Таразда басталып, Талаптыда түйінделген торқалы той

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туғанына биыл 90 жыл толды. Қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет етіп, ұлтының жоғын түгендеген Шер-ағаның есімі бүгінде әр жүректе жаңғырып тұр. Содан болар, күллі қазақтың тарланбоз ұлына деген ықыласы ерекше. Соның жарқын дәлелі – күні кеше Жамбыл жерінде Алаш ардақтысының мерейтойының кең көлемде аталып өткені.

Тау тұлғаның ескерткіші тұғырына қонды

Тағылымға толы шаралардың шымылдығы Шер-ағаның Тараз төрінде қойылған еңселі ескерткішінің ашылуымен түрілді. Салтанатты шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, қоғам қайраткері, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, профессор, әдебиеттанушы Жанғара Дәдебаев бастаған азаматтар қатысты.
Әуелі Дархан Қыдырәлі баршаны айтулы мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Шерхан Мұртаза – саналы ғұмырын халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін дамытуға арнаған көрнекті тұлға, Халық жазушысы, қоғам қайраткері. Шерхан Мұртаза өзінен кейін мол әдеби мұра қалдырды. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақтала- ды», – делінген құт-тықтау хатта.
Өз кезегінде көрнекті қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері де орамды ойларын ортаға салып, жылы лебіздерін жеткізді.
Ескерткіш Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимараты мен жатақханасының алдында орналасқан.
Демеушілік қаражат есебінен қойылған ескерткіш қоладан құйылған. Тұғырдың биіктігі 4 метрге жуық, ал мүсіннің жалпы биіктігі 7,7 метрді құрайды.
Ескерткіштің авторы – мүсінші Айдос Бүркітбаев. Оның жұмысы «Көне Тараз» қоғамдық қоры жариялаған байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған. Бұл тұрғыда шығармашылық зиялы қауым өкілдерінен комиссия құрылған болатын.
Мүсіншінің Қазақстан бойынша 20-ға жуық туындысы қойылған десек, олардың қатарында ұлы ойшыл әл-Фарабидің, қазақтың белгілі композиторлары Шәмші Қалдаяқов пен Дина Нұрпейісованың мүсіндері бар. Ескерткіш авторы тұлғаның бейнесін сомдамас бұрын жазушының 200-ден астам фотосуреттері, өмірбаяны, шығармалары, жақындарының естеліктерімен танысып, жан-жақты зерделеген екен.
Осы күні «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылды.

Қаламгер тұрған үй мемориалдық музейге айналды

Түс ауа Тараз төрінде басталған торқалы той қаламгердің туған ауылы Жуалы ауданындағы Талаптыда жалғасты. Мұнда жазушының әдеби-мемориалдық музейі ашылды. Шер-ағаның талай туындыларына куә болған үйі осылайша музейге айналды.
Музейге жазушыға тиесілі тұрмыстық заттар, оның құжаттары, дипломдары, марапаттары, медальдері, отбасымен және достарымен бірге түскен фотосуреттері қойылған. Халық жазушысының ауылдастары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері Шерхан Мұртазаның кабинетін, кітапханасын дәл сол қалпында көріп, тамашалады. Ғимараттың үшінші қабатында бильярд залы бар. Шерхан Мұртаза бір кездері тек қарымды қаламгер ғана емес, бильярд ойынының шебері ретінде де өзін көрсете білген.
Дәл осы күні Талапты ауылында мерейтойға байланысты салтанатты шара өтті. Алғашқы болып облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз сөйледі.
– Шерхан Мұртаза – шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Қызметін баспа редакторлығынан бастап, ұзақ жылдар рес- публикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді. Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Көзі тірісінде баспасөздің баһадүрі, қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанды. Бүгінде қолына қалам ұстап жүрген қарымды журналис- тердің көбі «Шер-ағаның шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп мақтанатыны ақиқат. Мұның айғағы – жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан алып тұлғаның бүгінгі мерейтойы. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай айтқандай, соңына өлмейтін сөз, ұмытылмас із қалдырған Шер-ағаның қаламгерлік, қайраткерлік тұлғасы ел жүрегінде мәңгі сақталып, туындылары мәңгілік рухани азық болары сөзсіз, – деген Нұржан Молдиярұлы жазушылар арасындағы «Ақиқаттың ақ туы» байқауы мен «Шынның жүзі – Шер-аға» республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттады.
Сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбден Оразалы, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы жазушының тұлғалық болмысы туралы кеңінен әңгімелеп, жарқын естеліктерімен бөлісті. Ал А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері «Шер-хан» драма-элегиясынан үзінді ұсынды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Құрбанәлі Шахабай, Жұматай Көксубай

Comments (0)
Add Comment