпайұлы жамбылдықтардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы ілкімді істер үздіксіз жалғасатынын жеткізді.
Бүгінде облыс орталығында бір жылдың бедерінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылғаны белгілі. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков кеңінен баяндады.
– Ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысымен Тараз қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, инвестиция көлемі 105,3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 102,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 105,5 пайызға, бөлшек сауда 102,7 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы саласында өсім 100,3 пайыз, өнеркәсіп өнімінің көлемі 100 пайызды құрады.
Жыл қорытындысымен өнеркәсіп көлемін 100,5 пайызға, ауыл шаруашылығы саласында өсімді 100,6 пайызға, инвестиция көлемін 105 пайызға, құрылыс жұмыстарын 104,6 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемін 108 пайызға, бөлшек сауданы 103 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.
Өздеріңіз білетіндей, бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 434 мыңнан аса халық тұрады. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында «Облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде қалада аудан құрылады» делінген. Сәйкесінше, екі аудан құру қала дамуының жаңаБас жоспары аясында қарастырылған.
Былтырғы жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында «Қаланың Бас жоспарын бекіту туралы» қаулы жобасы қаралып, 2024 жылдың 29 қаңтарында бекітілді. Соған сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 12,9 мың гектарды құрайтын, 45 701 тұрғыны бар 14 елді мекен шаһарға қосылып, халық саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Бүгінгі күнге «Жамбыл облысы Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №1014 қаулысы қабылданды. Сондай-ақ Тараз қаласында 2 аудан құру туралы мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданды.
Жалпы, екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етеді. Осы Бас жоспардың негізінде қалада өзекті болып отырған біраз мәселе өз шешімін табары анық. Біріншіден, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатымен екі бірдей көпір құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, Абай даңғылының темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Ендігі кезекте 2025 жылдың ақпан-сәуір айларында аталған көпір құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ «Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу» жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, қаралуда.
Екіншісі – Тараз қаласында кәріз суларды тазарту кешені. Жалпы, дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Соған орай Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Келесі кезекте субсидия алу үшін Ұлттық экономика минстрлігінен мемлекеттік кепілдік алып, ЕРС-мердігерді анықтау бойынша халықаралық конкурс өткізіледі. Құрылыс жұмыстарын 2025-2027 жылдары жүргізу жоспарлануда, – деген Бақытжан Әмірбекұлы өзге де салаларда тындырылған толайым тірліктерге тоқталды.
Атап айтсақ, қазір Тараз қаласында 24 мыңға жуық азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылы 3 285 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде 754 отбасы баспаналы болды. Жалпы, қазір көне шаһарда 3 331 пәтерлі 72 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алу жоспарлануда. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 162 пәтер сатып алуға – 2,1 миллиард, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» арқылы 507 пәтер сатып алуға 7,6 миллиард теңге қарастырылған.
Сондай-ақ тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2024 жылдар аралығында 128 724 азамат тіркелген. Былтыр «Құмшағал-Қарасу» алқаптарынан 1 497 жер учаскесі берілген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Тараз қаласында тұрғын үйлерді жаңғырту көрсеткіштері де артып келеді. Мәселен, шаһардың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес, ал 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер.
Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өтсе, қалған 614-і жөндеуді қажет етеді. Осыған орай биыл 5,1 млрд теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үй жаңғыртылды. Сондай-ақ қайтарым қаражат есебінен Төле би даңғылы №11, «Қаратау» шағынауданындағы №37 «А», 39 үйлер және «Салтанат» шағынауданындағы №29 «А», 29 «Б» үйлер күрделі жөндеуден өтті. Коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» шағынауданындағы үш үйдің қасбеттері боялды. Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43 пайыздан 39 пайызға төмендеген. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаланың орталық көшелеріндегі 28 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы қарастырылды. Осы мақсатта Төле би даңғылының бойындағы 11 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Сондай-ақ Желтоқсан көшесіндегі №71 үй де жаңа кейіпке енуде. Ал 2025 жылы қалған 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі.
Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша ағымдағы жылы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары қайта жаңғыртылды. Осылайша биылға жоспарланған жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары толық аяқталды. Енді келесі жылы Төле би даңғылының қалған бөлігіндегі жылу құбырлары алмастырылады. Сонымен қоса шаһардағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша 12 жоба әзірленіп, сараптамадан өтті. Ал 7 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Қала тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Нақты айтқанда, «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызылабад», «Жиделі» және «28 саяжай» алқаптарына 2022-2024 жылдары республикалық және облыстық бюджеттің есебінен 7,5 млрд теңге бөлініп, 430 шақырым су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде 7 670 отбасы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл жерде мәселе толық шешемін тапты деуге әлі ерте. Себебі, бүгінде 7 670 абоненттің 4 мыңы ғана негізгі су желісіне қосылған.
Тағы бір айта кетерлігі, былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда 45 көшедегі жұмыстар торлығымен аяқталса, қалған 31 көше 2025 жылға өтпелі.
«Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма», «28 саяжай» алқаптары 2023 жылға дейін кооперативтердің теңгеріміндегі электр желілерінен заңды тұлға ретінде 32,7 теңгеден электр энергиясын қолданып келген болатын. Ал «Победа» саяжайы «Казфосфат» ЖШС-нің теңгеріміндегі жоғары кернеулі электр желісінен 29,1 теңгеден электр энергиясын тұтынды. 2023 жылы аталған алқаптар толығымен жаңа желілерге ауыстырылып, «ЖамбылЖарықСауда» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, нәтижелі жұмыстың арқасында 16,2 теңгеден электр энергиясына төлем жасауды бастады. Биыл қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталды. Бұл жоба 2025 жылы тәмамдалады деп көзделуде.
Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары, 79 кіреберіс жол мен 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында да жалғасын таппақ. Бұдан бөлек С.Сейфулин көшесінің бойы және Жамбыл даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды.
Көне шаһарда жолдарды жөндеуге де ерекше екпін түсірілген. Айталық, 2024 жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтсе, 165 көшеге шағал тас жол төселді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 69 пайызға дейін артқан. Сондай-ақ биыл шағынаудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілді.
Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүруде. Мәселен, «Бурыл А,Б,В» алқабындағы 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Бүгінгі таңда 61 көшеге жол жабындысының бірінші қабаты төселіп, 15 көшенің асфальттау жұмыстары толық аяқталды. Ал «Барысхан» алқабындағы 24 көшенің биыл сегізіне асфальт төселді. Қалған көшелер келесі жылға өтпелі.
Сонымен қатар №11 округтегі «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Коммунальник», «Лето» және «Ветеран» алқаптарының 165 көшесіне шағал жол төсеу жұмыстары жүргізілсе, 140 көшеге келесі жылы жол салу жоспарлануда. Осы аумақтағы негізгі жолға келетін болсақ, «Құмшағал» теміржол өткелінен «28 саяжай» алқабы арқылы «Аса-Талас» каналына дейін орталық көшені, «Аса-Талас» каналынан ескі «Айша бибі» бекетіне дейін айналма жолды қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған 2 жоба әзірленгеннен кейін, мемлекеттік сараптамаға ұсынылады.
Биыл аулаларды абаттандыруға да айрықша басымдық беріліп, нәтижесінде 25 аула абаттандырылды. Сонымен қоса Тараз қаласында спорт нысандарының құрылысына жергілікті бюджет есебінен 225 миллион теңге бөлініп, 9 шағын футбол алаңшасы салынды. Сондай-ақ қала ішіндегі 14 футбол алаңшасы күрделі жөндеуден өтті. Ағымдағы жылы «Ұлы дала» (15) ықшамауданынан спорт кешенінің құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұдан бөлек, демеушілер тарапынан облыс орталығында 3 спорт нысаны бой көтерді.
Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында шаһарға жалпы саны 200 автобус әкелу көзделген еді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бұл меже үш жылда емес, екі жылда толық орындалды. Атап айтар болсақ, 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, ағымдағы жылы 155 автобус пайдалануға берілді. Айта кететін жағдай, «Автобусный парк-2020», «Smart City Servise» және «RashLau» ЖШС-де жаңа автобустардың үлесі 100 пайызға жетті. Осылайша, халық сұранысына сай жаңа №57, №50, №41, №18, №13 бағыттары ашылды. Тек бұл ғана емес, аялдамалар орнату бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда. Айталық, биыл қала аумағына 80 аялдама қойылды. Сонымен қатар №11 аумақтық округке қарасты «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Шаңырақ» алқаптарына №9, №54, №60, №61 бағытындағы қоғамдық көліктер қызмет көрсетеді. Былтыр №60 маршруттағы ескірген және тозығы жеткен автобустар алмастырылса, ағымдағы жылы №54 және №61 маршруттар бойынша қызмет көрсететін қоғамдық көліктер толықтай жаңаланды. 2023 жылы аталған аумақтық округке 13 жаңа аялдама орнатылса, биыл 7 жаңа аялдама қойылды. 2025 жылы тағы 15 аялдама орнату жоспарда тұр екен.
Қаланы көгалдандыруға да көп көңіл бөлінуде. Айталық, жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, 2025 жылы да 20 мың түп ағаш егілмек. Бұдан бөлек, биыл Саңырық батыр, Тәуке хан көшелеріне, «Жеңіс», «Қ.Рысқұлбеков», «Т.Рысқұлов» саябақтарына, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңайына, «Қазақ хандығы» монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, Теміржол вокзалы, «Қуғын-сүргін құрбандары», «Арбат» скверлеріне, «Денсаулық», «Атшабар» аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық әртүрлі ағаш отырғызылды.
Шаһарды абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі күні қаланы ағын сумен қамтушы арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. Өткен жылы осы мақсатта шағынаудандарда 33 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың арқасында 15 шақырымдай арық жүйесі қалпына келтірілді. Бұған қоса халықтың қатысуымен абаттандыру жобасы аясында «Ұлы дала» (15) ықшамауданы жанындағы «Түйте» каналының бойы абаттандырылуда.
Қала бойынша есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға азайған. Ең төменгі күн көріс деңгейі 49 293 теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға өскен. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес биыл 21 036 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге жұмыспен қамтылғандардың саны 19 234 адамды құрап отыр. Бұдан бөлек, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 1 миллиард 295,3 миллион теңгеге 4 767 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілген.
Көне шаһарда білім саласын дамытуға да баса назар аударылуда. Соның дәлелі – биыл 7 мектеп пен 1 жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізіліп, «Казарма» алқабында – 180, «Арай» алқабында – 600 және «Бәйтерек» шағынауданында 1 200 орынды, «Ұлы дала» шағынауданындағы 1 200 орынды «Жайлы мектептер» пайдалануға берілді. Ал қалған 3 мектептің құрылысы әлі жалғасуда. «Шөлдала» алқабында – 600 және «Ұлы дала» шағынауданында 2 000 орынды «Жайлы мектептер» келер жылы есігін айқара ашпақ. Сондай-ақ №15 мектеп-гимназиясына 300 орынды жапсарлас ғимарат салынуда.
Көне шаһардағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары Тараз қаласының үш жылдық Даму картасында айқын көрініп тапқан. Осыған орай нақты әрі тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұған тұрғындармен жүздесу барысында тағы да көзіміз жетті. Дегенмен, бюджет мүмкіндігіне байланысты барлық мәселені аз ғана уақыттың ішінде шешу мүмкін емес екені белгілі. Ендеше, Ұлу жылында басталған толайым тірліктер Жылан жылында да өз жалғасын табарына сенім мол.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment