Таразда «Еңбек жолы» қалалық спартакиадасы басталды

«Казфосфат» спорт кешенінде Жұмысшы мамандықтарының жылына орай «Еңбек жолы» атты қалалық спартакиада басталды.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова қатысып, жылы лебізін жеткізді.
– Жұмысшы мамандықтары қоғамның әр саласында маңызды рөл атқарады. Олар өздерінің білімдері мен дағдыларын күнделікті еңбекке арнап, еліміздің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұл туралы баса атап өтіп, нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Бүгінгі спартакиада осы мамандық иелерінің денсаулығын нығайту, өзара ынтымақтастықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«Еңбек жолы» спартакиадасы – еліміздегі жұмысшы мамандардың кәсіби дағдыларын, күш-жігерін, командалық рухын көрсететін маңызды іс-шаралардың бірі. Мұнда қатысушылар тек спорттық бәсекеде күш сынасып қоймай, бір-бірімен дос бола отырып, жұмысшы мамандардың абыройын арттырады, – деген Ұлана Сламбекқызы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спартакиада барысында 10 команда кіші футбол, стритбол, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресі, дартс секілді спорт түрлерінен бақ сынап, өзара мықтыны анықтайды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом, медаль мен бағалы сыйлықтар табысталады.
Comments (0)
Add Comment