Таразда дәрігерлер бел омыртқасы зақымданған науқасты аяғынан тік тұрғызды

  2022 жылдың 28 қаңтарында Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне Шымкент-Алматы тас жолында орын алған жол-көлік апатынан зардап шеккен 25 жастағы пациент ауыр халде келіп түсті. Шұғыл түрде рентген зерттеулер мен талдау-сараптамалар жасалып, нәтижесінде науқаста бел омыртқасының жарақаты мен жұлынның қысылуы анықталды. Соның салдарынан оның аяқтары жансызданып қалған. Аурухананың нейрохирург, хирург, травматолог және реаниматолог дәрігерлерінен құралған топ, консилиум өткізіп тез арада операция жасау керек деген шешімге келеді.

Нейрохирургия бөлімінің дәрігерлері Нуржан Айтимбетов пен Ғалымжан Байғосынов омыртқалы бағанды тұрақтандыру және қысылған жұлынды қалпына келтіруге арналған аса күрделі, жоғары технологиялық металл конструкция мен арнайы құрылғыларды қолдана отырып отаны сәтті жасап шықты.

Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бахытжан Досжановтың айтуынша, бүгінде омыртқа жарақаты әлемдік медицинаның көкейкесті мәселелерінің біріне айналған. Омыртқа – адамның қимыл-қозғалысын реттейтін маңызды мүшенің бірі. Былайша айтқанда, омыртқа – бүкіл ағзаны ұстап тұратын тірек болып табылады. Жыл сайын Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне 40-50 адам омыртқаның түрлі зақымдануы салдарынан келіп түседі. Олар ұзақ уақыт төсек тартып жатады және әртүрлі топтағы мүгедек болып қалады. Омыртқаға жасалатын оталар күрделі және оның бағасы да қымбат. Бірақ мұндай оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін жасалатын болды. Ең бастысы, оталық араласулар бел омыртқасынан жарақат алғандардың ертерек сауығып кетуіне, сөйтіп, еңбек ету қабілетінің қайта қалпына келуіне және олардың мүгедек болып қалмауына мүмкіндік береді.

Отадан кейінгі кезеңде науқастың аяқтарында аздап қозғалыстар пайда болды. Ал 10 күн өткен соң ол өзгелердің көмегімен жайлап жүре бастады. Дегенмен, пациенттің аяғындағы қимыл-қозғалысты толығымен қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт оңалтудан өтуі қажет болады.

 

Comments (0)
Add Comment