Тараздағы түйткілдердің түйіні тарқатылады

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласы, №8 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Айта кетейік, аталған аумақтық округке 5 ықшамаудан кірсе, онда көпқабатты 207 үй, 11 көше бар. Халқының саны 30 500 тұрғынды құрайды.

Облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері қатысқан жиын барысында әуелі қала әкімі Бақытжан Орынбеков баяндама жасап, округтегі атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Жалпы қала тұрғындарымен кездесулерде көшені түнгі жарықтандыру, жолдарын жөндеу және тағы да басқа мәселелер зерделеніп, тиісті шаралар қабылдануда.
Қазіргі уақытта қаланы жарықтандыру, абаттандыру, көшелерін жөндеу бойынша 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму жоспары әзірленді. Жоспарлаудың басымдықтарына сәйкес, мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары салынып, қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, көше жарығы жүргізілмек. Айталық, ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен 481,2 млн теңгеге Шостакович көшесін қайта жаңғырту жұмыстары және 386,9 миллион теңгеге Саңырақ батыр көшесі қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар «Самал»(7) және «Мыңбұлақ» (9) ықшамаудандарындағы мектеп және балабақшаларға баратын жаяу жүргінші жолдары (тротуар) жөндеуден өткізіліп, ағымдағы жылдың қазан айының аяғына дейін аяқталуы жоспарлануда. Сондай-ақ шаһарда орналасқан ықшамаудандардағы көпқабатты үйлердің аулалары мен кіреберістерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына биыл 200 миллион теңге бөлінген. Қазір мердігермен келісімшарт жасалып, жұмыстар осы айда басталады. Бұған қоса тозығы жеткен «Мыңбұлақ» (9), «Самал» (7), «Алатау» (8), «Жансая» (11) ықшамаудандарындағы ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және одан ведомстводан тыс сараптамадан өткізуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, «Бақыт таңы» және «Құрылыс инвест жоба» серіктестіктері жеңімпаз болып анықталды. Жалпы келісімшарт құны 165, 1 мың теңгені құрады. Бүгінгі таңда бастапқы деректері жинақталып, жобалық сметасын әзірлеу жұмыстары басталды, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы халықты «Талас» (6) ықшамауданы №№25,26,28,29 көпқабатты тұрғын үйлерге барар жолды кеңейтіп, автокөлік тұрағын және жаяу жүргіншілер жолын салу, С.Сейфуллин, Д.Шостакович, Т.Рысқұлов, Әл-Фараби көшелерінің бойында орналасқан орындықтарды және қоқыс тастайтын жәшіктерді қалпына келтіру, «Қарасу-2» каналының бойында орналасқан 3 контейнер алаңдарының айналасындағы бұзылған бордюрлерді қалпына келтіру және араларын асфальттау, абаттандыру, механикалық тазалау, «Жайлау», «Салтанат», «Талас», «Самал», «Мыңбұлақ» секілді ықшамаудандарда орналасқан қоқыс жәшіктерін қалпына келтіру және асфальттау, бақылау камерасын орнату, Б.Момышұлы-Д.Шостакович, С.Сейфуллин-Әл-Фараби және С.Сейфуллин-Б.Момышұлы көшелерінің қиылыстарындағы су өткелдерін ауыстыру сынды өзекті мәселелер толғандырады екен.
– Сіздер көтеріп отырған мәселелер өңіріміздің басқа аудандарына да қатысты. Атап айтқанда, жолдарды жөндеу, жарықтандыру мен абаттандыру проблемалары күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Сол үшін бұған шамалы уақыт қажет. Өйткені тиісті жобалық-сметалық құжаттары әзірленуі тиіс, – деген аймақ басшысы жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Кездесуден кейін Нұржан Молдиярұлы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Жұмаш Жолболды

Comments (0)
Add Comment