Таразда республикалық референдум қалай өтті?

Бүгін елімізде аяқталған республикалық референдум Тараз қаласында жоғары деңгейде өтті.

Таңғы сағат 7:00-ден бастап кешкі сағат 20:00-ге дейін шаһар аумағындағы 154 референдум учаскесіне қала тұрғындары белсенді түрде келіп, өз таңдауларын жасады. Оның ішінде 8 602 жас алғаш рет дауыс берді.

Барлық учаскелер заң талаптарына сай жабдықталып, тұрғындардың еркін дауыс беруіне мүмкіндік берілді.

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков алғашқылардың бірі болып N41 учаскеде өз таңдауын жасады.

Шалғай аумақтарда тұратын азаматтар, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы қоғамдық көліктер әзірленіп, олардың учаскелерге кедергісіз қатынауы қамтамасыз етілді.

Референдум күні шаһарда ерекше белсенділік байқалды. Кейбір учаскелерде азаматтардың көп келуіне байланысты ұзын-сонар кезек қалыптасты.

Сондай-ақ, маңызды шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, мәслихат депутаттары, ардагерлер, жастар, кәсіпкерлер мен өзге де түрлі сала өкілдері айрықша атсалысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді.

Ғасыр жасаған қариялар да бұл саяси науқаннан шет қалмады.

Сонымен қатар, учаскелерде мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында мәдени іс-шаралар мен сауда-саттық көрмелері және анимациялық шоулар ұйымдастырылды.

Референдум аясында қаланың екі ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, жергілікті өнімдер нарық құнынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынылды.

Осылайша, тараздықтар референдумда жоғары азаматтық белсенділік танытып, ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлестерін қосты.

Comments (0)
Add Comment