«Pfizer» вакцинасы Жамбыл жеріне де жетті. Өткен аптада 40 950 дозасы мұздатылған күйде өңірге әкелінсе, апта басында №5 қалалық емханада аталмыш вакцинаның алғашқы дозасын 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер қабылдады.
Жалпы термобокстың ішінде вакцина құрғақ мұзбен жабылған. Ол 2021 жылғы 20 қазандағы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №46 Қаулысының әдістемелік ұсыным талаптарына сәйкес түсіріліп және -90 С-тан -60 С-қа дейінгі температуралық режимде мұздатқыш камераға орналастырылған. БМСК деңгейіне вакцина ақпараттандырылған келісім санына өтінім алу арқылы беріледі.
Тараз қаласында «Pfizer» вакцинасын салу №2 және №5 қалалық емханалар базасындағы егу кабинеттерінде (жүкті, бала емізетін әйелдер, сондай-ақ ата-аналарының қалауы бойынша жасөспірімдер) бастау алуда. Вакцина алуға келген жасөспірімнің бірі – 11-сынып оқушысы. Ата-ананың келісімі берілген рұқсат қағазымен келген оқушыны дәрігер алдымен толық тексеріп, оның денсаулығы жайлы толық мағлұмат алды. Кейін дәрігер оқушының көзінше жаңа құтыны ашып, екпенің сынамасын оған салып, жарты сағат күтті. Осы уақыт аралығында оқушының денсаулығы бақылауға алынып, кейін вакцинаның толық дозасы салынды.
– Мен 11 және 8-сынып оқитын балаларымды өз еркіммен екпеге алып келдім. Бұл тақырыпта үйде балаларыммен сөйлесіп, олардың пікірін біліп, әлемді жайлаған індеттің алдын алатын осы вакцина екеніне көзімізді жеткізіп, бүгін емханаға келдік. Мен өзге ата-аналарды да екпе алуға шақырамын, – дейді Гүлшат Телбаева.
№5 қалалық емханаға 5 білім ошағы қарайды екен. Ал оқушыларға вакцинаны ешкім мәжбүрлеп сала алмайды. Дәрігерлер балаға екпені тек ата-ананың рұқсатымен ғана салуға құқылы.
– Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап халықты жаппай вакциналау облысымызда бастау алды. Жалпы 631 300 тұрғын екпе алады жоспарланса, бүгінде бұл көрсеткіш 576 мың тұрғынды құрап отыр. Яғни облыс тұрғындарының 91 пайызынан астамы бүгінде вакцинацияланды.
Енді міне, облыста 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, жүкті және емізулі баласы бар әйелдерді «Pfizer» вакцинасымен коронавирустық инфекцияға қарсы иммундау жүргізілуде. Жалпы 139 мыңға жуық тұрғынның ішінде 92 960-ы 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер болса, қалғаны жүкті және емізулі санаттағы әйелдер. Жүктілігі 16-37 апта аралығында және босанғаннан 42 күннен кейін, сондай-ақ 1,5 жасқа дейін бала емізетін әйелдер екпе алулары қажет. Әрине, ол әр адамның өз келісімімен жүргізіледі, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Облыстың бас дәрігерінің берген мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде өңірдегі 441 мектепте түсіндіру жұмыстары басталыпты. Сала мамандары жасөспірімдердің ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алған және мектеп қабырғасында медпунктке егілгісі келген жағдайда аумақтық емхана дәрігерлерінің көшпелі егу бригадасы вакцина дозаларының санына өтінім жасап, оқу орнына барып, жасөспірімдерді вакцинациялауы тиіс. Ал елді мекендерде аудандық емханалардың базаларында «Pfizer» вакцинасын салу үшін жеке егу кабинеттері қарастырылған. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында оқу орындарына шығу үшін ақпараттандырылған келісіммен вакцинаның қажетті мөлшерін алу бойынша дәрігерлердің мобильді бригадасы құрылуда. Жалпы вакцина егу екі кезеңде жүргізіледі. Облысқа әзірге екпенің тек І компоненті жеткізіліп отыр.
– Негізі, вакцинаның компо-ненттерінің арасы – 21-28 күн. Алдағы аптада ІІ компонент алдыру жоспарда бар. Жалпы облыс бойынша ревакцинация қарашаның 23-інен басталады. Осы уақытқа дейін екпенің басқа түрін алған азаматтар ІІІ кезеңнен өтіп, қайта егілулері керек. Ол жүкті әйел болсын, ол қарапайым азамат болсын өзінің денсаулығы үшін, жақын-дарының амандығы үшін қайта ревакцинациядан өтулері тиіс, – дейді басқарма басшысы Әсет Әскербекұлы.
Айта кету керек, әлем бойынша АҚШ-та шығарылған «Pfizer» вакцинасы 8 миллионға жуық адамға салынған. Одан бөлек, 5 жас- тан асқан балаларды вакци- нациялау жұмыстары да жүргізілуде. Ал Қытайда ағымдағы жылдың қазанында 3 жастан 17 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирустық инфекцияларға қарсы отандық инактивтендірілген вакцинаны шұғыл қолдану қолға алынды. Осылайша әлемнің көшбасшы елдері ересектерді ғана емес, балаларды да вакцинациялауға мықтап кірісіп отыр. Демек, індеттен құтылудың бірден-бір жолы екпе алу екенін әлем елдері жіті түсінуде. Бұны біздің де түйсінгеніміз абзал.
Арайлым Шабденова