Тараз қаласында тұрғын үйлерді жаңғыртуға баса ден қойылуда. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша биыл 53 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жоспарланған болатын.
Қазіргі таңда аталған нысандарда 23 мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінгі күнге аталған үйлердің шатыры мен жертөледегі жылу, су жүйесі толықтай жаңартылып, құрылысшылар сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысуда.
Биыл бұған қоса «Интерстрой Азия» ЖШС тарапынан Төле би көшесінде орналасқан №11, «Тұрғын үй жөндеу», «Абырой Инвест» және «TarazGazNur» ЖШС мердігерлігімен «Қаратау» ықшамауданы, №37 «А», №39 және «Салтанат» ықшамауданы, №29 «А», №29 «Б» жатақханаларына жөндеу жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» ықшамауданындағы үш үй жаңғыртудан өтті.
Биыл тек ықшамаудандар ғана емес, орталықтағы үйлерге де басымдық берілуде. Соның айқын айғағы – «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС мердігерлігімен Төле би даңғылында орналасқан 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері, шатырлары күрделі жөндеуден өтсе, Желтоқсан, 71, мекенжайындағы бір үйде құрылыс жұмыстары жүруде.