Тараз – тарих, Тараз – жыр!

 

 

 

 

Жапар Сатылғанов,
натуралист-құсбегі, этнограф,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

 

Тараз жайлы, Тараз жайлы ойласаң,
Тағы да бар өзгеше бір тоймас ән,
Ол Айша бибі, Шахмахмұт сезімі,
Жанды билер, сезім көгін жайласаң.
Қанша ғасыр, қанша заман өткенмен,
Тәтті өмірге қанша сұлу жеткенмен,
Айша бибі ақ махаббат пірі боп
Мәңгілікке тең тұрады көктеммен.
Жетелейтін адал, текті Асқарға,
Паш ететін алыс-жақын достарға,
Кеше, бүгін, ертең де үлгі Айша ару,
Ақ сүйетін, нақ сүйетін жастарға!

                             ***
Атам айтқан… «Әнбар-Бибі ананың»
Перзенті екеу, Айша үлкені еді баланың.
Әкесі өліп, өгей әке қолында,
Бойжетіпті елігіндей даланың.
Алла әмірі – Көктен түскен Ақ-Нұрдан,
Ата-баба Сансыз бапқа қалдырған.
Үш пұт, тоғыз тұтам құранды ашып,
Ат қойып, Айша аталған балдырған.
Кейінгі әке Зенгі-Баба Айшаға,
Батырлықтан мол беріпті ой-сана.
«Ата мекен, Ата кәсіп, Ата жол –
Елді сақтар шын қамал» деп баршаға.
Айша сауыт, әсем бешпент киетін,
Атасы да Перзентіндей сүйетін.
Жиын-тойда садақ тартса Айша қыз,
Жамбыларды төртке бөліп тиетін.
Жауқазындай өскен кезі ед Айшаның,
Көңілі сүйіп, көзі түскен баршаның.
Атасына аса-таяқ кеспек боп
Шатқалына барып еді аршаның.
Ақ боз атты болат сауыт киінген,
Құйрығы шарт пырағының түйілген.
Алып жігіт арша кескен Айшаны
Көріп қайрат келбетіне сүйінген.

                             ***
Қыз да байқап жігіт назар, сезімін,
Көп қарады қиығымен көзінің.
Жігіт қызға ат үстінен бір арша,
Кесіп берді қанжарымен өзінің.
Деді: – Атаға бізден сәлем айтыңыз,
Қыз баласыз, жалғыз жүрмей қайтыңыз.
Бұл маңайда қарақшы көп, сіз жалғыз,
Тәуекелге қалай қорықпай бардыңыз?!
Айша айтты: – Батыр, ойың жаман ғой,
Қарақшы да сен сияқты адам ғой.
Жай адамнан айырмасы олардың –
Жүрек қара, көңіл соқыр, надан ғой…
Қарақшыны жігіт керек шабатын,
Соқырларға білім керек жағатын.
Маған жаның ашымай-ақ жүре бер,
Байқауымда, жолың алыс баратын.
Соларыңнан қорғана алам өзім де, –
Деп бір ұшқын жарқылдады көзінде.
Осы сәуле найзағайдай от шашқан
Жас жігіттің бойындағы сезімге.
– Мені қыз деп кемсінгенің дұрыс па?!
Қыз атаға сыйлық тартса бұрыс па?! –
Деді де Айша жалт бұрылды ашулы,
Қолын созып беліндегі қылышқа!

                             ***
– Сауға! Сауға! – деді жігіт жайдары,
Ренжіттім, күдік айтып қайдағы.
Менің атым Шахмахмұт, сен кімсің,
Ақ шырақтай жарқыраған айдағы?!
Жымиды қыз, енді көңілі орнықты.
Бәлкім, жігіт көзіндегі сырды ұқты.
Екеуі де үнсіз қалды бір сәтке,
Бұзу қиын жүректегі жарлықты.
Бұдан соң да бұлар талай жолыққан,
Айша жайлы жігіт терең сыр ұққан.
Әнбар-Бибі екі жастың тілеуін,
Қабыл көріп, бар сырына қаныққан.
…Қыз. Шахмахмұт жесірі атанды,
Айша Ару енді Бибі аталды.
Бір күні қыз «жолбарыспен алысқан,
Шахмахмұт жаралы» деген хат алды.
Сапар шексе, ақ жол болар батасы,
Үйде жоқ еді Зенгі-Баба атасы.
Күтпеді Айша, жолға шықты асығыс,
Мүмкін осы болды ма екен қатесі?!..
Күншілік жоқ. Намаз-Пешін жеткен соң,
Қыз аттан түсті, Тас өткелден өткен соң.
Жайнамазда жылан шақты аруды,
Қимылдамай, тұрды намаз біткен соң.

                             ***
Кенет ару демі жетпей алқынды,
Қос сіңірі қайта-қайта тартылды.
Сөйледі қыз: – Қайран Талас, сен қамқор
Болмадың, – деп көбік шашқан толқынды…
Бойын сезіп, ауырлап бір ісіңген,
Өз жағдайын Айша анық түсінген.
Шахмахмұтқа жетем деп қыз асықты,
«Енді айырылмай тұрғанымда есімнен».
Қалтырады… Қызда дегбір қалмады,
Атқа мінер дәрмәні де болмады.
Қатал өлім, Нақ сүйері жолында
Сапар шеккен Айшаны да жалмады…
Кімді аяп, кім құтылған ажалдан?!
Аса алмады Айша да сол қамалдан.
Әттең, әттең алдағандай талайды,
Алдап кетті Айшаны да әз арман…
Қала маңы, болатын ол кез торулы,
Керуен күзет, жасауылдар қарулы.
Әб жыланның «қаһарынан» көз жұмған
Таразға алып барды аруды.
Жолбарыстан азап шеккен жаралы,
Осы екен ғой, Құдай басқа салары.
«Сені іздеген Айша жолда өлді» деп
Шахмахмұтқа хабар жетті қаралы.

                             ***
«Айша өлді» деп Шахмахмұт сенбеді,
Қатал тағдыр, кім ырқына көнбеді?!
– Жөн ед, – деді, – Айша өлсе, мені де
Жаратқанның ажал беріп көмгені.
Қырық күн жатты қайран жүрек қиналып,
Елі келіп, тоқтау айтты жиналып.
Жұртын сыйлап жігіт тұрды орнынан
Әзер сөйлеп, үнсіз, тілі байланып.
– Қош дей алман, қайран Айша, бара бер,
Бәрімізді жұтады осы қара жер.
Жан жүрегім жер қойнына жеткенше,
Деп Өмірім сен өзгеше бола гөр!…
Қайғыны жеңіп, ақыл-естен тандырған,
Терең құмнан бес жүз серке алдырған.
Мың құланның жал-құйрығын күзем қып,
Майға илеп, кірпішке өрнек салдырған.
Ғажап елу, ою-өрнек түрімен,
Жаралғандай Хау-Ананың нұрымен.
Айша бибі кесенесін тұрғызды,
Асқақтаған ақ махаббат жырымен.
Айша бибі махаббаттың пірі боп,
Айша бибі ұлы Тараз жыры боп.
Содан бері ғасырларға жалғасқан
Ғашықтардың таусылмайтын сыры боп!

                             ***
Билігі бар елді аузына қаратқан,
Шахмахмұт нақ сүйерін жоғалтқан.
Содан кейін сопы боп жалғыз өтіпті,
Құлшылық қып бір Құдайға жаратқан.
Түсінде аян, иемізден бата алған,
Айшаны өшпес «Жаңа өмірге» апарған.
Осылайша, Шахмахмұт-Қарахан Баба
Сопылықпен «Әулие Ата» атанған.
Ел Тәу етіп кескінделер назары,
Үлкен әруақ-тірілердің базары.
Ұлы Тараз төрінде тұр киелі
Қарахан, Әулие Ата, Шахмахмұт мазары!
Жүрегінді елжіретер оты бар,
Сол мазардың тағы өзге аты бар.
2030 жылы оқылар,
Президенттің сонда аманат хаты бар.
Хат салғанда елде қиын кез еді,
Жетпей жатқан барлығының кезегі…
Бірақ ел-жұрт сол аманат хатында
Елбасының не айтқанын сезеді…
Күн туады мұны айтар жыр етіп,
Азат күннің ұлағатты пірі етіп.
Қарахан, Айша бибі – қос жұлдыз,
Жарқырайды бірін-бірі күзетіп!..

                             ***
Таусылмайтын, Тараз ұзақ жыр бүгін,
Нұр көтерген аспанының түндігін.
Инабатты, ғибадатты Тараздан
Жат ұғынар ұлы қазақ кендігін.
Тербетеді Таразды ұрпақ әнімен,
Жаңа өмірге лайықты сәнімен.
Бүгін Тараз қанат жайды өзгеше,
Бәсекелес төрт тараптың бәрімен.
Елдік биік – бостандықтың бағасы!
Жеңсіз тұйық – ағайынның аласы!
Теңдігімен қайта туған қазақтың
Жаса, Тараз! Ата тарих қаласы!

Comments (0)
Add Comment