Таразда “ШЕР” прозашылар клубы құрылды

Таразда “ШЕР” прозашылар клубы құрылды

Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық өңірдегі проза жанрында қалам тартып жүрген бірқатар қаламгерлермен кездесті.
Кездесуге көпшілікке белгілі қаламгерлер Марат Құлибаев, Қамар Қарасаева, Ардақ Үсейінова және Эльмира Байназаровамен қатар, Қанат Тілепберген, Ерлан Нұрланов сынды жас прозашылар қатысты.

«Облысымыздағы танымал Елен Әлімжан, Пернебай Дүйсенбин, Көсемәлі Сәттібайұлы сынды аға буын прозашылардан кейінгі толқынның шығармалары бүгінде дұрыс насихатталмай, елеусіз, ескерусіз тасада қалып келеді. Біз бұған дейін де облыстағы көптеген әдеби байқаулар мен кештердің куәсі болып жүрміз. Тіпті, қарымды жазушылар мен поэзия әлеміндегі авторлардың шығармалары жарыққа шығып, оқырманға жол тартып жүргенін білеміз. Алайда, өңіріміздегі прозашылықпен шұғылданатын талантты, жазары бар шығармашылық өкілдері бұндай рухани, әдеби-мәдени маңызы бар дүниелерден қалыс қалып жатқанын көзбен көріп те жүрміз. Біздің орталық облыстың бас руханияты болғаннан соң, мұндай келеңсіз жағдайларды ескеріп, мүмкіндігінше жүйелеуге тырысады. Сондықтан да бүгін аймақтағы ат төбеліндей ғана аз прозашылықпен шұғылданатын қаламгерлердің басын қосып, олардың қазіргі шығармашылықтағы жағдайымен танысып, ұсыныстарын тындап, алдағы уақытта ортақ бағытта жұмыс жасауды, проза жанрын ілгері дамыту үшін өздеріңізбен ақылдасуды мақсат етіп отырмыз»,-деді Жасұлан Лесбекұлы.
Сонымен қатар, жиында орталықтың директоры қаламгерлердің жағдайымен таныса келе, өңірде прозашылардың арнайы клубын құру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, прозашылардың ұсынысы бойынша алдағы уақытта жинақ шығару мәселесі де талқыланып, күн тәртібіне қойылды. Жоғарыда айтылған ұсыныстар ескеріле келіп, жиынға қатысып отырған қонақтар мен орталық қызметкерлері ортақ прозашылар клубын құру керектігін құптады.
Кездесудің соңында көпшіліктің ұсынысымен «ШЕР» прозашылар клубы құрылып, сегіз қаламгер мүшелікке енді.

Еске сала кетейік, бұған дейінде Руханият орталығы «Менің анам» және «Мөп-мөлдір көздің қарасы…» сынды жинақтардың қалың оқырманға жол тартуына мұрындық болған. Алдағы уақыттарда да «Шер» прозашылар клубы Шераға орталығы тарапынан қолдауға ие болып, өңірдегі проза жанры жаңдана түспек.

Мадияр Ералыұлы

Comments (0)
Add Comment