Таразда жол жөндеу жұмыстары басталды

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қала аумағындағы жолдардың ағымды жөндеу жұмыстарымен танысты.

Әуелі шаһар басшысы Қаратай Тұрысов көшесіне аялдады.
Жалпы бүгінгі күні қаладағы 11 аумақтық округте «АБДИ СТРОЙ» және «BIG building NS» ЖШС мердігерлігімен ағымды жол жөндеу жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарының барысына қаныққан қала әкімі ең алдымен сапаға мән беру керектігін баса айтты.

– Бірінші кезекте жұмыстың сапалы әрі уақытында аяқталуы маңызды. Сондай-ақ жол құрылысы кезінде тұрғындардың еркін жүріп-тұруына қолайсыздық тудырмауды ойлаңыздар, – деген Бақытжан Әмірбекұлы Братская көшесіне де барып, жұмыс барысын көзбен көрді.

Бұдан кейін қала әкімі «Тектұрмас» кешеніне ат басын бұрды. Жалпы аталған аумақтың айналасына 3600 ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Былтыр мамандар 2600 шырша мен қарағай ексе, биыл мың түп ағаш егуді қолға алуда.

– Тұрғындар көп келетін кешенді жасыл желекке бөлеу – өте құптарлық шешім. Жасыл желек жанға жылу сыйлап қана қоймай, қала экологиясына да оң әсерін тигізеді. Алайда, оны уақытылы күтіп-баптауды да ұмытпауымыз керек. Әсіресе, тал көшеттерін дер кезінде суарып тұруға баса мән берген жөн. Онсыз қыруар көшетті отырғызғаннан еш пайда жоқ, – деген шаһар басшысы жауаптыларға бір айдың көлемінде суару жүйесін аяқтауды тапсырды.

Келесі кезекте қала әкімі «Жігер» алқабындағы №35 кіші футбол спорт алаңшасына аялдады. Бұл спорт нысанының үстінен жоғары тоқ сымдарының жүргізілуіне байланысты футбол алаңшасының орны ауыстырылмақ.

Балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін айтқан шаһар басшысы сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Comments (0)
Add Comment