Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған «Бірлігіміз жарасқан!» атты салтанатты жиынға қатысты.
Мерекелік шара «Қайырымдылық керуені» акциясымен бастау алды. Ізгі бастама аясында «Жомарт жан» орталығы мен өңірдегі этномәдени бірлестіктер аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 300-ге жуық азық-түлік қоржынын табыстап, шынайы жанашырлықтың үлгісін көрсетті.
Бұдан кейін этнос өкілдері ұлттық аспаптарымен әсем әуен шырқап, ата дәстүрі мен мәдени мұрасын көпшілікке паш етті. Әуезді ән мен күмбірлеген күй ынтымақ пен бірліктің шынайы көрінісіне айналды.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде Алғыс айту күні – татулықты тұғыр етіп, сенімді бекемдейтін, ортақ құндылықтарды ұлықтайтын ерекше мереке екенін атап өтті.
– Ортақ Отанымыз – Қазақстан татулық пен тұрақтылықтың арқасында қарыштап дамып келеді. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесін қосуда. Біздің басты құндылығымыз – келісім, басты тірегіміз – өзара сенім. Қоғамдық белсенділік танытып, қайырымдылық жасап, ел мүддесін бәрінен биік қоятын жамбылдықтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бірлігіміз бекем, ырысымыз мол болсын! – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ өңір басшысы жиналған қауымды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Салтанатты жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан және Алғыс айту күніне орай бірқатар Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Шара соңында К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әртістері мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік кештің шырайын аша түсті.