Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі, ғұндарға тірек, түркілерге тұғыр болған бақ мекен. Қасиетті өлкеде Қазақ хандығының іргесі қаланғаны да тарих беттерінде сайрап жатыр. Бүгінде көне шаһар алыс-жақындағы ағайынның ат ізін салып тұратын киелі шаңырағына айналып келеді. Әсіресе мұндағы туристік нысандар көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Бүгін солардың бірқатарына тоқталмақпыз.
Тереңнен тамыр тартқан Тектұрмас
Таразға жолыңыз түсіп, Талас өзенінің оң жағалауын бойлай жүрсеңіз, шаһардың оңтүстік-шығыс шетінде тұрған алып кешен көзіңізге оттай басылады. Аумағы 24 гектарды алып жатқан төбеде X-XIV ғасырлардан келе жатқан сәулет ескерткіші саналатын «Тектұрмас» кесенесі бой көтерген. Кешен VII-XI ғасырларда ислам діні енгенге дейін қалыптаса бастапты. Бүгінгі таңға дейін кесененің түпнұсқасы сақталмаған. 1864 жылы патша әскерлері мен қоқандықтар арасындағы соғыс салдарынан кесене айтарлықтай зақымданды. Мұны киелі мекеннің 1890 жылдардағы түсірілген фотосуреттеріне қарап бағамдауға болады.
Бұл кесене халық арасында «Тектұрмас әулие» деп аталып кеткен, Сұлтан Махмұдтың жерленген жері. Тарихи деректерде тау тұлғаның Қарахан мемлекетінің әскербасы болғаны да айтылады. Сондай-ақ аталған кесене X-XIV ғасырлардағы ежелгі ғибадат орындарының біріне жатады.
Тектұрмас төрінде тұрып төменге көз салғанда, Тараз қаласының көркі көзге бөлек көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, қаланың бұл бөлігі елге ежелгі қоныс болған. Толқынды Талас өзені арқылы керуендер жүріп өткен Тектұрмас көпірінің қалдықтары осы күнге дейін сақтаулы тұр. Ежелгі заманда адамдар өзен ағысының бойында қоныстануды жөн көргені баршаға мәлім. Қоныс егін шаруашылығына ыңғайлы болғандықтан, негізінен мұнда диқандар тұрған екен. Қырғыз Алатауының соңғы жотасы саналатын Тектұрмас тауы осындай төбе болған деседі.
Бұл таудың бөктерінде халқымызға танымал талай тау тұлғалар жерленген. Атап айтқанда, Сұлтан Махмұд хан, қазақтың ұлы батыры, Абылай ханның ажырамас серігі, тәуелсіздік үшін күрескен Мәмбет батыр, Байзақ батыр, Қазан қаласынан шығып, қажылыққа жаяу аттанған теолог-ғалым Фасахуддин Сәбитов те Тектұрмаста соңғы тұрағын тапқан.
Тағы бір таңғалатын жайт – мұнда зороастрлықтардың, христиан-несториандықтардың, ежелгі мұсылмандар қатарлы үш түрлі дін өкілдерінің қабірлерінің болуы. 1982 жылы республикалық маңызы бар Қазақ КСР тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекеттің қорғауына алынған кесене 2019 жылы облыстың мерейтойына байланысты өңірдің мәдени-тарихи мұраларын сақтау және өңірге туристерді тарту бойынша мұнда үлкен құрылыс жұмыстары атқарылған болатын. Биіктігі 13 метрлік Әулиеата – Қарахан және 10 метрлік Лауха ескерткіштері, сонымен қатар үлкен баспалдақ пен бақылау алаңшалары салынып, түрлі архитектуралық ескерткіштер бой көтерді. Бұдан өзге, билеушілердің есімі жазылған 14 хан шатыры бар.
Бүгінгі таңда Таразға табаны тиген қонақтар мұнда жиі бас сұғады. Жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар да осында тұрақ тапқан әруақтарға тағзым етіп, дұға оқып, болашағына бақыт тілеп, бата алу үшін этнокешенге жиі келеді. Осынау киелі өлкедегі «Тектұрмас» кесенесі келер ғасырдың көшінде ел игілігі үшін жұмыс жасайтын жұмақ мекенге айналып қала бермек.
Киелі Қарахан кесенесі
Ғасырлар қойнауынан бізге жеткен құнды кесенелердің бірі 11 ғасырдан сақталған сәулет өнерінің көзіндей болған. Қарахан әулетінен шыққан белгілі хан Ша-Махмуд Бұғра Қарахан қабірі облыс орталығына өзгеше өң беріп тұр. Қарахан өз заманында аса данышпан, дүниені дүр сілкіндірген атақ-абыройға ие құдіретті билік иесі болған. Алайда билік пен шексіз байлығына қарамастан, қарапайым тұрмыс кешкен. Х ғасырдың екінші жартысында көшпелі түркі тайпаларының арасында Қарахан тұлғасы аңызға айналып, оларды бір тудың астына біріктіруге шақырған идеологиялық ұстаным ретінде көрініс табады. Нәтижесінде Жетісу, Шу, Талас өңірін қамтитын Қарахан мемлекеті орнайды. Қарахандықтар дәуірі кезінде елдің тұрмысы жақсарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған. Ел билеген Қараханды халқы мәртебелі қайраткер ретінде бағалап, әулие тұтып, оның құрметіне кесене салған. Кейін арада жүздеген жылдар өтіп, Тараз қаласы қирауға ұшыраған кездің өзінде, қала қирандыларының арасынан бой көрсетіп тұрған кесене жергілікті халықтың жадында қалған.
Күмбезі ғана құлаған кесененің төрт қабырғасы мен жылтыр кірпішпен өрнектелген қос мұнарасы ХІХ ғасырдың 90-жылдарына дейін сақталған екен. 1905 жылы оның құлаған бөлігі түгелдей бұзылып, орнына 1906 жылы жаңа кесене салынған еді. Жаңа құрылысты сол кездегі Ташкент ишаны Сайд Бакханов қаржыландырған. Кейінгі салынған кесене алғашқысына ұқсамайды. Қабірдің қасбеті өзінің сүйіктісі Айша бибі кесенесіне ұқсас болғанымен, кірпіштерінің өрнектеліп қалануы жағынан Бұқарадағы ортағасырлық Исмаил күмбезіне ұқсас тұстары табылады.
Кесенесі төртбұрышты, ортаңғы кең бөлмеден және үш кіші бөліктен тұрады. Орталық бөлменің төбесі киіз үйге ұқсатылып жабылған. Артқы жағында екі мұнарасы бар. Кесененің қасбеті оңтүстікке қараған, ал оның ішіндегі қабір оңтүстіктен солтүстікке қаратыла қойылған. Кірер есігі аркалы қуыспен безендірілген. Қабырғаларының ішкі жағы кесененің бұрынғы өз кірпіштерімен қаланып, сыртқы жағын қалауға жаңа кірпіш пайдаланылған екен. 1982 жылы кесене мемлекеттік қорғауға алынып, Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш нысандарының тізіміне енгізілді. 2002 жылы шаһардың екі мың жылдық мерейтойына орай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Міне, содан бері мың жыл уақыт өтсе де, Қараханның ардақты есімі елінің абыройы, оның басына қойылған кесенесі ұрпақтан-ұрпаққа тарихи сәулет ескерткіші болып жетіп отыр.
Көркіне көз тоймайтын «Көне Тараз»
2020 жылдық тарихи жолын басып өткен шаһар, жылнамалар тізбегінде аты неше ауысып, құлдырау мен көркею кезеңін бастан өткізіп, бүгінгі ғасыр қойнауына келіп жетті. Бүгінде көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі қала рухани орталыққа айналып отыр. Қалаға қарлұқтар VI-IX ғасырлардың алғашқы кезеңінде иелік етсе, ІХ соңында Саманидтер әулеті өз меншігіне алды. Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында Тараз Қараханидтер мемлекетінің астанасы атанды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне деректерге сүйене отырып, тарихшылар мұнда ХІ ғасырда сарайы жұмыс істеген деген болжам айтады.
Бүгінде облыс орталығы атанған шаһарда 2011 жылдан басталған археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде өткен ғасырлардан сыр шертетін құнды мұралар қазып алынды. Бүгінгі таңға дейін археологтар VI-XII ғасырларға жататын шамамен 50 мыңдай артефакт тауып үлгірді, оның ішінде мешіт, медресе, отқа табынушылардың мехрабы, зындан, көне Талас өзені сағасының жағасы, тұрғын үйлердің іргетастары анықталған.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шаһарда көптеген жұмыстар атқарылды. Солардың ең ауқымдысы – көне Тараздың айналасы абаттана бастады. Бүгінде көне қаламен қанаттас тұрған шолу мұнарасы, Достық үйі мен Конгресс-холлы бар мәдени орталық, «Тараз саздары» стеласы, «Мыңбұлақ» саябағы, экспонаттар қойылған музей нысаны орналасты. Сонымен қатар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында келген қонақтар аралайтын қалалар тізіміне енгізілгенін мақтанышпен айта кеткеніміз жөн. Облыстың 80 жылдық мерейтойы аясында бой көтерген құрылыстар өз алдына бір төбе. Торқалы той аясында «Шахристан» кешенін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған болатын. Жоба бойынша кешен аумағына көркемсурет галереясы, облыстық өлкетану мұражайы, 700-800 орындық амфитеатр, көлемді сағат стеласы, көрме залы және Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бой көтерді. Қала тұрғындары мен қонақтарының серуендеуіне арналған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің бір бөлігі ретінде «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңы ашылды. Ол «МАРТ» ойын-сауық сауда орталығынан Аққозиев көшесіне дейінгі аралықты алып жатыр. Ұзындығы 500 метрге жуық. Онда бекітілген аумақ тегістеліп, 2 400 шаршы метрге жуық жаяу жүргінші жолы төселген. Арбатты аралап жүрсеңіз, өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген алғысының символикалық белгісі ретінде «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне көзіңіз түседі.
Тағылымға толы «ТӨРТКҮЛ» сарайы
Ерте дәуірлерден-ақ Тараз Орта Азия аймағын өзге де елдермен байланыстыратын керуен жолдары болғаны анық. Мұны шаһарда жасалған археологиялық қазба жұмыстары сауда жолдарында түрлі өркениеттердің болғанын айғақтап келеді. Соның бірі – Тараз төріндегі «Төрткүл» керуен сарайы. Аталған кешен IX ғасырда ірге көтерген. Төрт ғасыр бойы сауданың қайнаған қызу ортасы болған сарай көне қаланың тарихының тамырын тереңге тартып тұратыны даусыз. Кешеннің жалпы аумағы 100 шаршы метрден асады. Қорғандарының биіктігі 5 метрдей болса, қалыңдығы да 5 метрге жуық. Қорған айналасында 4 мұнара, оңтүстік және солтүстік жағында 8 метрлік 2 қақпа жасалған. Негізгі қақпаның екі шетіндегі 4 бөлмеде қолданбалы өнер шеберханасы болған.
Керуен сарайы кешенінде қонақ үй, жүк таситын түйе мен жылқыларға қоралар, жүк сақтайтын қоймалар қарастырылған. Бұл жерлерде керуендер мен оның құрамын қарақшылардан қорғайтын арнайы жасақтар да қызмет ететін. Керуен сарайлардың қорғаныс мақсатындағы салынуы және оның ішкі құрылыс бөліктері сыртқы пішінінің бекініс түрінде көрінуіне себеп болды. Олар қамал дуалдарымен қоршалады. Көпшілігі екі бөліктен дуалмен қоршалған. Дуал бекіністері тіктөртбұрыш пішіндес келетін, ішкі алаңқайлары жан-жағына әртүрлі мақсаттағы бөлмелер салынған.
Бір қызығы, керуен сарайлары жол бойына арнайы жүйелі есеппен салынған. Таңертең керуен сарайдан шыққан керуен күн бата келесі бір тұраққа жетіп тоқтайды. Ол керуеншілерде жол бойындағы қонақ үйлердің қай жерде орналасқаны туралы анықтама кітапшалары болған. Ұлы Дала төсінде талай керуендер мен жолаушылар беттеп бағыт алған бұл кешен қазіргі күні облыс әкімдігінің қамқорлығына алынып, этнотуризмді дамытуға арналған мекен ретінде күрделі жөндеуден өтуде. Облыс тұрғындары мен туристер арасында «Төрткүл» керуен сарайының танымалдылығы оның аса тарихи маңыздылығымен және ерекше мұражайдың ашық аспан астында орналасуымен айрықша.
Тұңғыш хандардың еңселі ескерткіші
Ел басына екіталай күн туған заманда ертеңгі елінің болашағын ойлап, халқын атқа қондырып, Керей мен Жәнібек көш бастап, Қозыбасы тауында Алты Алаштың басын құрап, Шудың жағасында ту көтерген еді.
Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы 2000 жылдық тарихы бар Тараз төрінде өтіп, елімізден және өзге де алыс-жақын 17 елден 5 мыңға жуық қонақ келген болатын. Ел рухын аспандатқан той аясында «Тараз-Арена» спорт кешенінің қарсы алдында орналасып, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек ханның ескерткіші қойылды.
Сәулетші Серік Рүстембеков, мүсіншілер Мұрат Мансұров пен Ринат Абеков жасаған «Мәңгілік Ел» монументінің биіктігі 30 метрді құраса, хандардың мүсінінің биіктігі – 5 метр. Аумағы 3,5 гектарды алып жатыр. Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керей ханның тақта отырған сәті бейнеленген. Керейдің қолында қағаз бен қалам бар. Ол хандықты алғаш осы өңірде құрылғандығы туралы жарлық етіп жатқанын білдірсе керек. Ал Жәнібектің қолындағы найзасы мен тізесіне қойған қылышы әрі жас, өзі хас батырдың қайрат-қажырын, ерік-жігерінің бейнесін сомдайды.
Жалпы бұл мақаламызда Тараздың тарихи орындарының бірнешеуін ғана тілге тиек еттік. Құрсағы құтқа толы өлкеде біз жазатын қасиетті орындар аз емес, бұл тек басы ғана.
Жұматай Көксубайұлы