«Тараз» маусымды жеңіспен бастады

Қазақстан Премьер лигасының алғашқы ойындары басталғанына көп уақыт болмады. Жоғары лигада бой көрсетіп жүрген командалар құрамға үздік ойыншыларды тартып, дайындығын пысықтағаны анық. Маусым басында талай жылдан бері өңірдің намысын қорғап жүрген «Тараз» футбол клубы алдына үлкен мақсат қойып отыр. Құрама биыл да талантты жас спортшыларға сенім артады. Нәтижесі жаман емес. Тараздықтар футбол маусымындағы алғашқы ойынын сырт алаңда өткізіп, Қызылорданың «Қайсар» командасын жеңді. Екінші ойында Петропавлдың «Қызыл-Жар» командасымен ұпай бөлісті.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Юрий КИМ

Жаңа құрамда тараздықтардың үлесі басым

Жаңа маусымда «Тараздың» намысын қорғайтын 25 футболшының төртеуі легионер, үшеуі басқа аймақтың ойыншылары болса, он сегізі өңір спортшылары. Маусым алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» футбол клубының ойыншыларымен кездесіп, намысын қайрап, жанкүйерлердің сенімін ақтауға шақырған. Ол өз сөзінде клуб директоры Талғат Тұрлыбайұлы басқарған ұжымға, бас бапкер Вардан Минасянға сенім артатынын айтқан. Мұның да өз себебі бар. Бұған дейін тараздық ойыншылар маусым алдында үш рет оқу-жаттығу өткізген. Жолдастық кездесуде босниялық «Младост», молдавиялық «Бэльц» командасын жеңіп, дайындығын пысықтаған-тын. Сонымен жаңа құрамда негізгі қақпашы Мұхамеджан Сейсен болса, қорғаушылар қатарында Елдос Ахметов, Әділет Кеңесбек, Берік Айтбаев, Мақсат Әмірханов, Берік Шайхов және нигериялық Файт Обилор бар. Ал жартылай қорғаушылар құрамында жергілікті футбол мектебінің түлектері Жақып Қожамберді, Әлішер Сүлей, Бауыржан Байтана, Абзал Таубай, Еркебұлан Тойбеков, Дінмұхамед Қараман, Дмитрий Евстигнеев, Ерсұлтан Қалдыбеков, Құрмет Қараман болса, командаға қосылған Марат Шахметов, Алмас Сапарғалиев, португалиялық Альфонс Каджо, сербиялық Ненад Адамович өнер көрсетеді. Шабуыл шебінде тараздық команда Абылайхан Жұмабек пен португалиялық Педру Эужениуға сенім артады. Осылайша клуб жастардың шеберлігін шыңдау жолында батыл қадамға барып отыр. Мұндай ортақ шешімге келуге себепші болған клуб директоры Талғат Тұрлыбайұлы мен бас бапкер Вардан Минасянның үйлесімді жұмысын атап өтпеске болмайды. Бас бапкер биыл құрамға бабы келіскен алты бірдей жасты қосты. Маусым барысында олардың әрқайсысына мүмкіндік беріп, сылбыр ойыншыларды басқа жас өрендермен алмастыратынын айтып отыр.

Бабы келіскен ойыншылар баршылық

«Тараз» бен «Қызыл-Жар» кездесуінің алдында «Жастар» стадионында клуб жетекшісі Талғат Тұрлыбайұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
– Биыл дубльден 2001-2003 жылы туған алты баланы Жоғарғы лигаға қосып отырмыз. Олар жаттығу жиындарын бас құрамда өткізді. Жастардың қазіргі аяқ алысы жақсы. Уақыт өте негізгі құрамдағы футболшылармен алмасуы бек мүмкін. Бұған әр жастың мүмкіндігі бар. 2003 жылы туған Айбек Өксікбаевтан бастап, Ерсұлтан Қалдыбеков, Еркебұлан Тойбеков, Елисей Горшунов, Станислав Щербаков, Абылайхан Жұмабек сынды жастардан үлкен үміт күтеміз, – деген Талғат Тұрлыбайұлы маусымға тастүйін дайын екендерін айтқан еді.

«Тараз» футбол клубының басшылығы бұған дейін команданың әрбір ойында жауынгерлік мінез танытып, жасыл алаңға жеңіс үшін шығатынын айтқан. Шынтуайтында, «жауынгерлік мінезбен» алысқа ұзамайтынымыз рас. Жеңіске жету үшін құрамда өзіне артылған тапсырманы мүлтіксіз орындайтын, техникалық шеберлігі мен физикалық әлеуеті үйлескен ойыншыларға сенім артуға болады. Әрине, бабы келіскен ойыншылар «Тараз» сапында да аз емес. Команда капитаны Мақсат Әмірханов бастаған Мұхамеджан Сейсен, Абзал Таубай, Елдос Ахметов, Әлішер Сүлей және жас шабуылшы Абылайхан Жұмабек сынды футболшылар клубты алға сүйрейтін ойыншылардың қатарында. Легионерлер де осал емес. Маусым барысында жастар өзін жақсы қырынан көрсетсе, бұл да үлкен жеңіс болғалы тұр.

Кездесуде Талғат Тұрлыбайұлы Ресейде бағы жанбаған Еркебұлан Сейдахмет жайында пікір білдірді.

– Еркебұлан өңірдің жас таланттарының бірегейі еді. Әрине, сол кезеңдерде «қазақстандық ойыншылар Ресейде ойнай алмайды» деген пікірлер айтылды. Бірақ бұл сөзді «ЦСКА» сапында жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген Бахтиер Зайнутдинов теріске шығарды. Еркебұланға келетін болсақ, оны алға сүйрейтін бапкерлер болғанда жұлдызы жанатын еді. Меніңше, ол «Тараз» сапында тағы бірнеше жыл ойнап, толық қалыптасуы керек еді. Енді біз құрамға жаңадан келген ойыншыларды тыңғылықты дайындап, шеберлігі шыңдалған соң ғана ірі командаларға ауысуына жолдама береміз. Қос тарап үшін де тиімдісі – осы, – дейді клуб жетекшісі.

Осыдан кейін балалар футболын дамытуды қолға алған УЕФА-ның нұсқаушы бойынша PRO лицензиясы бар білікті маман Игорь Шпанера бес жылға жоспарланған бағдарламамен таныстырды. Басты мақсат – облыс пен еліміздің сан аймағынан келген балалардың әлеуетіне жоғары мән беріп, 16-17 жасқа дейін тыңғылықты дайындап, үлкен спортқа тарту. Бағдарлама бойынша бес жылда жігерлі балалар футболдың қыр-сырын меңгеріп, қорғаныста, қарымта шабуылда ширақ қимылдап, алаңда еркін ойқастайтындай дәрежеге жетеді. Бапкерлер ең әуелі балалардың физикалық дайындығына жоғары мән беріп, «Тараздықтардың» өзіндік стилін қалыптастырамыз дейді. Ендігі кезекте алдымен әр ауданның жаттықтырушыларын жиып, солардың нұсқауымен талапты балаларды дайындыққа тарту міндеті көзделіп отыр.

«Қайсарды» жеңіп, «Қызыл-Жармен» ұпай бөлісті

«Тараз» Премьер лигадағы бірінші кездесуін сырт алаңда Қызылорданың «Қайсар» командасына қарсы өткізіп, 2:3 есебімен басым түсті. Сол ойынға сегіз бірдей жергілікті ойыншы қатысты. Бірінші таймның жартысына дейін алаң иелерінің басымдығы байқалды. Жергілікті команда екі гол соғып, есепте алға шыққан еді. Бірақ кейіннен бәрі өз орнына келді. Бірінші таймның соңына дейін тараздықтар үш гол соғып, көпшілікті таң қалдырды. Екінші таймда қонақтар есептегі басымдықты сақтап қалу үшін тырысып бақты. Бас бапкер Вардан Минасянның командасы әдетте қорғаныстан гөрі шабуылға ұмтылып, допқа көбірек иелік етумен қатар ойынды өз құзырына алуға күш салады. Бірақ бұл жолы бапкердің шешімі басқа болды. Ойын-нан кейін ол: «Кейбір жекелеген сәттерге қарамастан жеңдік. Футболда маңыздысы – қорытынды нәтиже. Біз өз қателіктерімізді білеміз және оны алаңда көрдік. Сол бойынша жұмыс істейміз», – деп баға берген еді.

Тараздық ойыншылар петропавлдық «Қызыл-Жар» командасына қарсы ойында басым көрінгенімен, жергілікті жанкүйерлерді қуанта алмады. Бірінші таймның алғашқы он минутында қонақтар допқа көбірек иелік етті. Бірақ ойын соңына дейін сол қарқынды ұстап тұра алмады. Тиісінше тараздық Марат Шахметов пен Бауыржан Байтананың, Педру Эужениудың пасынан кейін Ненад Адамовичтің есеп ашатын мүмкіндігі болған, бірақ ойыншылар қонақтар қақпасының кілтін таба алмады. Бірінші таймда «Қызыл-Жар» ойыншыларының алыстан бағыттаған соққылары жойқын болды. Қақпашы Мұхамеджан Сейсен мен қорғаушылар сауатты қорғана білді. Екінші таймда да ойын қос тараптың шабуылымен басталды. Ширақ қимылымен көзге түскен Бауыржан Байтана гол соғатын бірнеше мүмкіндікке ие болды. Бірақ бірі қақпа маңдайшасынан биік кетсе, тоғыздыққа бағыттаған екінші соққысын қорғаушы қайтарып үлгерді.

«Тараз» футбол командасы жаңа маусымды жақсы бастады деп айтуға болады. Құрамда осы күнге дейін нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп жүрген саңлақтар, жігерлі жастар бар. Бапкерлер барлық ойында жеңіске жетуге тырысып бағамыз деп отыр. Ендігі мақсат – маусымның соңғы ойындарына дейін жеңісті жолды жалғастырып, үздік командалармен деңгейлес ойнау. Биылғы маусымда тараздық команда жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуантады деген сенімдеміз.

Comments (0)
Add Comment