Тараз қолөнершілері – Түркістан төрінде

Қолөнер – халықтың жаны, ұлттың ұлы мұрасы. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы өнер түрі халықтың дүниетанымы мен рухани болмысының айнасы іспетті. Сондықтан оған шебердің қолынан шыққан бұйым деп қана емес, ғасырлар қойнауынан сыр шерткен шұрайлы шежіре, тағылымды тарихтың бір парасы деп қарағанымыз жөн.

Осынау ұлттық құндылығымызды заман ағымымен үндестіріп, бүгінгі күнмен қайта қауыштырған қалалардың бірі – Тараз. 2022 жылы екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі жоғарыдағы сөзімізді айғақтайды. Әрине, ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың бұл тізімге енуі – кездейсоқтық емес, заңдылық. Осылайша Тараз бұл мәртебеге ие болған әлемдегі 56-шы, ал еліміздегі алғашқы қала атанған болатын.
Ал өткен жылы қолөнершілер қалаларының қатарында болуға Алматы қаласы лайық деп танылса, күні кеше бұл тізім Түркістан шаһарымен толықты. Соған орай Түркістан төрінде «Turkistan World Craft Fest-2025» атты халықаралық фестиваль өтті. Ұлттық құндылықты ұлықтаған айшықты шараға тараздық қолөнершілер де құрметті қонақ ретінде шақырылып, арнайы делегацияны Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің өзі бастап барды.
Халықаралық фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей мемлекеттерінен 100-ге жуық қолөнерші келсе, еліміздің әр аймағынан 300-ге таман қолөнер шебері қатысты. Солардың сапында әулиеаталық 30-дан астам шебердің жүннен жасалған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Маңызы зор іс-шараның шымылдығы Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығында орналасқан «Қолөнершілер қалашығының» ашылуымен түрілді. Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті айтулы сәтпен құттықтап, алыстан ат арытып келген құрметті қонақтарға алғысын жеткізді.
Биыл Түркістанға «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи шаһар ежелден қолөнер мен сауда орталығы болған. Қазіргі таңда облысымызда 130-дан астам шебер еңбек етуде. Кешенде ұлттық қолөнердің сан түрлі бағыттары тоғысып, өңірімізге келетін туристер үшін жаңа мәдени орталыққа айналады. Қалашық тек сауда-саттық орны ғана емес. Бұл – шеберлердің тәжірибе алмасатын, жаңа туындыларын ұсынатын, жастарды өнерге үйрететін үлкен орталық. Ең бастысы, ол – халқымыздың тарихын, дәстүрін айқындайтын, мәдениетімізді әлемге танытатын бірегей алаң. Туристер үшін жергілікті туындылар әрдайым қызығушылық туғызуда. Бүгінгі қуанышты оқиға Түркістанның туристік әлеуетін көтереді. Қолөнершілер қалашығы Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Осы ретте бұл орталық тек Қазақстанның ғана емес, жалпы түркі елдері қолөнершілерінің ошағына айналатынын атап өткен жөн. Бұл бірегей кешен – ұлттық қолөнерді жаңғырту, туризмді дамыту және шеберлерге қолдау көрсету мақсатында қолға алынған маңызды жоба. Туристік және мәдени бағыттағы орталық 8 негізгі функционалдық бөліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақүй және туристік инфрақұрылымы бар қалашық 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда шеберлер ұлттық нақыштағы бұйымдарын жасап, көпшілікке ұсынып қана қоймай, тәжірибе алмасады. Нысан құрылысы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылған.
Келесі кезекте «World Craft Council» халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев сөз сөйлеп, Түркістан қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгенін растайтын ресми куәлікті табыстады. Атап өтерлігі, Түркістан бұл тізімге қыштан жасалған бұйымдарымен кіріп отыр.
Бұдан кейін Түркістан облысы мен Тараз қаласының әкімдері және өзге де мәртебелі меймандар «Қолөнершілер қалашығындағы» киіз, жүн, тоқыма, қыш, ағаш, былғары өңдеу, кілем тоқу және басқұрлар шеберханаларын аралап, халықаралық және отандық қолөнер шеберлерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар «Шығыс базарында» қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін тамашалап, шеберлердің жұмысын жоғары бағалады.
Орта Азия қолөнер ұйымының президенті, қырғызстандық Эльдар Аттакуровтың айтуынша, Тараз бен Түркістан қалаларының бұл мәртебеге лайық деп танылуы тек Қазақстанның ғана емес, тұтас Түркі елдерінің рухани-мәдени өміріндегі маңызды белес көрінеді.
– Бұл фестиваль – Орталық Азия кеңістігіндегі қолөнер шеберлерінің басын қосатын аса маңызды әрі ауқымды мәдени оқиға және ежелгі дәстүрлер мен заманауи көзқарастың тоғысқан, ұлттық мұраны ұлықтайтын бірегей алаң. Біз осындай бастамалар арқылы шеберлер еңбегін дәріптеп қана қоймай, бауырлас елдердің рухани сабақтастығын тереңдете түсеміз.
Мен былтыр Тараз қаласында өткен қолөнер фестиваліне арнайы қатысып, тараздық шеберлердің еңбегімен жіті танысқан едім. Айта кету керек, Тараз – тек көне тарихымен емес, қолөнер мәдениетінің үзілмей келе жатқан дәстүрімен де ерекшеленетін шаһар. Ондағы шеберлердің жұмысы жоғары, кәсіби деңгейде орындалып, шынайы өнердің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Әсіресе, ұлттық нақыштағы кілемдер мен киіз бұйымдарында терең эстетика мен техникалық шеберліктің үйлесімі көрініс тапқан. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан мектептің лайықты жалғасы.
Бүгінде Орталық Азияда ұлттық қолөнерге деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Шеберлердің жаңа буыны да осы рухани мұраны жаңаша бағытта жалғастыруға дайын екеніне көзім жетті. Мұның барлығы болашағымыз үшін үлкен үміт пен сенім ұялатады. Сондықтан осындай халықаралық деңгейдегі шаралар қолөнерді тек өткеннің мұрасы ретінде емес, бүгінгі өміріміздің бөлшегі, мәдени дипломатияның маңызды құралы ретінде дамытуға мүмкіндік береді, – деп ағынан жарылды Э.Аттакуров.
Тараздағы «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова да мұндай іс-шаралар қолөнершілердің шеберлігін шыңдап, шығармашылық тұрғыдан одан әрі дамуына жол ашады деп санайды.
– Фестивальге сан түрлі елден келген шеберлердің туындыларын тамашалай отырып, әр ұлттың өзіндік болмысы, табиғи дарыны мен өркениетке қосқан үлесі қандай бай екенін көріп, қуанасың. Ал осындай ауқымды шарада Тараздың атынан қатысу – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.
Соңғы жылдары қаламызда қолөнерге деген көзқарас өзгеріп, шеберлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде жастарды баулуға да мүмкіндік туып отыр. Қолөнер атадан балаға мирас болуға тиіс мәңгілік өнер болғандықтан, оны сақтау мен дамыту – баршаға ортақ міндет. Сондықтан осындай фестивальдерде қазақ қолөнерінің тереңдігін, Тараз шеберлерінің кәсіби деңгейін жан-жақты көрсетуіміз қажет, – дейді бірлестік жетекшісі.
Фестиваль әрі қарай «Достық үйінде» өткен «Түркістан қолөнер мұрасы және туризмнің болашағы» атты халықаралық қолөнершілер форумымен жалғасты. Отандық қолөнершілерге шетелдік шеберлермен тәжірибе алмасуға, өнімдерін халықаралық деңгейде насихаттауға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік жасауды мақсат еткен жиында әуелі Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов ізгі тілегін білдірді.
Бұдан кейін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сөз алып, көне шаһардың Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы атануы саланың өрістеуіне тың серпін бергенін айрықша атап өтті.
– Ұлы Жібек жолының бойындағы талайғы тарихтың куәсі Тараз қаласы бұл тізімге өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуетінің арқасында еніп, осындай үлкен құрмет пен мәртебеге лайықты түрде ие болды. Бұл шаһарымыздың халықаралық деңгейде танылуына жол ашты. Мәртебе берілген кезде қалада 70-тен астам қолөнерші жұмыс істеген болса, үш жылдың ішінде олардың саны 250-ден асты. Сонымен қатар қалада «Өшпес мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер шаңырақ», «Альянс Хас шебер» сынды 5 қоғамдық бірлестік белсенді жұмыс атқаруда. Бұған қоса тараздық шеберлер соңғы екі жылда бірқатар халықаралық көрмелер мен фестивальдерге қатысып, ел абыройын асқақтатып келеді. Атап айтқанда, «Қоқан-2023», «Қазан-2023», «Милан-2023», «Париж-2023», «Кучинг-2023», «Бұхара-2024», «Уфа-2024», «Нарын-2024» сынды шараларда өңіріміздің қолөнері лайықты деңгейде таныстырылды. Сонымен қатар 2025 жылдың 27-28 мамыр күндері Жамбыл облысында креативті индустрияны дамыту мақсатында «Қолөнершілер үйі» халықтық өнер және туризм орталығы» креативті хабы ашылды. Шара аясында акселерациялық оқыту курстары мен креаторлар форумы ұйымдастырылып, халықтық өнердің қыш, былғары өңдеу және киізден бұйым жасау секілді үш бағыты бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса беретін жеткізді.
Форум барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, «World Craft Council» халықаралық ұйымының құрметті елшісі Азиз Муртазаев, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы бас консулы Гуркан Левент, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Дәстүрлі қолөнер және инновация саласындағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра кафедрасының бас төрағасы, профессор Ченг Пинг қолөнер саласын дамыту бағытындағы ұтымды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымындағы Қазақстан Республикасының өкілі Нышанкүл Қаратаева, Анкара музыка және бейнелеу өнері университетінің профессоры Рухи Конак, Тәжікстан қолөнер шеберлері одағының президенті Абдукаххор Хамдамов, Қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева, «Turkistan qoloner» қауымдастығының президенті Индира Икапова да маңызды бастамалар көтеріп, орамды ойларын жеткізді.
Үш күнге ұласқан ауқымды фестиваль аясында қолөнер бұйымдарының көрмелері, шеберлік сағаттары, ұлттық киімдер мен бұйымдар жәрмеңкесі, «Fashion» этносән үлгісінің көрсетілімі мен танымал эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламалары да ұйымдастырылды.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ,
Тараз-Түркістан-Тараз

Comments (0)
Add Comment