2000 жылдық тарихтан тамыр тартқан Тараз қаласында тек әлеуметтік нысандар ғана емес, тұрғын үйлер де жаңаша кейіпке еніп, жаңғыруда. Әрине, өзгеше түрге енген тұрғын үйлер қаламыздың келбетіне сән беріп, көрген жанның көзін сүйсінтетіні ақиқат. «Тұрғын үй жөндеу – Тараз» ЖШС-нің мәліметінше, биыл 57 үйді жаңғыртудан өткізу жоспарланған. Осы мақсатта қазынадан 2 миллиард 900 миллион теңге бөлінген.
Қазіргі таңда 15 тұрғын үйдің шатыры толығымен жабылып біткен. Қалған үйлер межеленген мерзім – желтоқсан айының ортасына дейін аяқталады деп күтілуде. Осы орайда жаңғырту жұмыстарына 17 мердігер тартылғанын айта кеткен жөн. Тұрғын үйлердің тек шатыры ғана жөнделіп қоймай, жертөлелер жаңғырып, подъездің іші-сырты да сырланбақ.
Шаһар тұрғындары осындай ілкімді істерге оң бағасын беруде. «Мыңбұлақ» ықшамауданы, №7 үйдің тұрғыны Шынар Атанбаеваның пікірі осыған саяды.
– Менің осы үйде тұрып жатқаныма 20 жылдан асты. Бұл үй осы таңға дейін күрделі жөндеуден өткен емес. Әркім өз пәтерін әрлегені болмаса, тұтастай жаңғырту жүргізілген жоқ. Әрине, жылдар өткен сайын тұрғын үйдің де тозығы жетіп, қабырғаларының қабыршықтары түсе бастағаны шындық. Отбасы болған соң, үйімізге қонақ шақырмай тағы болмайды. Сондай кезде үйіміздің кескінінен өте қатты ыңғайсызданатынбыз. Енді мұның барлығы артта қалатын күн таяу. Бұл үшін қала әкімі Ержан Жылқыбаевқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл жалғыз менің ғана емес, осында тұратын барша көршілерімнің ақжарма лебізі, – дейді шаһар тұрғыны.
Ал «Алатау» ықшамауданы, №42 үйдің тұрғыны Жұлдыз Төлекова жөндеу жұмыстары қар түскенше аяқталса деген тілегін жеткізді.
– Әлбетте, тұрғын үйлерге көңіл бөлінгеніне ерекше разымыз. Үйіміздің іші-сырты жаңарып тұрса жанымыз жадырап, қуаныш құшағында тербелетініміз сөзсіз. Осы орайда жаңғырту жұмыстары қар жауғанша тәмамдалса деген тілегім бар. Себебі осыдан 2-3 жыл бұрын осындағы бірқатар тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шатырын жабудың өзі тым ұзаққа созылып, белгіленген мерзімнен асып кеткен болатын. Сөйтіп жүргенде қар аралас жаңбыр жауып кетіп, қаншама пәтердің төбесінен су сорғалап, шаш етектен шығынға батқан. Алдағы уақытта мұндай қателік қайталанбайды дегенге үмітім басым. Қазіргі жөндеу жұмыстарының қарқынына көңілім әбден толады. Шамалы күнде шатырымыз толығымен жабылса, өзге жұмыстардың да өз мерзімінде аяқталатынына сенімдімін. Шаһардың атқамінерлеріне, бір сәтке де бел жазбай еңбек етіп жатқан азаматтарға ризашылығым шексіз, – дейді Жұлдыз Серікбайқызы.
Құрылыс жұмыстары осы қарқынынан таймаса, шаһарымызда жарқыраған, алыстан менмұндалайтын еңселі көпқабатты тұрғын үйлердің қатары арта түсетіні даусыз. Ендеше, сөзден іске бет алған бастама берекелі болсын деп тілейміз!
Құрбанәлі Шахабай