Тараз – тарихымыздың темірқазығы

Талай заманның тозығы мен озығын бастан өткерген Тараз қаласы – қазақ даласының ғана емес, бүкіл түркі өркениетінің темір қазығына айналған көне шаһар. Екі жарым мың жылға жуық тарихы бар бұл қала ғасырлар қойнауында талай өркениеттердің табы мен тағдырын сақтап, қазақ елінің рухани, мәдени және саяси дамуында айрықша орын алып келеді.

Тараз – Ұлы Жібек жолының жүрегінде орналасқан, саудасы қызған, мәдениеті гүлденген, қолөнері кемелденген шаһар ретінде әлемдік тарихнамада айрықша аталады. Бұл жерден талай керуендер өткен, талай елдермен байланыс орнаған. Сол себепті Тараз тек бір қаланың ғана емес, тұтас халықтың бейбіт өмір мен бірліктің, өркендеу мен дамудың символына айналды.
Қаланың әрбір кірпіші – бір дәуірдің таңбасы, әрбір көне жәдігері – ұлы тарихтың ізі. Мұндағы Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан кесенелері – тек сәулет өнерінің ғана емес, адамзат руханиятының алтын қазынасы. Олар махаббаттың, адалдықтың, имандылықтың, ерлік пен парасаттың киелі нышаны болып ғасырлар бойы өз құндылығын жоғалтпай келеді.
Тараздың темір қазық аталуының мәні терең. Бұл сөз қаланың тек географиялық орнына емес, оның тарихи маңызына қатысты айтылады. Қазақтың мемлекетшілдігі, елдік дәстүрі, батырлық рухы, шежірелі салт-санасы дәл осы аймақта талай рет түлеп, жаңғырып отырған. Тараз топырағынан өткен хандықтар, тайпалар мен тұлғалар қазақ елінің қалыптасуына, ұлттық бірегейліктің нығаюына өлшеусіз үлес қосты.
Бүгінгі Тараз – көне тарих пен жаңа дәуірдің жарасымды үйлесім тапқан ордасы. Қаланың еңсесі биіктеп, мәдениеті қайта жаңғырып, туризм саласы дамып, тарихи орындары әлем жұртшылығына қайта танылып келеді. Осы арқылы Тараз өткеннің ғана емес, келешектің де темір қазығы болуға лайықты құндылығын дәлелдеуде.
Түйіндей айтқанда, Тараз – халқымыздың жүрегінде мәңгілікке орын алған ұлы шаһар. Ол – тарихымыздың алтын арқауы, руханиятымыздың терең тамыры, елдік санамыздың мәңгілік темір қазығы.

Динара ДҮЙСЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Дулатитану және өңір тарихы»
ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері

Comments (0)
Add Comment