Тараз түрленіп келеді

Бүгінгі таңда қаладағы құрылыс жұмыстары қарқынды дамып келеді. Қаланың даму жоспары Бас жоспарға сәйкес айқындалады. Қаланың Бас жоспарын дамыту бағыттарына сәйкес 24 жан-жақты жоспарлау жобалары дайындалған.

Оның ішінде Сүлейменов көшесінің аяғы, 15-ші мөлтек ауданның құрылысы қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылы 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. 30 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау көзделуде. Сонымен қатар 1200 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Автобекет аумағындағы 14-ші мөлтек ауданында көпқабатты тұрғын үйлер салу жобаланған. Талас өзені бойын абаттандырып, саябақ пен жағажай ұйымдастыру қарастырылған. Қазіргі таңда бұл аумақта онкологиялық аурухананың құрылысы жүруде. Сонымен қатар облыстық көпбейінді аурухана құрылысы үшін жер телімі қарастырылды. Бүгінгі күнге аталған аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүруде.

«Құмшағал-Шалғай Қарасу» алқабында аумағы 369 га 1579 жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Асқаров көшесінің соңында «Элеватор» алқабында аумағы 312 га 1125 жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша және «Қайнар» алқабында 600 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Алдағы уақытта Бас жоспарға түзетулер мен өзгерістер енгізіліп, қаланың дамуына оң серпін беретін жобалар дайындалатын болады. Атап айтсақ, тұрғын үй құрылысы, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қаланың орталық көшелерінің бойында орналасқан 41 тұрғын үйдің қасбетін әрлеу мен 163 ауланы абаттандыру жұмыстары жүруде.

Осыған орай, қаланың сәулеттік келбетін ретке келтіру мақсатында қаланың «Дизайн кодын» бекіту жобасы дайындалуда. «Дизайн код» дегеніміз қаланың бірыңғай сәулеттік стилистикасын және тұрғындардың ыңғайлы өмір сүруін қалыптастыратын ереже болып табылады. Атап айтсақ, ғимараттардың қасбетінің түстерін, абаттандырылатын аумақтардың жобасы, жол жиектері, аялдамалар, кіші сәулеттік формалардың түрлері, сауда павильондары және т.б. мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар 2017 жылы облыстық мәслихатпен бекітілген абаттандыру қағидасына бірқатар өзгерістер енгізілуде.

Ағымдағы жылы бірқатар әлеуметтік нысандар мен гүлзарлар, саябақтар мен аяқжол, субұрқақтар орналасқан арбат құрылыстары жүргізілуде. Атап айтсақ: «Март» сауда үйінің маңы мен Адамбаев көшесі бойынан арбат құрылысы жүруде. Жобада субұрқақ, орындықтар, жарық шамдары, кіші архитектуралық формалар қаралған. Төле би даңғылы бойы (Сыпатай батыр мен Аққозиев көшесінің аралығы) «Арбат» жаяу жүргіншілер жолының үшінші кезең жұмыстары жүргізілуде. Жобалаушылардың идеясы бойынша «Арбат» жаяу жүргіншілер жолы «Көне Тараз» кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстырмақ. Онда жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын ұзындығы 320 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады. Сегіз түрлі ағаштың 160-тан астам көшеті отырғызылып, жарықтандырылу жүргізіліп, орындықтар мен беседкалар орнатылмақ. 18 мың шаршы метрге өрнектастар төселеді деп жоспарланған. Мұндағы жұмысқа барлығы 50 адам тартылған десек, олардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды. Бұл аумақта биіктігі 30 метрді құрайтын «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтеруде.

Сейфуллин көшесі мен Қонаев даңғылы қиылысында көпшілік пайдаланатын демалыс орнының құрылысы аяқталуға жақын. Аумақта орындықтар, жарық шамдары, воркаут зоналары орналасады. Көпқабатты тұрғын үйлердің 163 ауласын абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын ұйымдастыру жұмыстары да жүргізіледі. Қаланың орталық көшелерінің бойында орналасқан 41 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары жүруде. Көпқабатты тұрғын үйлердің бүйір бетіне сурет (мурал) салу жұмыстары жүруде. Алғашқы салынатын 22 үй анықталып, 4 Нұр-Сұлтан қаласының көрнекті жерлерінің суреті салынды. Әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларына орай қабырғаға суреттері салынды. Қала көшелерінің бойын абаттандыру жұмыстары және орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін әрлеу бойынша эскиздік жобалар дайындалып, ағымдағы жылы жұмыстар жүргізіледі. «Анаға тағзым» орталығы бой көтеретін болады. Бүгінгі таңда ЖСҚ дайындалуда. Оқушылар сарайының құрылысы бас-талып кетсе, «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің құрылысы жалғасатын болады. Бұл аумақта туристік нысандар, қорған құрылысы және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Талас өзені бойын абаттандыру, жаяу жүргіншілер көпір құрылысын салу жоспарланып отыр. Қала аумағынан «Жеңіл атлетикалық манеж» кешені, теннистік орталық құрылыстары жобалануда. Жеке инвестиция есебінен «Мұз сарайы» кешені салыну жоспарлануда.

Айтқазы Қарабалаев,
Тараз қаласының әкімі

Comments (0)
Add Comment