Таразда «Eńbegі jańǵan arýlar» облыстық әйелдер форумы өтеді

22 қазан күні Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Eńbegі jańǵan arýlar» облыстық әйелдер форумы өтеді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында Жамбыл облысындағы көшбасшы әйелдердің кәсіпкерлікті дамытудағы, маңызды қоғамдық-саяси науқандарға атсалысудағы еңбектерін көрсетуді көздейтін жиында Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесін арттыру, нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі іске асыру үшін Жамбыл облысының әйелдерін ынталандыру мәселелері қозғалмақ.

Форумға Жамбыл облысының іскерлік қоғамдастығы, жастар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.

Басқосу барысында спикерлер Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына әйелдердің қосқан үлесі, ана болу-өсуді ынталандыру, табысты бизнестің құпиялары және оның әлеуметтік жауапкершілігі, медиа-кеңістіктегі әйелдердің миссиясы, ағартушылық және қайырымдылық жобалары сияқты тақырыптарды қозғайды.

Форум аясында көшбасшы әйелдер «Ана даңқы», «Ел алғысы», «Жылдың жетістігі», «Өндіріс үздігі», «Үздік тәлімгер», «Кәсібінің майталманы», «Агробизнес аруы», «Үздік әлеуметтік жоба», «Ерен еңбек», «Білікті басшы», «Өнер шамшырағы», «Жас кәсіпкер» номинациялары бойынша марапатталмақ.

Сондай-ақ, отбасылық бизнес пен әлеуметтік кәсіпкерліктің бес өкіліне 100 мың теңгеге сертификаттар тапсыру және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының атынан Жамбыл облысындағы Әйелдер қозғалысы мен кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосқан әйелдерге алғыс хаттар табыс ету көзделіп отыр.

Comments (0)
Add Comment