Таразда кәсіпкерлердің қолдауымен тұрғын үйлер салынуда

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы жеке кәсіпкерлер есебінен салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Бердібек Машбекұлы әуелі Каллаур әкім көшесінде бой көтеріп жатқан 6 қабатты тұрғын үйдің жай-күйімен танысты. Мұнда барлығы 54 пәтер бар десек, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы жеделсаты қызметі де қарастырылған. Ағымдағы жылдың наурыз айында іргетасы құйылған нысан желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

Құрылыспен айналысып жатқан жеке кәсіпкер Серік Олжабеков электрмен қамтуда мәселе туындап отырғанын жеткізді. Бердібек Сапарбаев бұл мәселені шешу бойынша қала басшылығына тапсырма жүктеді.

Ал Қарахан көшесіндегі құрылысы жүріп жатқан бес қабатты тұрғын үйдің бүгінде құрылыс-монтаж және ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүруде.

Нысанның төменгі қабатында тауарлар делдалсыз жеткізілетін яғни төмен бағада сатылатын сауда кешені іске қосылмақ. Сондай-ақ, кофехана ашылады деп жоспарлануда.

Облыс әкімі мұндағы жоспарлы жұмыстарға оң бағасын беріп, осындай үйлердің санын арттыру керектігіне назар аудартты.

Comments (0)
Add Comment