Таразда 140 шақырымнан аса жол жөнделеді

Бүгінде Тараз қаласы алып құрылыс алаңына айналып келеді. Расында, соңғы бірер жылдың бедерінде шаһардың қай жеріне барсаңыз да қарқынды құрылыс жұмыстарын көзіңіз шалады. Бұл, бір жағынан, аумағы кеңейіп, халық саны артып келе жатқан облыс орталығының экономикалық-әлеуметтік дамуына да оң ықпал етері сөзсіз.

Әсіресе қалада жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұған шаһарды өркендетуге бағытталған Даму жоспарында да баса мән беріліп отыр. Тараздағы жолдардың жағдайы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің де тікелей назарында. Соған орай, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев пен қала әкімі Бақытжан Орынбеков Тараз қаласындағы бірқатар көшелер мен бұрылыстарды көріп, жолдардың жағдайын тексерді.
Аймақ басшысы жолдардың нашар жағдайына қатысты тұрғындардан шағым жиі түсетінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша сапалы әрі бекітілген мерзімнен кешіктірмей жүргізу керектігін ескертті.
Облыс орталығындағы А.Пушкин, Адамбаев, Қылышбай ақын, Ұлбике ақын көшесі мен Бөлтірік шешен көшелерін, Шостакович көшесі мен Саңырақ батыр көшелерінің қиылыстарын аралаған Ербол Қарашөкеев ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемін арттыру керектігіне баса назар аударды. Сол арқылы шағынаудандар ішіндегі жолдардың да жағдайын реттеу керектігін атап өтті.
Тараз қаласында биыл 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді деп көзделуде. Былтыр шаһарда 87,5 шақырым жол жаңғыртылған.
Нақтырақ айтқанда, 67,8 шақырымды құрайтын 40 жобаны (оның ішінде 117 көше, бұрылыс, тұйық, өткел), одан бөлек, ұзындығы 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және ұзындығы 73,8 шақырым болатын шағал жолды (оның ішінде 165 көше, бұрылыс, тұйық, өткелдер) жөндеу жоспарланған.
Бұдан бөлек, ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын 3 көшені қайта жаңғырту көзделуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемін де үш есеге дейін арттыру жоспарда.
Келесі кезекте облыс әкімі «М-1» жылу жүйесінің жаңғырту жұмыстарымен танысып, қала басшылығына жұмыстардың сапасын қадағалауды тапсырды.

Құрбанәлі Шахабай 

Comments (0)
Add Comment