Тараз қолөнершілер қаласы

Жамбыл облысы әкімдігінің Туризм басқармасы 1-4 қазан аралығында Тараз қаласында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің алаңында «Тараз – Қолөнершілер қаласы» атты халықаралық қолөнершілер көрмесін өткізіп жатыр. 

Таң алакеуімнен кәдесый өнімдерін сату жәрмеңкесі өткізіліп, онда тек облыс, қала тұрғындары мен қонақтары ғана емес, сонымен қатар жақын және алыс шетелдер: Бразилия, Нидерланды, Үндістан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Татарстаннан келген қолөнершілерді де қуантып, өзіндік қайталанбас бұйымдарымен таң қалдырды.
Халықаралық көрмеге барлығы 200-ден астам қолөнершілер қатысуда.
Олардың арасында Алматы қаласынан арнайы келген қолөнер шебері Жеңіскүл Дәулетова да бар.
-Бұл көрме ел мен жердің арасын жалғап, жан жақтан жиналған шеберлердің басын қосты. Мен мұнда өз қолыммен дайындаған қазақы нақыштағы қос етек көйлектерім мен оюлы қамзолдарыиды, сонымен қатар заманауи жастықтар мен қазір сәнге айналған тақталарды алып келдім- дейді шебер.
Төрт күнге созылған іс – шаралар барысында қонақтар концерттік бағдарлама, театрлық қойылымдар, Тараз қаласы бойынша ақпараттық турды тамашалай алады.
Өңірге тән халықтық көркемөнер кәсібі пен қолөнерді жаңғырту, дамыту, қолөнер нарығын өркендету мен отандық туристік кәдесый өнімдерін дамыту мақсатында қолөнершілердің халықаралық көрмесіне «Тараз қаласында Мәдени мұраны қайта түлету және танымал етудің заманауи үрдістері және қолөнер ісін дамытуды ынталандыру» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысады. .
Осыған орай, қолөнершілердің халықаралық көрмесінің алғашқы күндерінде «Тараз- Қолөнершілер қаласы» атты балалар сурет байқауы да орын алды. Іс-шараның үшінші күні жеңімпаздар жарияланып, марапатталады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Comments (0)
Add Comment