Тараз қаласы тұрғындарының сұраныстары негізінде инфрақұрылымды дамытудың 3 жылдық жол картасы бекітілді. Жол картасына ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, қоғамдық наразылық тудырып, тұрғындар тарапынан көтерілген ең қажетті көше жолдарын жөндеу, көше жарығын орнату, су құбырын жүргізу, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын салу, арықтар мен лоток жүйелерін қалпына келтіру, каналдар арнасын тазалау жұмыстары енгізілді.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев айтты. Ол 2021 жылы инфрақұрылымды дамытуға барлығы 38,8 млрд. теңге бөлінгенін, 100-ден аса жоба жүзеге асқанын да мәлімдеді. 1,6 млрд. теңгеге 26 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Әсіресе, мүлдем асфальт жабындысын көрмеген, әлеуметтік желіден жиі көтерілетін көшелер қамтылған.
Спикер қаланың ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 120 млн. теңге бөлініп, қаланың арық желілері механикалық тазалаудан өтккенін хабарлады. Сонымен қатар, 265,4 млн. теңгеге жаңа стандарттарға сай, заманауи, әртүрлі жастағы балаларға арналған 14 аула абаттандырылған. Мұнда да Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген аулаларға басымдық берілді. Нәтижесінде, 2000-нан астам тұрғынға аулалардың қолжетімділігі артты.