Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, талқыға түсті.
Жиында 1 шілдеден бастап көп қабатты тұрғын үйлерге беріле бастаған ыстық су барысы жіті қаралды.
«ТАРАЗТРАНСЭНЕРГО» МКМ директоры Князь Туртаеваның сөзіне сүйенсек, 964 көп қабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамту 1-5 шілде аралығына жоспарланыпты.
– Ағымдағы жылдың 1-5 шілде аралығында Тараз қаласы бойынша 964 көп қабатты тұрғын үйге ыстық суға беріледі деп жоспарланды. Бүгінгі күнге дейін 550 үй қосылып, 57 пайызды құрап отыр. Оның ішінде Бәйтерек (13), Астана (12), Арай тұрғын алқабында – 41 үй, ал Мыңбұлақ (9), Алатау (8) мөлтек аудандарында 38 үй бар. Байзақ батыр көшесінде – 19 үй. Сондай-ақ «Жамбыл жылу» қазандығы арқылы Қарасу (5), Қаратау (2) ықшам аудандарында 94 үйге ыстық су берілді. Жалпы ыстық суға 192 тұрғын үй 1 шілде күні қосылып отыр, – деді Князь Таңатарқызы.
Ал екінші шілде күні Алатау (8), Мыңбұлақ (9), Аса (10), Жансая (11), Жайлау (3), Ақбұлақ (1), Салтанат (4), Талас (6), Самал (7), ықшам аудандары, Төңкеріс иіні, Телецентр, Қойбекова, Гамалей, Аскаров, Сәтпаев, Сүлейменов, Көшеней көшесінде, Төле би, 2-10, Сыпатай батыр, Қарахан, Қазыбек би, 104-116 А дейін, Төле би, 38-61 дейін, Абай даңғылы, 128-148 А дейін, Әйтеке би, Жамбыл даңғылы, Сәрсенбаев, Қазыбек би, 141-148 дейін, Желтоқсан, 82-88 дейін, Қойгелді көшесі, Жұбанышов, Достоевский, Рахимова көшелерін қосқанда жалпы саны 358 үй ыстық суға қосылған.
Енді қалған 414 үйге алдағы күндері кезең-кезеңімен ыстық су берілетін болады.
Өз кезегінде қала әкімі шаһардағы барлық тұрғын үйге бір мезгілде ыстық су беру мүмкін емес екендігін, алайда бұны бұқараға жіті түсіндіру қажеттігін жауаптыларға ескертті. Сондай-ақ тұрғын үйлерге ыстық суға жоспарлы кезеңнен кешіктермей, кезең-кезеңімен қосуды тапсырды.
Жиында бұдан бөлек қаржының игерілуі мен шаһардың экономикалық дамуы да қаралды. Мұнда да Бақытжан Әмірбекұлы есепті кезеңдегі жетістікке тоқмейілсімей, жыл соңына дейін жұмысты жүйелі жүргізуді жүктеді.
Аппараттық кеңесте Құмшағал иіні тұрғындарын ауызсумен қамту, субұрқақтарды іске қосу, құрылыс нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бұқара мен бөлім басшылары арасында кері байланыс орнату, кезекте тұрған тұрғындарға жер беру сынды мәселелер де талқыға түсіп, шаһар басшысы жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді.