Таразда оңалту орталығы салынуда

Таразда оңалту орталығы салынуда

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев кезекті рет шаһарды аралап, құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Бүгінде қаладағы №14 ықшамаудан аумағында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталығы салынуда. Ғимарат бес блоктан тұрады. «А» блогында бассейн, киім ауыстыратын бөлмелер, спорт және акт залы бар. «В» блогында – медициналық кабинеттер, «С» блогында – асхана, «Г» және «Д» блоктарында екі және бір орынды палаталар қарастырылған.
Мұнда көкөніс қоймасы, жылыжай, слесарь шеберханасы және басқа да цехтар салынбақ. Мердігер «Таразстрой-2004» мекемесі құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлауда.
Сондай-ақ облыс орталығында жеке демеушілер есебінен Оқушылар сарайы бой көтеруде. 600 орындық ғимарат Тараз қаласындағы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығы ғимаратының жанынан салынуда. Жаңа нысанның жалпы ауданы 9,3 мың шаршы метр- ді құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған.
Жұмыс істеп тұрған 92 үйірмеден басқа, кеме және авиамодельдеу, робототехника, IT-орталық, планетарий, обсерватория үйірмелері ашылатын болады.
Бердібек Сапарбаев нысандарды аралау барысында жауапты тұлғаларға ең бастысы құрылыс барысын бақылауда ұстауды шегелеп тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments (0)
Add Comment