Бүгін Таразға 10 автобус жеткізілді. Жеткізілген автобустардың 9 бірлігі №31 маршрут болып ашылатын жаңа бағытта, яғни Ақбұлым алқабынан бастап, Кірпіш зауыты алқабы, Жауғаш батыр, Балуан Шолақ, Абай, Байзақ батыр, Комратов, Қонаев, Сейфуллин, Әл-Фараби, Төле би, Махамбет батыр көшелерін қамтумен Ниетқалиев көшесі аяғында орналасқан Минералды тыңайтқыштар зауытына дейін қатынайды.
Маршрут қашықтығы 23,5 шақырым, жүру жиілігі 13 минутты құрайды. Қызмет көрсету 12 қаңтардан басталады.
Қалған 1 бірлік автобус осы маршрутқа резерв ретінде қолданылады.
Ақбұлым алқабы Тараз қаласына Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекен бірі болып табылуына байланысты қоғамдық көлікпен қызмет көрсету мәселесі өз шешімін табуда.