Таразда 10 мыңға жуық тал балақталды

Талдарды балақтау жұмыстары қашанда айрықша маңызға ие. Әрине, күтімсіз, бейберекет өскен тал-дарақтар шаһардың шырайын кетіріп, көркін қашырады. Бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырып ғана қоймай, өмірлеріне де қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан оларды уақытында балақтап тұру қажет.

Айталық, жыл басынан бері Ниетқалиев көшесінің бойында 386 түп, Жауғаш батыр көшесінің бойындағы 19 түп тал балақталып, 12 қураған тал-дарақ түбімен кесілді. Сондай-ақ Рысқұлов көшесінде 453, Сүлейменов көшесінде 39 түп тал балақталып, екі көшеде жалпы саны 18 түп тал кесілді. Бүгінгі күні Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі аумағындағы талдар балақталуда.

Енді алдағы жоспарға сәйкес, Лермонтов көшесінің бойындағы 80, Шостакович көшесінің бойындағы 357, Ж.Қуанышбаев көшесінің бойындағы 320, Байзақ батыр көшесінің бойындағы 278, Пушкин көшесінің бойындағы 343 түп тал-дараққа балақтау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар жыл ішінде шамамен 1000-ға жуық қалыптау (формавка), 2000 метрге жуық жасыл қоршауларға күтім жасалады. Сондай-ақ көше бойындағы және жаяу жүргіншілер жолдарындағы шамамен 10 мыңға жуық тал балақталады.

Айта кетейік, былтыр «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі қала тұрғындарының арыз-шағымы бойынша 517 мекенжайда тал кесу жұмыстарын атқарған. Сондай-ақ Қойгелді, Әйтиев, Төле би көшелерінде 2000-ға жуық талды балақтаған.
Бұл жұмыстарға коммуналдық мекеменің 3 дана автокөтергіш, 3 дана МТЗ80 тракторы және жиырмаға жуық жұмысшысы тартылған.

Comments (0)
Add Comment