Таразда жастар театрының тұсауы кесілді

Таразда жастар театрының тұсауы кесілді

Халықаралық театр күніне орай Таразда жастар театрының тұсауы кесілді. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков пен өнер жанашырлары қатысты.

Әуелі аймақ басшысы сөз сөйлеп, жаңа театрдың қадамына сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Сондықтан аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек», – деп нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Бұл бағытта облысымызда да ілкімді істер қолға алынып келеді. Айталық, тәуелсіздік жылдары өңірімізде көптеген мәдени нысан бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Облысымызда жастар театрын ашу мәселесін мәдениет майталмандары талай уақыттан бері көтеріп келеді. Ендеше, осы өнер ордасы – соның алғашқы баспалдағы, қарышты қадамы. Осы жерден дарынды жастарымыз саф өнердің қыр-сырына бойлап, өздерін кеңінен танытуға мол мүмкіндік алмақ, – деген Ербол Шырақпайұлы мәдениет саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Құрмет грамоталары мен арнайы Алғыс хаттарды табыстады.
Бұдан кейін ҚР еңбек сіңірген артисі, ҚР Құрметті журналисі, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Асқарбек Сейілхан ақжарма тілегін жеткізіп, ақ батасын берді.
Шара соңы жастар театрының қазақ вальсінің королі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың өнегелі өмірі жайлы «Уақыттан биік әуен» қойылымына ұласты.

Comments (0)
Add Comment