1-қазан, сенбі күні Таразда ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өтті. Бұл жолғы жәрмеңке халықтың сұранысы бойынша орталық алаңда ұйымдастырылды.
Жәрмеңеге облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері жеткізіліп, жалпы құны 101,3 миллион теңгені құрайтын 169,2 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Оның ішінде 18,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3,5 тонна шұжық өнімдері, 6,4 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4,0 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 4,6 тонна балық, 2,0 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 127,0 тонна жеміс-жидек пен көкөніс және 10 тонна қант өнімдері бар.
Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жәрмеңкедегі тауарлардың бағалары нарық бағаларынан 10-20 пайыз аралығында төмен болды. Соның дәлелі – күндізгі сағат 11-ге дейін-ақ сөрелердегі тауарларды тұрғындар жаппай сатып алды. Жәрмеңкедегі бағаларға халық та дән риза.
Осы орайда жергілікті базарлар мен сауда орындарының сатушылары да жәрмеңкеден бөлек өз тауарларын көпшілік назарына ұсынғанын айта кеткен жөн.